«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ ТА, ҰМТЫЛЫС ТА БАР

Облысымызда осыдан төрт жыл бұрын құрылған “Әйелдер көшбасшылығы мектебі” бүгінде жүйелі түрде жұмыс істеуде. Аталмыш мектептің заман талабынан қалмай, қоғамдық шараларға белсенді түрде қатысатын қыз-келіншектер үшін пайдасы зор. Қазір мұнда келушілердің саны 200-ге жуық. Жақында “Әйелдер көшбасшылығы мектебінің” ұйымдастырушылары өзінің кезекті жиынын өткізіп, “Гендер және саясат”, “Бір әйелдің қолынан не келеді?” деген тақырыптар төңірегінде мәнді, маңызды әңгіме қозғады.

– “Әйелдер көшбасшылығы мектебінің” құрамына кез келген салада қызмет ететін нәзікжандар кіре алады. Биыл біз өңіріміздегі ұжымдарда 12 сабақ өткіземіз. Мұнда қыз-келіншектердің қоғамдық-саяси өмірде белсенді болуына кеңестер айтылып, қолдау көрсетіледі, – дейді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Елена Балло.

Жиында әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін арттыру және қоғамдағы беделін көтеру бағытында атқарылатын жұмыстар жайлы сөз қозғалды.

– Елімізде ұлттық гендерлік саясат жақсы жолға қойылған деп айтуға болады. Бұл ұғымның тек әйелдерге ғана емес, сондай-ақ, ер-азаматтарға да қатысы бар екенін түсінуіміз керек. Сол себепті, арнайы тренингтерге қыз-келіншектермен қоса, ерлердің де қатысқаны дұрыс, – дейді Астана қаласынан келген “HuMan Nomad” гуманистік менеджмент институтының халықаралық сарапшысы Ләззат Асқарова.

Құттықыз ҚҰСЕНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp