Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне де санаулы күндер қалды. Наурыз – жаңару мен жанданудың мейрамы. Бұл күні адамдар күнделікті қым-қуыт, қарбалас тіршіліктерінен бір сәт босап, тағы бір жылды аман-есен еңсергендеріне шүкіршілік айтады, келер күннен жақсылықтар күтеді. Қазақ халқы ғана емес, күллі Шығыс әлемі үшін жыл басы саналатын Наурыз шаттықтың, молшылықтың, бірлік пен берекенің мерекесі болып саналады. Жанды жадыратар жылылығымен көптің көңіліне шуақ сыйлайтын бұл ізгі мереке өңірімізде де ерекше тойланады.
Көп жылдар бойы бала тәрбиесімен айналысып, зейнет демалысына шыққан мен жыл сайын мерейлі мереке күні наурызкөже пісіріп, ағайын-туыстарға, көршілеріме ауыз тигізуді дәстүрге айналдырғанмын.
Мен біраз уақыт Тимирязев ауданы Дзержинское ауылындағы балабақшаның меңгерушісі болып қызмет атқардым. Ауылдағы мерекелік шаралардың дені балабақша мен мектеп қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтетін. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ерекше дайындықпен, дүбірлі думанмен өз дәрежесінде атап өтетін едік. Концерттік бағдарламалар барысында ұлттық ән-биімізге басымдық беріп, әртүрлі сайыстар өткізетін едік. Мерекеге жиналған ауыл жұртшылығына арнап наурызкөже пісіру үшін көп жылдар бойы қазан-ошақтың басы-қасында жүрдім.
Наурызкөже – Ұлыстың ұлы күні дайындалатын сыйлы ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Халқымыздың танымында жеті саны киелі саналады ғой. Наурызкөжеге су қосқаны – өмір-өзен, ұрпақ – өріс судай асып-тасысын дегені болса керек. Тұз қосудың да өзіндік себебі бар. Қазақтың сөз өнері – асыл қазынасы. Қашаннан сөзді қадірлеген қазақ ешқашан дәмсіз сөз сөйлемеген. Сондықтан да “Тұз – астың дәмін келтірер, мақал – сөздің мәнін келтірер” деп мағыналы мақал айтқан.
Сүт немесе ақ қосқаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса денсаулыққа да кепіл, көңіліміз де ақ болсын деген таза ниеттен туған. “Ағы бардың – бағы бар” деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген.
Наурызкөжеге құрт қосудың себебі де бар. Әсіресе, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы – көктем мезгілінде құрттың пайдасы мол. Ол әлсіз, аурушаң адамдарға қуат береді.
Наурызкөжеге қазақтың ұлттық дәмдерінің бірі – ет қосылады. Ет – қазақтың төл асы. Қазан толсын, асар мол болсын деген мақсатта сүр етті наурызкөжеге салып, қайнатады.
Ертеректе көжеге алтыншы дәм – арпаны қосты. Арпа – көп сырқатқа ем. Оны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды екен.
Наурызкөженің құрамындағы жетінші дән – күріш. Күріш те денсаулыққа шипа, ішкі құрылысты тазартатын табиғи элементтерге бай дәнді дақыл. Наурызкөжеге дәнді дақылдарды қосудың себебі, бір тамырдан өсіп-өнген күріштей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек.
Енді осы жеті түрлі тағамнан Ұлыс күнінің ұлы асы – наурызкөжені дайындаймыз. Алдымен қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатамыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаған жөн. 1-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп аламыз. Енді дәндерді бірнеше мәрте жуып, бидайды салып, 5 минут қайнатамыз. Екінші жарманы және күрішті салып, 5 минут қайнаған соң, тарыны саламыз. Содан кейін тұз қосамыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қоямыз. Піскен етті ұсақтап турап, сорпаға айран немесе сүт қосып, араластырамыз.
Айман НҰРАХМЕТОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны,
зейнеткер.