«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы, елімізді дамытып, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы.

Бүгінде қазақстандықтардың алдына дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылу міндеті қойылып отырғаны баршаға аян. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар”, – деген болатын. Демек, білім жүйесінің алдында болашақ еліміздің тізгінін ұстайтын көзі ашық, көкірегі ояу адам тәрбиелеу талабы тұр.

Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту үшін аталмыш саланы реформалау басталды және оны жүргізуге жан-жақты қолдау көрсетілуде. 2020 жылға қарай еліміздегі 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Уәлиханов ауданында 1-6 жастағы 430 баланы қамтитын 2 балабақша бар. Ал 3-6 жастағы 545 бала 22 шағын орталыққа барады.

Соңғы бес жыл ішінде саладағы жағдай анағұрлым жақсарғанын айтуға тиіспіз. Аудан бюджетінің басым бөлігі осы салаға бағытталуының өзі көп нәрсені аңғартады. Мәселен, ауданның білім саласына үстіміздегі жылы 180853,0 мың теңге бөлініп, бірінші жартыжылдыққа бюджеттен қарас­тырылған қар­­жы толық игерілді. Еліміз үшін ма­ңызды салаға өңір басшысы үнемі назар аударып келеді. Соның арқасында аудандағы мектептердің материалдық-тех­никалық база­сы анағұрлым жақ­сарды. Бі­лім мекемелерінде парталар мен тақ­та­­­­­лар жаңартылып, сыныптар ин­терактивті тақталар мен лингафон-мультимедиалық жаб­дықтарымен қамтамасыз етілді. Химия, биология, физика кабинеттері және компьютер сыныптары заман талаптарына сай жарақтандырылды.

“Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын” орындауда және мемлекеттік білім беру стандартын басшылыққа алып, оның талаптарын іске асыруда нәтижелі істер атқарылуда. Атап айтар болсақ, инженерлік білім беру және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандардың білімін жетілдіру қолға алынуда.

Қазіргі күні жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу қажет. Болашақта мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі тиіс. Оқыту нәтижесінде оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игерулеріне қол жеткізу қажет. Ол үшін алдымен педагогтер білімді болуы тиіс. Сондықтан педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі біздің тұрақты назарымызда екенін айтып өткім келеді.

Кембридж университетінің тәжірибесін үйрету арқылы педагог кадрлардың өз кәсіби шеберліктерін ұштауға баса мән берілуде. Осы мақсатта облыстық білім басқар­масы, Алматы қала­сындағы ғылыми-педагогикалық қыз­мет­керлердің біліктілігін арттыратын республикалық институт, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлт­тық орталығы” АҚ-ның филиалы, Назарбаев Зият­керлік мектептері дербес білім беру ұйымдарының педагогтер шеберліктерін арттыру орта­лығы филиалымен тығыз қа­рым-қатынаста жұмыс істейміз.

Мектептің тірегі – мұғалім. Аудандағы педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға ұдайы кө­ңіл бөлінеді. Ауданымыздағы алты жүзге тарта мұғалімнің 474-і – жоғары білімді. Сондай-ақ, педагогтердің жартысына жуығы жоғары және бірінші санатты мұғалімдер. “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы” дегендей, шәкірт­теріміздің де білім деңгейі мен сапасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Оны Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен аңғаруға болады. Биылғы өткізілген ҰБТ нәтижесіне келсек, түлектеріміздің орташа көрсеткіші 86,7 балл болып, облыс аудандары арасында бірінші орынды еншіледік. Сегіз оқушы “Алтын белгі” иегері атанса, төртеуі үздік аттестатқа қол жеткізді. Аудан бойынша ең жоғары көрсеткіш 121 балл болса, тағы 36 түлек жүзден астам балл жинады.

2016-2017 оқу жылынан енгізілгелі отырған жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы аясында 31 бастауыш сынып мұғалімі курстан өтті. Бүгінгі күні қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, музыка, еңбек, дене шынықтыру мұғалімдері де курстан өтуде. Үштілділікті енгізу жоспары бойынша химия, биология, информатика, физика пәндерінің мұғалімдерін де даярлық курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз. Білім бөлімінде жас мамандарға да ерекше назар аударылады. Аудандағы елді мекендерге өткен оқу жылында 50 жас маман келіп, еңбек жолын бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 14 желтоқсанда жария еткен “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз”, – деген болатын. Осындай оң өзгерісті біздің ауданның өмірінен де айқын аңғаруға болады. Оған дәлел ретінде бірнеше оқушымыздың жетістіктерін айта кетейін. Мәселен, облыстық Абай оқуларынан І орын алған Кішкенекөл №1 орта мектебінің оқушысы Дина Диярат аталмыш байқаудың Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында өткен республикалық кезеңінде “Үздік орындаушы” аталымына ие болды. Жамбыл орта мектебінің оқушысы Айдана Алданғорова Өскемен қаласында өткен Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысып “Үздік жазушы” атанды. Чехов орта мектебінің 9-сынып оқушысы Виктория Вьюшкина “КАТЕV” халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық “Жарқын болашақ” қазақ тілі олимпиадасында І орынды жеңіп алды. Тағы басқа да оқушыларымыз барлық деңгейдегі мемлекеттік тілге қатысты сайыстарда топ жарып, аудан мәртебесін көтеруде.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және дамыту, оны өзге ұлт өкілдеріне насихаттау, үйрету – қазақ тілі мамандарының еншісінде. Әр оқу жылында аудан мектептерінің қазақ тілінен үздік көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізуі оқушы мен ұстаз арасындағы үйлесімділіктің, тығыз байланыстың арқасында деп білемін.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясының басым бағыттарының бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу арқылы елімізді кедергісіз аймаққа айналдыру. Өткен оқу жылында аудан бойынша 112 мүмкіндігі шектеулі және 53 мүгедек бала анықталған болатын. Олардың 19-ы денсаулықтарына байланысты арнайы жеңілдетілген бағдарлама бойынша үйде білім алды. Аталмыш топтағы балаларды оқытуға барлық мектептерде мұғалімдер тағайындалған. Мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс атқарады. Онда бүгінгі күні 40 бала оқып, түрлі емдік-сауықтыру шаралары бойынша көмек алады. Бұл мекемеде психологтер, әлеуметтік ұстаз, дене тәрбиесі маманы, логопед, дефектолог сияқты мамандар қызмет көрсетеді.

2015 жылдың қазан айынан бастап №1, №2 Кішкенекөл және Әуезов орта мектептерінде лого-пункттер ашылып жұмыс істей бастады. Оларда логопед мамандары мектептегі мүмкіндігі шектеулі балалармен кестеге сәйкес жұмыс жүргізеді. Бүгінгі күні мамандардың көмегіне 45-50 бала жүгінуде.

Білім сапасын ұдайы арттыру, мұғалімдердің кәсіби шебер­лігін жетілдіру, шәкірттерді инно­вациялық негізде тереңдете оқыту, еліміздің ертеңгі тұтқасы болатын білімді әрі жан-жақты жастарды мектеп қабырғасынан баулу – біздің қасиетті әрі абыройлы борышымыз. Жолдау қағидалары білім саласы қызметкерлерін қанаттандырады, жаңа биіктерге жетелейді. Біздің ұстаздар осы игілікті жолда талмай еңбектене береді.

Айтқазы ӘУБӘКІРОВ,

Уәлиханов аудандық

білім бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp