«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР

Тәуелсіздік! Қазақстан халқының жаңа тағдырын айқындаған осы бір жалғыз ауыз сөз ұлан-байтақ қазақ даласын жаңартудың символына айналды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев ұсынған “Мәңгілік ел” ұлттық идеясы Тәуелсіздік, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім сияқты басты құндылықтарымызға негізделген. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде нақ осы құндылықтар Қазақстанның алға қарышты да сенімді дамуын қамтамасыз етті.

Бүгін, қайда қарасаңыз да, ойлануға және есте сақтауға, таңдануға және қуануға болатын жағдайлар бар. 1997 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мәскеу және Ленин аудандары қосылып, Есіл ауданы деп аталды. Бұл аумақтық бірліктердің тұтастығын сақтау және олардың жүйелі даму мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатындағы маңызды стратегиялық қадам болды.

Тарих үшін 30 жыл – бұл жай ғана сәт, бірақ біз үшін бұл ауданға туған елінің басқа өңірлері арасында лайықты орын алуға мүмкіндік берген қалыптасу мен өсу кезеңі болды.  Мемлекеттің жан-жақты қолдауының арқасында біздің өлке инфрақұрылымы дамыған заманауи ауданға айналды. Бірнеше шақырым жолдар, су құбырлары төселіп, жөнделді, өндіріс нысандары іске қосылды, дүкендер желісі мен халыққа қызмет көрсету орындары  кеңейтілуде.

Өңір экономикасының тұрақты өсуінің негізгі бағыттарының бірі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Мемлекет бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарына жан-жақты қуатты қолдау көрсетуде. Егер 2019 жылы 1,9 млрд. теңге субсидия бөлінсе, 2020 жылы субсидиялар мөлшері 3,2 млрд. теңгеге жетті, бұл алдындағы жылға қарағанда 1,3 млрд. теңгеге артық. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 275,1 мың гектарды құрады, дәнді дақылдар 192,3 мың гектар алқапқа, майлы дақылдар 68,2 мың гектар алқапқа себілді, бұл 2020 жылға қарағанда 7,2 мың гектарға артық. Жем-шөп дақылдарының алқабы 13 мың гектар, картоп пен көкөніс — 1388 гектар. 168,1 мың гектар алқапқа 17 473 тоннаминералды тыңайтқыштар енгізілді.

Шығынды болдырмау үшін аграршылар көктемгі егісті, күзгі орақты қысқа мерзімде өткізулері керек. Ол үшін өнімділігі жоғары егіс кешендері мен комбайндар қажет. Міне, осы мақсатта  ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, өткен жылы ғана қолда бар техниканың 3,6 пайызы жаңартылды. Біз бұл өсу динамикасын одан әрі сақтаймыз. Ауданда өсімдік шаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға бағытталған инвестициялық жобалар  іске асырылуда. Соның бірі Совет ауылында «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС қуаттылығы жылына 60 мың тонна тұқым шығаратын, яғни ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 750 млн. теңге. Аталмыш нысан іске қосылғаннан кейін 15 жұмыс орны ашылады.

Ауданда мал шаруашылығы саласы да қарқынды дамуда.  Жыл басынан бері 30,5 мың тонна сүт, 5,1 мың тонна ет; 16,6 млн. дана тауық жұмыртқасы өндірілді. Сүтті мал өсірумен және сүт өндірумен 5 ЖШС айналысады. Олар – “Заградовское”, “Ильинское”, “Ебжанов және К”, “Есіл-Петровка” және “Красный Сибиряк” кәсіпорындары.

Бүгінде “Заградовское” ЖШС сүт кешенінде симменталь тұқымды 400 асылтұқымды ірі қара мал бар. Үстіміздегі жылдың басынан бастап шаруашылық 1345 тонна сүт өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 есе артық.

Бүгінгі таңда ауданның ауылшаруашылығы алқаптарында 248 агроқұрылым жұмыс істейді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары құрылған “Ильинское”, “Заградовское”, “Прометей-Агро”, “Агрохимснаб”, “Пушкинское”, “Московский” ЖШС және басқалары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Есіл ауданының жайылымдары мен шабындық алқаптары тыңайтқыштарды үнемі қолдану және көпжылдық шөптерді себу есебінен өндірілген өнімнің жоғары сапасымен ерекшеленеді. Бұл ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттарының бірі болып табылатын мал шаруашылығын жедел дамытуға септігін тигізуде.  Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарында 132 мал шаруашылығы фермасы жұмыс істейді, оның ішінде 12 шаруашылық асылтұқымды ірі қара және 3 шаруашылық асылтұқымды қой өсірумен айналысады.

Үстіміздегі жылдың өзінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында ауданда жаңа кәсіпорындарды іске қосу есебінен 30 жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларының бірі 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып, 2025 жылға дейін ұзартылған “Бизнестің жол картасы — 2025” мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. Осы жылдар ішінде жалпы сомасы 2,6 млрд. теңге тұратын 72 жоба іске қосылды. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында: “Бизнестің жол картасы” бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекеттік қолдауға ие болғанын және бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және сақтауға көмектескенін” ,- атап өтті. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасын жүзеге асыру аясында ағымдағы жылы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ арқылы 16 жоба мақұлданды. “Қарапайым заттар экономикасы” жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша 2021 жылғы қаңтар-маусымда жалпы сомасы 267 млн. теңгеге 2 жоба қолдау тапты.

