«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ – ТЕК АЛҒА БАСУ

Сенбі күні облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының былтырғы жылғы қорытындысы шығарылып, “Агробизнес – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы әңгіме өзегіне айналды.

Жиында қаралған алғашқы мәселе – өткен жылғы өңір бюджетінің орындалу барысы. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылғы жиналған салықтың жалпы сомасы 27036,2 миллион теңгені құраса, оның 12554,5 миллион теңгесі облыс бюджетіне түскен.

Бұл ретте өңір басшысы аудандар мен қаланың жоспарлы салық кірістерінің орындалу барысы қатаң бақылауда болуы керектігін атап көрсетті.

– Өздеріңіз білесіздер, биылғы жыл ауыр болмақ. Сондықтан бюджеттің орындалу көрсеткішін арттыруымыз қажет. Ол үшін бірінші кезекте салық тәртібін ретке келтіруіміз керек. Сонымен қатар еңбекақы көлемін өсіру де бірінші орынға қойылуы тиіс. Әсіресе, ауылдық жерлерде. Ол жеке кіріс салығының өсуіне жол ашатын болады. Бұл мәселелерді аудан әкімдері мен Петропавл қаласының басшысы кейінге қалдырмай, қазірден бастап қолға алулары керек, – деді Ерік Сұлтанов.

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында өткен жылы тындырылған істерден жиынға қатысушыларды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі құлағдар етті.

– Былтырғы жылдың 9 айында облысымыздағы жалпы ішкі өнім көлемі 2,9 пайызға артып, 542,5 миллиард теңгені құраған. Жан басына шаққандағы тауар өндіру мен қызмет түрі 944,6 мың теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 5,6 пайызға жоғары, – деді Айгүл Хасенова.

2014 жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі – 115073 миллион теңге. Бұл 2013-тегі көрсеткіштен 8,7 пайызға артық. Қомақты соманың дені басымдыққа ие ауыл шаруашылығы, орман мен балық шаруашылығына бағытталса, қалған 21,6 пайызы өнеркәсіп еншісіне тиген.

Бұл жұмыс биыл жалғасын тауып қана қоймай, еселене түсуі тиіс.

– Бірінші кезекте ол ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қатысты. Себебі, ірі инвестициялар аталмыш салада. “ҚазАгроФинанс” АҚ-ның лизингтік тетігі шаруаларға техника алуға қолайлы. Алайда, биылдан бастап өзімізде фин компаниясымен бірлескен “SampoRqzenlewLtd” комбайндарын шығару қолға алынатындығын да ұмытпаңыздар. Қазірдің өзінде 50 комбайнға тапсырыс түсті, – деді Ерік Сұлтанов.

Өңірімізге ұзақмерзімді инвестиция тарту жағын да ойлану қажет. Бұл ретте өңір басшысы Индустрияландыру картасына енгізілген екінші бесжылдықтың жоспарлары шеңберінде әр ауданда негізгі капиталға инвестиция тарту жөнінен арнайы жоспар әзірлеу керектігін атап көрсетті.

Жиында, сондай-ақ, “Агробизнес – 2020” мемлекеттік бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы да әңгіме өзегіне айналды.

Бұл ретте өңір агроқұрылымдарының республикалық көрсеткіште алар үлесі – 30 пайыз.

– Бағдарламаның бірінші бағыты, яғни “Агроөнеркәсіп кәсіпорындарын қаржылай сауықтыру” бойынша “ҚазАгроМаркетинг” АҚ-на жалпы сомасы 112,7 миллион теңгені құрайтын 85 өтініш түскен. Мақұлданған өтініштерді субсидиялау сомасы – 25,3 миллиард теңге. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша өткен жылы көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 35,4 миллиард теңгені құрады, – деді өз хабарламасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мұсақұлова.

Ауыл шаруашылығы саласында да өткен жылы тындырылған істердің дені жалпы ішкі өнімнің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Былтыр бұл көрсеткіш 283,5 миллиард теңгеге жетіпті. Бұл реттегі нақты көлем өсімінің индексі 102,6 пайызды құраған.

Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселелердің әрқайсысы бойынша шешімдер қабылданды.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp