
Түзеу мекемесінің міндеті сотталған азаматты жазалау емес, тәрбиелеу екені белгілі. Бабаларымыздың өзі “Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш”, “Иілген басты қылыш кеспес” деп кешірімді болуға, қателік жасаған адамды кеудесінен итермей, қатарға қосуға кеңес берген. Өңіріміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар арасындағы тәрбие жұмысы осы қағидаға сай жүзеге асырылуда.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің мамандары сотталғандар арасында күн сайын жоспарға сәйкес түрлі іс-шаралар өткізеді. Бұл бөлімнің мамандары үздік тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық тәжірибелерді тиімді пайдалана білуі тиіс. Әр тәрбиешінің мақсаты – жазасын өтеушілерді түзу жолға бағыттап, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, рухани дамуына жағдай жасау. Жасақ бастықтары күн сайын тәрбиешілер кеңесінің мүшелерімен бірлесіп, алдын алу жұмыстарын өткізіп, сотталушының бойындағы өзгерістерді бақылап, бағасын беріп отырады. Бұл жазасын өтеушіні марапаттауда, жазасын жеңілдеткенде және тағы да басқа мәселелерде ескерілетін болады.
Қызметкерлер жазасын өтеуші бостандыққа шығардан бір жыл бұрын оған еркіндікте өмір сүруді үйретеді. Яғни, жазасын өтеушіні бостандыққа бейімдейді. Осы орайда “ЕС-164/6” түзеу мекемесінде “Оңалту түрмесі” қанатқақты жобасы жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.
Сотталушылардың уақытын тиімді ұйымдастырудың да маңызы зор. Жазасын өтеушілер қолөнер үйірмесіне, көркемсурет шеберханасына барады, олардың рухани әлемін байыту үшін кітапхана жұмыс істеп тұр. Түзеу мекемелерінің спорт залдарында түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
Дәстүрлі түрде және жоспардан тыс мәдени-бұқаралық, тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады. Жылдың басында қардан жасалған мүсіндер, мұз қалашығын жасау бойынша байқаулар өтті. Ал соңғы уақытта түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер ұйымдастырған қуыршақ қойылымдары, бишілер шоуы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған оқу, иога, көңілді тапқырлар клубы, “Әуенді тап”, “Татьяна күні”, “Масленица” сынды қызықты шаралардың әсері зор болды. Сонымен қатар сотталушылардан құралған командалар арасында шаңғы тебуден, шағын футболдан жарыстар ұйымдастырылды.
Тәрбиелік жұмыс үдерісінде психологиялық қызметке зор мән беріледі. Тура жолдан тайып, заң бұзған адам мекемелердің релаксация кабинеттерінде психологтармен сөйлесіп, қолдау тауып, өз ойымен бөлісіп, ақыл-кеңес алады. Мамандар тренингтер де өткізеді. Мәселен, “ЕС-164/6” түзеу мекемесінде сотталған әйелдер арасында ахатин ұлуларын пайдалана отырып, тренингтер өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылды “Волонтерлер жылы” деп жариялағаны белгілі. Осы орайда тәрбие жұмысы бөлімдері жастар ресурстық орталықтарымен байланыс орнатты. Осыған дейін қызметкерлер белсенділермен бірге “Сәбилер үйіне” барып, мекеменің аумағын қардан тазалауға көмектесті, облыс орталығындағы қолайсыз отбасылардың балаларына киім-кешек және азық-түлік апарды. Ал жастар ресурстық орталығының белсенділері жазасын өтеушілер арасында зияткерлік ойындар өткізді.
Аверин атындағы әдеби бірлестіктің көмегімен ЕС-164/6 түзеу мекемесінде өңірдің ақын-жазушылары өздерінің шығармаларымен таныстырып қана қоймай, өлең шығаруға, әңгіме жазуға бейімі барлардың қабілетін дамытуға көмектеседі. Мәселен, жазасын өтеуші Татьяна Магомбьенова өңіріміздің ақын-жазушылары арасында өткен шығармашылық байқауға қатысты. Бүгінгі таңда Татьянаның өлеңдер жинағы әзірленуде. Ал бұған дейін сотталушылардың тырнақалды шығармалары жинастырылған “Өмірді бағалаңдар” атты кітап жарық көрген еді.
Тәрбие жұмысы бөлімінің және жазасын өтеуші Әсел Мәркеннің ұсынысымен облыс орталығындағы жетім балаларға көмектесу мақсатында түзеу мекемесінде қолданбалы сәндік өнер үйірмесі ашылды. Бұл жерде қалалық мешіттің қолдауымен жазасын өтеушілер балаларға арналған киімдер тігеді. Кейін бұл киімдерді мекеме қызметкерлері “Балалар ауылы” мекемесіне және “Балалар үйіне” апарып тапсырады.
“ЕС-164/3” түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер қолданбалы сәндік өнер және көркемөнерпаздар шығармашылығы үйірмелерінде ағаштан, тастан және гипстан түрлі бұйымдар жасайды. Мәселен, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай К.Айтбаев пен Р.Сиран ұлы ақынның мүсінін жасады.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай ЕС-164/6 мекемесінде жазасын өтеушілер “Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Еңбек-Қызылжар” филиалымен бірлесіп, балаларға арналған бетперделер тігуде. Дайын бетперделерді балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан балаларға, тәрбиешілер мен мұғалімдерге таратты.
Осындай тәрбие жұмыстары сотталғандарды сабырлы, ұстамды болуға баулып, қоғамға деген оң көзқарас қалыптастыруға, өздерін жетілдіруге, бойындағы қабілеттерінің одан әрі ұштала түсуіне ерекше ықпал етеді.
Рустан АХМЕТЖАНОВ,
облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі.
Сурет https://tengrinews.kz/ сайтынан алынды.