Президент атап өткендей, кәсіпкерлікті қолдау, нарықтық табыстың негізгі компоненттері бар бизнеске ерекше назар аудару қажет. Егер 2020 жылы аудан экономикасына 8,1 млрд. теңге инвестиция бағытталса, 2021 жылдың 9 айында біз 7,9 млрд.теңгеден астам инвестиция тарттық.

Ауданда “Әулие Голд Майнинг” ЖШС – Бұлақ ауылының “Әулие” учаскесінде шашыраңқы алтын өндіруге маманданған кәсіпорын өз жұмысын табысты жалғастыруда.

Шағын және орта бизнес аудан экономикасын дамытуда негізгі орынға ие болды деп нық сеніммен айтуға болады, өйткені ол халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешуге, нарықты азық-түлікпен және қызметтермен толтыруға ықпал етеді, бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Жақын арада жаңа кәсіпорындардың үздіксіз көбеюін қамтамасыз ететін, өз кезегінде ондаған мың жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін осындай кәсіпкерлік орта құрылатынына сенгім келеді.

Есіл ауданының басты байлығы оның адамдары десек қателеспейміз. Аудан ауылшаруашылығы құрылымдары мен фермерлердің, құрылысшылар мен кәсіпкерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мәдениет қызметкерлерінің, қаржыгерлер мен заңгерлердің, депутаттар мен басшылардың арқасында ауданның барлық әлеуметтік саласы дамып, көркейіп келеді.

Ауданда саламатты өмір салты қағидаларын орнықтыру, тұрғындарыды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту үшін пәрменді шаралар қабылдануда. Бұл бағытта ауданда БЖСМ, ауылдық округтерде мектеп оқушыларының, олардың ата-аналарының, жастар мен ересек тұрғындардың қатысуымен спорттық іс-шараларды ұйымдастырушы нұсқаушы-әдіскерлер жұмыс істейді. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы екі жылдың ішінде ғана 13 нысан салынды, атап айтар болсақ, жалпы сомасы 62,5 млн. теңгеге Покровка, Николаевка, Явленка, Петровка ауылдарында жасанды жабыны бар шағын футбол алаңдары, тартан жабыны бар баскетбол алаңдары, көше тренажерлық кешендері мен стрит-варкауттар пайдалануға берілді.

Адамның өз жеріне деген сүйіспеншілігі тек жасаған еңбегі мен туған жеріне үйренісіп қалуында ғана емес, сонымен қатар халықтық әдет-ғұрыптарда, шығармашылық пен мәдениетте де көрініс береді. Көпэтносты Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту сынды құндылықтары мемлекеттік саясаттың негізгі қаруының бірі болып табылады.

Мерекелі  2021 жылда  жарқын оқиғаларымен, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерімен есте қалады. Есіл ауданы да өңіріміздің басқа аймақтары секілді елмен бірге қарыштап дамып келеді. Тұрғындардың әл-ауқатының бір көрсеткіші жалақының өсуі байқалады. Статистикалық деректер бойынша үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында аудан бойынша орташа айлық жалақы – 155,8 мың теңгені құрады, 2020 жылдың сәйкес  кезеңімен салыстырғанда өсім 106,7 пайыз (2020 жылдың 1 жартыжылдығы – 146,1 мың теңге). Үстіміздегі жылы бюджеттің жалпы көлемінің 87,7 пайызы немесе 5,7 млрд. теңге  әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт салаларын және басқа да секторларды дамытуға бағытталды.

Қазіргі уақытта аудандағы 53 елді мекеннің 29-ында  орталықтандырылған су құбыры бар.  Аудан халқының   86 пайызы орталық су желісін  пайдаланады.  2020 жылы Есіл ауданының елді мекендерінің сумен жабдықтау жүйелеріне санация әдісімен ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бүгінгі күні Ильинка ауылының су құбыры желілері  жөнделуде. Осы мақсатқа 24,5 млн. теңге жұмсалмақ. Заградовка ауылына су тазарту станциясын сатып алу және монтаждау үшін 13 млн. теңге  бөлінді. Қазіргі таңда Преснов топтық су құбырын қайта құру аясында Оседлое, Сарман, Тауағаш, Спасовка елді мекендеріне су беру нысандары іске қосылды, сонымен қатар Сарман, Тауағаш, Спасовка ауылдарында ауылішілік су тарату желілері жұмыс істей бастады.

Бүгінгі күні көшелерді жарықтандыру жұмыстары 13 елді мекенде жүргізілуде. Аудан бойынша жалпы сомасы 41,2 млн. теңгеге барлығы 418 шам орнату жоспарланған.

Ауданда білім беру саласына жұмсалатын шығындар жыл сайын артып келеді, 2019 жылдан бастап білім беру бюджеті 785 млн. теңгеге немесе 25 пайызға өсті. Биыл білім саласына 4,6 млрд. теңге бөлінді. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру саласындағы педагогтардың жалақысы 25 пайызға артты.

Есіл ауданына оңтүстік өңірлер мен шетелдерден қоныс аударған қандастарымыз да көшіп келуде. Қытай, Ираннан ағайындарды орналастырып, жұмыс берілді. Кәсіп ашамын дегендерге де барынша қолдау көрсетілуде. 

Біздің басты мақсатымыз – басымдықтарды дұрыс белгілеп,  барлық салалардың серпінді жұмыс істеуіне қол жеткізе отырып, «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді стратегиясында, Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты ел халқына жолдаған Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау жөніндегі жұмыстарды қарқынды жалғастыру. Біз бұл мақсатымызға жетеміз.

Медет ОСПАНОВ,

Есіл ауданының әкімі.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp