«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚТАН ЕТЕМІН

Қазір ойланып отырсам, өзімді басқа елдің азаматы ретінде көзіме де елестете алмайды екенмін. “Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық” деген осындай болатын шығар. Мен түгіл, Қырғызстанда туған ағам Бекмырза да қазақ жерінен тысқары кеткісі келмейді. Себебі, біз ес білгелі бері осы елді Отанымыз деп қабылдадық. Жыл сайын ата-анамызбен Қырғызстандағы туыстарымызға қонаққа барамыз. Алайда, маған ол жақтың ауа райы жақпайды. Сол себепті, елге қайтуға асығамын. Қызылжардың қоңыржай ауа райын, адамдарын сағынамын.

Ата-анамның айтуынша, біз Қазақстанға 1997 жылы көшіп келіппіз. Ал 2000 жылы мен туыппын. Осылай біздің үйде Қазақстан азаматтығын алғаш алған мен болдым. Ата-анамның жүрегіне осы әсер етті ме, әлде Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатына көңілдері толды ма екен менің атымды Нұрсұлтан деп қойыпты. Кішкентай кезімде менен: “Атың кім?” – деп сұрағанда, мақтанышпен: “Нұрсұлтан! Мен Президент сияқты боламын”, – дейтінмін. Балабақшаға, мектепке барған кезімде өзіммен аттас балалар бар ма, жоқ па деп елеңдеп тұратынмын. Менің осы ойымды түсінді ме екен, бір күні әкем: “Балам, біз Қазақстанға жайлы өмір іздеп, көшіп келген едік. Осында келіп, тұрмысымыз түзеліп, жағдайымыз оңалған кезде Құдай бізге сендей ұлды сыйлады. Көңілді жарып шыққан қуанышпен тыныштық орнаған елдің ішкі татулығы мен сыртқы саясаттағы тұрақтылығын сақтап отырған Президенттің құрметіне сенің атыңды Нұрсұлтан қойдым. Болашақта сендердің осы елдің толыққанды азаматы болса екен деген тілегім бар еді”, – деді. Әкемнің осы айтқаны әлі есімде. Қазір мен мақтаныштан гөрі, жауапкершілікті сезінемін. Жаман қылықтардан ада болып, ата-анамның берген тәрбиесіне селкеу түсіргім келмейді. Сол себепті ұдайы сөзіме де, ісіме де жауапкершілікпен қарауды үйрендім.  

Бір жылдары әкем мені домбыра және қобыз үйірмесіне бергісі келді. Ал менің ықыласым сурет салуға ауған еді. Қазір қиялыма ерік беріп, шығармашылық шабыт дегеннің не екенін сезініп жүрмін. Адамның арманы ақ қанатты тұлпар сияқты бұлттан-бұлтқа секіріп, шауып жүреді ғой. Мен де қиялға беріліп, болашағыма жоспар құрамын. Соңғы кезде санамды келешекте дәрігер мамандығын таңдасам ба екен деген ой баурап алды. Білікті дәрігер болсам, елге де, халыққа да пайдам тиер еді. Абай атамыз: “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!” – деп жырлағандай, әркім бұл өмірде өз орнын табуы тиіс. Мен де туған жерімнің бір кірпіші болып, қаланғым келеді.

Нұрсұлтан МАМАТЕМЕНОВ,

№43 орта мектептің оқушысы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp