
“Лера-Норд” ЖШС – май шайқап, спред жасаумен айналысып келген шағын кәсіпорын.
– Сүт және сүт өнімдерін өндірумен өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері айналысып келемін. Ауданымызда сүт зауытының дүрілдеп тұрған кезі де болды. Заман ағымымен кәсіпорындар құлдырап қалған кезде оны қайта қалпына келтіру үшін күрестік. Бірақ нарық қыспағына төтеп беру оңайға соқпады. Сала мен үшін таңсық болмағандықтан, қайта айналып, қазығымды тауып, табысқа қол жеткізіп отырмын, – дейді тайыншалық кәсіпкер, “Лера-Норд” ЖШС-нің директоры Валерий Самойленко.
Саланың білікті маманы сүт өнімдерінің басқа да түрлерін өндіруді мақсат еткенмен, оған қажетті құрал-жабдықтардың жоқтығынан ойын жүзеге асыра алмай келген. “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” АҚ-ның өңірлік мекемесінің қызметкерлері білікті кәсіпкердің бизнесін дамыту үшін агросекторға тиімді бағдарламалардың тетіктерін түсіндіріп, Валерий Самойленконы жігерлендіре түседі. Мақсаты айқын кәсіпкер бір аптаның ішінде бизнес-жоспарын жасап, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 5,8 миллион теңге қарызға өтініш білдіріп, қажетті құрал-жабдықтарын іздестіруге көшеді. Сәтті басталған істің арты қайырлы болып, банктен алған несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесі “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 7 пайызға төмендеп, қарызы жеңілдейді. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығын қолдауға арналған “Агро-бизнес” бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан үлкен көмек алудың тағы бір жолы бар екенін естіп, қуанып қалған. Бірақ бұл көмекті пайдалану үміті көп ұзамай сағымға айналады.
– Мемлекет есебінен несиеге алған қарыздың 30 пайызын жабу үшін белгіленген тәртіп пен ереже бар екені белгілі. Ауыл шаруашылығы шикізатын сақтаушылар мен өндірушілер бұл демеуқаржының игілігін көріп жатқанын естіп жүрміз. Бірақ сол ережеде тайға таңба басқандай етіп жазылған кейбір тармақтар кейбіреулерге тиімді бағдарламаны қолжетімсіз етіп қойған. Онда ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар сататын бірнеше фирманың атауы тізіліп, солардан тауар алғанда ғана кәсіпкерлер мемлекеттің демеуқаржысынан дәмелі бола алады. Бұл бағдарлама белгіленген зауыттардың мүддесі үшін жасалғандай. Менің кәсібім сәйкес келгенімен, өндіріске сатып алған құрал-жабдықтарым ондағы ереженің талаптарына сай келмейді. Енді, міне, мемлекеттің кәсіпкерге ыңғайлы етіп жасаған бағдарламасын кәдеге жарата алмай отырмыз. Мұндай көмек кәсіпорын үшін аса қажет еді, – дейді Валерий Самойленко.
Кәсіпкер цехтың өнімділігін арттырып, тауарлардың сатылу аумағын кеңейтейін десе, өнімдерді таситын көліктің тапшылығы, айналымға жіберетін қаржының жетіспеушілігі қолбайлау жасап отырғанын сөз етті. Ал мемлекеттік тапсырыс үшін тендерге қатысуға өтініш білдірейін десе, ондағы ұсыныстар ұзақ сақталатын сүт және сүт өнімдеріне арналған, дейді. Ал аталмыш кәсіпорынның басты мақсаты тұтынушыларды табиғи өнімдермен қамтамасыз ету болғандықтан, ол өзінің сақталу мерзімі аз тауарларымен тендердің талаптарын тағы орындай алмайды.
Білікті маман кәсіпорынның ісі өрге басса, саланы оңалту үшін бірқатар міндеттерді қолға алу қажеттігін де атап көрсетті. Әсіресе, жұрттан жиналатын сүттің сапасын жақсарту үшін көп жұмыс істеу қажет.
– Жұрттан сүтті қабылдауда ортақ стандарт жоқ. Мәселен, қатты ірімшік жасау үшін сүттің құрамы өте жақсы болуы керек. Ол малдың жейтін азығына байланысты. Ал біздің тұрғындар малдарын қолдарына түскен жемазықпен қоректендіретіндіктен, сүттің сапасы төмен. Сондай-ақ, сауылған сүт жылыдай тоңазытқышқа қойылса, құнары жақсы сақталатыны ескерілмейді. Кейбір сүт өткізушілер бүліне бастаған сүтке ас содасын, тауардың мөлшерін арттыру үшін су қосудан тартынбайды. Ондай кезде біздің еңбегіміз зая кетеді. Бұл мәселенің шешімді жолы – сатып алынатын шикізаттың бағасын көтеріп, тұрғындарға қойылатын талапты күшейту, – дейді ол.
Өзінің айтуына қарағанда, Валерий Самойленконың әу бастағы ойы жерлестерін жаңа сауылған, құрамы өзгермеген табиғи азықпен қамтамасыз ету болатын. Алайда, бұл ойы әлі орындала қойған жоқ. Шындығында, таңертең сауылған сүт өңделіп, түске дейін аудандағы сауда орындарына қолжетімді бағамен жеткізілсе, қандай жақсы! Олардың бүгінде нарыққа шығарып отырған бір литр сүтінің бағасы – 120 теңге. Дәмі тұтынушыларға ұнайды. Ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, өнімдерінің құрамын Мәскеу, Санкт-Петербург, Павлодар қалаларындағы білікті технологтарға жиі тексертіп отырады.
Кәсіпорында 15 адам еңбек етеді. Шағын өндіріс орны тәулігіне 1 тонна өнім шығаруға шамасы жетсе де, әзірге өнімділік 200 килограмнан аспай отыр. Ол, әрине, қаржы тапшылығынан шешімін таппай отырған мәселелерге байланысты.
– Азық-түлік тауарларын өндірушілердің ең басты ұстанымы ұлт саулығы болуы керек. Біз тұтынушыны табиғи өніммен қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Оған біздің мүмкіншілігіміз бар. Тауар өндірушілердің өнім сапасы әлемдік сандарттарға сай болып жасалатын мезгіл жетті. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіріп отырған кезде сапалы өнім шығара алмасақ, ол кәсібін нәсіп етіп отырған бізге сын. Біз бәсекеге қабілетті болуымыз керек. Ал кәсіпкерлерге еңсесін тіктеу үшін мемлекеттен көмек қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы келіссөз жүргізген кезде ауыл шаруашылығын қолдау мәселесінде демеуқаржыландырудың төмендетілмеуін қорғап қалды. Бұл, әрине, Елбасының көрегендігі, – дейді Валерий Самойленко.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.