«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ — АЙҚЫН, МЕЖЕ — БИІК

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың ғимаратында “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының активі өтіп, оның жұмысына Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, облыстық филиалдың төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақалов, саяси кеңес мүшелері, мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың басшылары, партия белсенділері қатысты.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы активінің жиналысында филиал төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

– Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мен жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз ету Мемлекет басшысы, “Нұр Отан” партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарынан тыс қалып көрген емес. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы дәлел бола алады. Елбасы атап көрсеткендей, еліміздің жетістігі қарапайым адамдардың өмірінде көрініс табатындай жағдайға қол жеткізуіміз қажет. Өйткені, осы ой “Нұр Отан” партиясының “Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық” атты сайлауалды бағдарламасына негізгі өзек етіп алынған болатын. Өз кезегінде, еліміздегі жетекші саяси партияның сайлауалды бағдарламасы барлық қолданыстағы мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларға арқау болды. Ал партияның өзіне олардың тиімді жүзеге асырылуына бақылау жасау міндеті жүктелген. Қызылжар өңірінде соған орай тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын қалай орындау керектігін және ол өңірдің әрбір тұрғынына қалай әсер ететіндігін жақсы білеміз, – деген Құмар Іргебайұлы бұл бағытта облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Елбасы Жолдауында көрсетілген басымдықтардың мәні мен маңызын әрбір қазақстандыққа түсіндіру – “Нұр Отан” партиясының негізгі міндеті. Бұл туралы “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев актив жиналысында мәлімдеді. Жолдауда көрсетілген барлық басымдық миллиондаған қазақстандықтардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыратыны сөзсіз. Ал бұл – әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылуды көздейтін Қазақстан үшін басты талаптардың бірі. Осы мәселеге ерекше назар аударған Мәулен Сағатханұлы Елбасы Жолдауы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тарихи құжат екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, астаналық мейман Жолдаудағы міндеттерді іске асыруға әрбір нұротандықтың атсалысуы тиіс екеніне назар аударды.

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға арналғанын өздеріңіз білесіздер. Бұл бағытта еліміздің астықты өлкесі болып саналатын Қызылжар өңірінде де тындырымды істер атқарылуда. Әсіресе, соңғы жылдары облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың басшылығымен ол жаңа серпін алып отыр. Оған бүгінгі сапарымыз барысында айқын көз жеткіздік. Партия белсенділерінің мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған негізгі идеялар мен ұсыныстарды халыққа жеткізу, Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалу барысына қоғамдық бақылау жүргізуді біз қолға алуымыз керек, онда ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы сол мәселелерді шешу үшін нақты шараларды ұсынып отыр. Атап айтқанда, қоғамымызда соңғы кезде көп талқыға негіз болған халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын ары қарай көтеру, сонымен қатар баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы қордаланған мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу және жолдарды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік сияқты мәселелер көтерілді. Аталмыш мәселелерді шешу үшін Елбасы нақты ұсыныстарды енгізіп отыр. Мемлекет басшысының ұсыныстары жүйелі сипатқа ие деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көбейту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейін көтеруге оң әсерін тигізетін шара екені түсінікті. Сонымен бірге денсаулық сақтау, білім беру салаларына бөлінетін қаражат көбейетін болады, – деді “Нұр Отан” партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Президенттің Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың негізгі басымдықтарын айқындап бергенін атап өтті. “Осы басымдықтарды жүзеге асыру – Қазақстанда өмір сүру деңгейі жағынан әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуға жұмыс істейтін болады. Сондықтан барлық саяси және қоғамдық күштер, үкіметтік емес ұйымдар Елбасының ұсыныстарын халыққа түсіндіруге күштерін біріктіруі керек. Сондықтан нақты істерді жүзеге асыруымыз қажет”, – деді Мәулен Сағатханұлы.

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы активінің жиналысында қазақ мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Айгүл Есенғалиева, “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастауыш партия ұйымының төрағасы Максим Большедворов, “Жас Отан” жастар қанатының белсендісі Жанна Бейсенова сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру бағытында өз ұжымдарында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, барлық партия мүшелерін бұл іске белсене қатысуға шақырды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp