«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мақсат — елдің сот төрелігіне деген сенімін нығайту

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты бағдарламалық мақаласында 2016 жылдың 1 қаңтарынан Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын атап көрсеткен болатын. “Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бізге тарихымызда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдау маңызды”, – деді Елбасы.

Ұлт жоспарының 19-қадамында заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін судьялардың есеп беру тәртібін күшейту, олардың жаңа Әдеп кодексін жасау керектігі айтылған. Соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алады. Бұдан халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін дамыған, ең тұрақты қоғам құру қажеттілігі туындайды. Біздің мақсатымыз да дәл сондай қоғам құру болып табылады.

Қазақстан Республикасы судьяларының алғашқы съезі 1996 жылғы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өтті. Біздің еліміздің қолданыстағы “Судья әдебінің кодексі” 2009 жылы 18 қарашада өткен бесінші cъезде қабылданған болатын. Қазақстан судьяларының алтыншы cъезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақта билік айту оңай, біліп айту қиын деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусағыңдай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді”, – деген болатын.

Судьялардың кезекті жетінші cъезі үстіміздегі жылдың қазан айында өтеді. Алдағы судьялар съезінің негізгі мақсаттарының бірі елдің сот төрелігіне деген сенімін арттыруды, оны құрметтеуді, сот билігін нығайтуды, жаңа Судья әдебі кодексін қабылдауды көздейді. Кез келген мемлекетте судьялардың әдептілік ережелерінің негізгі принциптері олардың сот билігін жүзеге асыруда әділеттілікке, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен басқа да қасиеттерін қадірлеуге, өзінің іскерлік беделін қорғауға бағытталған. Ол үшін судьяның әдептілік стандарттар талаптарына сәйкес адами қасиеті, даналығы жоғары болуы шарт. Дауды әділ шешіп, қара қылды қақ жарған судья ғана сот билігін жүзеге асыруға лайықты.

Қорыта айтқанда, әрбір судья істі қарағанда ешкімге тәуелсіз, жалпы адамзат құндылықтары – бостандық, шындық, әділеттілікті басшылыққа ала отырып, тек заң негізінде шешім, үкім шығарып, мемлекеттің саяси бағыттарының бірі халықтың сот билігіне деген сенімін арттыруға ықпал жасауы қажет.

Қалжан ЕРМАҒАНБЕТОВА,

Петропавл қаласы

№2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp