«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚТАНАМЫН

Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап, білектің күшімен, найзаның ұшымен қол жеткізген тұғырлы Тәуелсіздікке 24 жыл толып отыр. Әлімсақтан бейбіт тірлікті, тыныштық пен татулықты ту еткен халқымыз бүгінгідей бақытты күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Ол үшін қасық қаны қалғанша күресті, жалындаған жас ғұмырларды пида етіп, ызғарлы желтоқсанда көтеріліс жасады.

Жүректері “елім”, “жерім” деп соққан боздақтардың асыл аманатындай Тәуелсіздік мерекесі, ең алдымен, барша қазақтың рухын оятқан алып күш. Бұл күн, әсіресе, тәуелсіздіктің төл құрдастары үшін ерекше мейрам. Еліміз егемен атанған жылы мен де өмір есігін ашыппын. Асыл жұртымыз азаттықтың ақ таңын қарсы алған шақта дүниеге келіп, мынау жарық әлемді еркіндікпен сезінгендердің бірімін. Тәуелсіздіктің төл құрдасы атануды үлкен мәртебе, бақыт, мақтаныш және тағдырдың сыйы деп түсінемін. Сол жылы өмірге келген азаматтар бүгінде егемендікпен бірге есейіп, арман-мақсатқа ұмтылып, жан-жақты жетілуде. Осы уақыт аралығында Қазақстанымыз әлемдік аренада өзінің орнын ойып алып, дамыған елу мемлекеттің қатарына қосылды. Тағдыр тауқыметін молынан тартқан халқымыз қысқа мерзім ішінде жаңа мемлекетті құра білді. 24 жылдың ішінде елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, Конституциямыз жазылды. “Қазақстан – 2030” бағдарламасы мерзімінен бұрын іске асырылды. Қазіргі таңда 2050 жылға дейінгі жаңа бағдарлама сәтті жүзеге асырылуда. Мұның бәрі – егемендіктің өлшеусіз сыйы.  

2010 жылы Петропавлдағы өнер колледжінің екінші курсында оқып жүргенімде Астана қаласында өткен “Тәуелсіздік – ата-баба арманы, ұрпақтар үшін ақиқат” атты республикалық конференцияға қатыстым. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиырмадан аса тәуелсіздіктің құрдастары жиналған ауқымды шарада қазақтың небір рухы асқақ, отансүйгіш жас азаматтарымен таныстым. Елдік туралы ойларымызды ортаға салып, егемендік ұғымының астарына терең бойладық. Конференция соңында баршамыз “Тәуелсіздікке 19 жыл” төсбелгісімен марапатталдық. Бұл менің өмірімдегі бағасы құнды, өлшеусіз сыйлықтардың бірі болды.

Бүгінде Тимирязев ауданындағы жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернатында музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Әр сабағымда алдымдағы шәкірттеріме егемендіктің қадірін айтып, олардың елжандылық қасиеттерін арттыру үшін патриоттық әндерді үйретуге тырысамын. Елім үшін мен шәкірттерімді білім нәрімен сусындатуда тамшыдай болса да өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан етемін. Шәкірттерімнің көбі республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары болды. Мұның барлығы бағасы асқақ Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асырылуда.

Еркін АХМЕТ,

музыка пәнінің мұғалімі.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp