1986 жылдың желтоқсан айы. Қыстың қақаған суығына, сарышұнақ аязына қарамастан, жүректерінде еліне, жеріне деген ыстық махаббаттың оты лаулаған жастар Алматының алаңына шыққан еді. Бұл тұғырлы Тәуелсіздік жолында жасаған қазақ жастарының өшпес ерлігі болатын. Осылайша еліміздің тыныштығы, жеріміздің амандығы үшін қаншама жандар жанын қиды, бастарын бәйгеге тікті. Ләззат пен Қайрат, Ербол мен Сабира сынды қаһарман аға-апаларымыздың көрсеткен елжандылық, отансүйгіштік қасиеттері – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Арада санаулы жылдар өтіп еліміз егемендігін алды. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, тәуелсіздігімізді жариялап, дербес мемлекет ретінде ел іргесін қаладық. Бүгінде еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр уақыт толып отыр. Осы жылдар ішінде талай белестерді бағындырдық. Тәуелсіздіктің 25 жылдық биігіне көтеріліп отырған Қазақстанның әлем алдындағы беделі мен асқақ абыройы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екені сөзсіз. Президенттің сан алуан дін өкілдерінің басын Астанада бірнеше рет тоғыстыруы, Қазақстанды ядролық қарусыз елге айналдыруы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Сарыарқа төсінен айбарлы қала – Астананы тұрғызуы сияқты істер іргесі берік, ынтымағы мықты, саяси тұрақтылығы жоғары, экономикалық жағдайы жақсы елдердің ғана қолынан келетін шаруалар екені анық.
Халқымызға осындай өлшеусіз нығмет сыйлаған Тәуелсіздік алған жылы өмірге келгеніме қуанамын. Ата-анам да егемендіктің елең-алаңында орын алған қуаныштың ел Тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорыған екен. Сондықтан болар, мені еліміздің ертеңіне қалтқысыз қызмет ететіндей азамат болуға үнемі қанаттандырып отырады. Мектептегі ұстаздарымның, туыстарымның, аға-әпкелерімнің де маған үлкен сеніммен қарап, болашағымнан зор үміт күтетініне ризамын. Сондықтан да жауапкершілікті жіті сезініп, қай салада болсын жетістікке жетуге тырысамын.
Жоғары оқу орнын бітірісімен мемлекеттік “Жастар тәжірибесі” жобасы арқылы Жамбыл аудандық жастар бастамалары орталығына жұмысқа орналастым. Ауыл өрендерінің жан-жақты дамуына қолайлы жағдайлар жасап отырған орталықтың ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Санаулы жылдардың ішінде ауданымыздағы білім, өнер, кәсіпкерлік, дін сынды өмірдің сан саласында жүрген өрендердің ойларымен, іргелі әрекеттерімен санаса отырып, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың да мұң-мұқтаждықтарын ескеріп, қорытынды шығарып, бірлесе жұмыс жүргізуді қызметіміздің басты бағыттарына айналдыра білдік.
Еліміздің келешегі – біз сияқты жастардың қолында, сондықтан Қазақстанның қарқынды дамып, оның әлеуетті мүмкіндігін арттыру үшін әрбір өрен бүгіннен бастап жарқын болашаққа ұмтылуы тиіс.
Асылгүл МЕЙРАШҚЫЗЫ,
аудандық жастар бастамалары орталығының
кеңесшісі.
Жамбыл ауданы.