«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ – ОРТАҚ, МҮДДЕ – БІР

Форум аясында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері отандық және шетелдік туристік нысан-дардың әлеуетімен танысты. Кейін екі елдің өңірлері арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз жиынында әр өңірден келген қатысушылар туристік жобаларын таныстырды. Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Олжас Шынтаев тарихы тереңде жатқан өлкеде туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді.

– Мың жарым жылдық тарихы бар Түркістан – қасиетті мекен. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сияқты талай ғасырдың куәсі болған Орта Азиядағы теңдесі жоқ сәулеттік ғимарат Түркістан қаласында орналасқан. Сол сияқты Ұлы Жібек жолының бойындағы Отырар қаласы да киелі өңірдің мақтанышы саналады, – деді Олжас Шынтаев.

“Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркіс тан – ер түріктің бесігі ғой”, – деп ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, еліміздің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласының тамаша жауһарлары LED экран арқылы таныстырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістанға қызығушылық танытқан туристер аз емес. Баспасөз мәслихатында ежелгі қаланы көркейту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынғаны айтылды.

Түмен облысының тұтынушы нарығы мен туризм департаментінің директоры Андрей Пантелеев табысты саланы өркендетіп, бәсекеге қабілеттілікті арттыруда алдымен сапаға көңіл бөлу қажет екенін жеткізді. Бүгінде Түменде туризм саласы бойынша отызға жуық инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалардың бірқатары баспасөз мәслихаты барысында таныстырылды. Бұл өңір Ресейдің ірі индустриалды орталығы саналады. Жыл сайын ол жаққа екі миллионнан астам турист барады. Мұнай өңдеу мен мұнайхимия саласы жақсы дамыған өңір тұмса табиғатымен де ерекшеленеді. Түменнің табиғаты, ерекше бағаланатын архитектуралық ескерткіштері де тамаша. Бұл өлкеде қазір медициналық туризм жақсы дамуда. Андрей Пантелеевтің айтуынша, Түмен облысында көпбейінді төрт медициналық клиника бар. Бүгінде медицина саласында Қазақстанмен тығыз байланыс орнаған. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сан алуан шипажайы бар Сібірдің демалыс орындарына қызығушылық танытқанын атап өткен жөн.

Жамбыл облысының туристік әлеуетін таныстырған Қарлығаш Аралбекова ежелгі қаланың тарихи-мәдени өмірінен сыр шертер көріністерді қатысушылардың назарына ұсынды. Тараз шаһары тарихи орындарға бай. Айша Бибі, Бабаджа хатун, Қарахан, Тектұрмас кесенелері, Нәметбай мешіті және орта ғасырлық монша – құнды қазыналар қатарында. Сондықтан аты аңызға айналған Таразға туристер көптеп келеді. Қонақтарды қарсы алуға қолайлы жағдай жасалған 154 қонақүй мен мейманхана бар. Үш жүзден астам мейрамхана жұмыс істейді. Отырыста екі мыңнан астам спорттық кешен мен көліктік логистика да оң жолға қойылғаны айтылды.

– Көне шаһарды сөз еткенде, ашық аспан астындағы “Ежелгі Тараз” археологиялық саябағына тоқталмай өту мүмкін емес. Екі мың жылдық тарихы бар қала адамзат өркениетінің даму сатысынан сыр шертеді. Жұмбаққа толы “Ақыртас” кешені де облысымыздың мақтанышы. Сәулет өнері ескерткіштері – Қарахан баба, Айша бибі кесенелері туристік брендке айналды. Сондықтан тарихи-археологиялық туризмнің әлеуеті жоғары, – деді Қарлығаш Аралбекова.

Баспасөз мәслихатында Ресей Федерациясының Алтай өңіріндегі туристік жобалар да қатысушылардың назарынан тыс қалмады. Алтай Республикасының экономикалық даму және туризм министрі Светлана Буйдышева бес нысан ЮНЕСКО-ның тізіміне енгенін мақтанышпен жеткізді. Ол жеті мың таулы өзені, тұщы мөлдір суы, әлемдегі әдемі жолы бар жер кіндігі – Алтайдың аспанға ұмтылған таулары тамаша көрінісімен таңдай қақтыратынын тілге тиек етті.

Жиында Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Ресей Федерациясының Краснодар өлкесі мен Татарстан республикасының туристік жобалары таныстырылды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстық әкімдіктері мен өзге де ұжымдар ресейліктермен ортақ келісімге келді. Екі ел арасындағы байланыс жиырма құжатпен беки түсті. Ресми шарада Қазақстанның авиация зауыты мен Ресей Федерациясының Илюшин атындағы авиация кешені арасында ортақ келісім жасалды. Алдағы уақытта “ИЛ-103” ұшағын бірлесіп шығару жоспарлануда. Өйткені, Қазақстан мен Ресейде, өзге де шетелдерде жеңіл ұшаққа сұраныс артуда. Сондай-ақ, облыстық мейрамханалар мен мейманханалар қауымдастығының төрағасы Сайран Хамзин мен Омбы қаласы аспаздар қауымдастығының төрайымы Светлана Галкина өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

– Біз форумға қазақстандықтармен бірлесіп жұмыс істеу үшін келдік. Бүгінде Маңғыстау облысымен тығыз байланыстамыз. Сондықтан бұл шараның маңызы зор. Форум жаңа мүмкіндіктер мен тың жобаларға жол ашады деп ойлаймын, – деді Ресейдің Орал туристік индустрия одағының президенті Наталья Ларионова.

Шарада Татарстан республикасы, Алтай, Краснодар өлкелері, Санкт-Петербург қаласы, Ямал-Ненец автономды округі, Омбы, Түмен, Орынбор облыстары мен еліміздің аймақтарынан келген делегацияларға құрмет көрсетіліп, форумның алғашқы күні “Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” атты көрменің қатысушыларын марапаттау рәсімімен қорытындыланды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp