Ақжар ауданында да тумысынан ерекше, болмысы өзгеше ұл-қыздар болған, бар және болары сөзсіз. Олардың қатарына ауданымыздың қадірлі азаматы, педагогика саласының ардагері Ғұмар Әшеновті де қосуға болады. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, ағамыз туралы ой толғау – бізге, яғни ізін басқан ұрпаққа парыз.
Ғұмар Әдиянбекұлы 1948 жылы Омбы облысындағы Москаленко ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы сондағы қалың қазақ мекендеген Назыбай ауданындағы Бәйімбет батыр атындағы ауылда өтіпті. Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында агроном мамандығы бойынша білім алған соң ол атажұртқа оралу арманына қол созып, сол кездері ХХІІ партсъезд аталған кеңшарға көшіп келеді. Аталмыш ауылдың шаруашылығын аты-жөні әлі күнге дейін құрметпен еске алынатын, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Иван Регида басқарған болатын. Табиғатынан әділ, еңбекқор Иван Федорович шаруашылықты көтеріп, кейін бұл кеңшар “миллионер” атанғаны белгілі. Міне, Ғұмар Әдиянбекұлы сол кісінің қарамағында өзінің еңбек жолын бастайды.
Алайда, туып-өскен Бәйімбет ауылындағы мектептің директоры, ұстазы Шәмшиден Ахметов жас жігітті өзіне шақырып, оған мұғалімдік қызмет ұсынады. Шәмшиден ағасының ақыл-кеңесімен Ғұмар Әдиянбекұлы Омбы қаласындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетін тамамдап, кейін өз ортасына қайтып оралады. Жігерлі жанның алғырлығы, біліктілігі, іскерлігі мен еңбекқорлығы оны жылдан-жылға биік шыңдарға жетелеп, ұстаз деген ұлы атқа лайық адам етіп қалыптастыра түседі.
Ғұмар Әшенов 1975-1992 жылдары Назыбай ауданындағы Маңғыт (Мангут) орыс орта мектебінде директор қызметін атқарған. Ал еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Талшық орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Әр жылдары аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Алайда, өз қазығы білім саласында екенін білетін ол мектепке қайтып барып, 2011 жылы директорлық қызметтен зейнеткерлікке шыққан.
– Адамды биіктететін еңбек. Ізденіс, талпыныс кез келген мамандықтың биік шыңына апаратын жол. Ұстаздықты таңдаған адамның міндеті білімді де білікті болу, мақсаты – білгенін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, – дейді Ғұмар Әшенов.
Ол зейнеткер жасына жетсе де, қарттыққа бой алдыратын адам емес. Бүгінде ол қоғамдық, ғылыми жұмыстардың бел ортасында жүреді. Ғұмар аға былтыр Астанада өткен “Қазақ хандығының 550 жылдығы” атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнайы шақырылып, мерекелік медальмен марапатталды. Марапат демекші, оның еңбегінің жоғары бағаланған кездері аз емес. Медальдар, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар жетерлік. Солардың ішінде ағамыз үшін ең бағалысы – 2015 жылы Елбасы табыс еткен Алғыс хат.
Жақында Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті дайындаған “Казахи из России в Казахстане” атты энциклопедия жарық көрді. Сол кітапта Ғұмар Әдиянбекұлының аты да құрметпен аталады. Қандай да болсын жауапты қызметтерді атқарған кезде Ғұмар ағамыз, алдымен, өзіне қатаң талап қоя біледі. Адамгершілік, біліктілік, ізденіс – оның өмір бойы ұстанып келе жатқан басты қағидаттары. Оның айтуынша, мәртебелі лауазымға ие болған адам халқына қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Елдің қамын ойлау, әр кез онымен бірге болу – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың көздегені. Сондықтан оларды “халық қызметшісі” деп атаймыз. Осыны терең түсінген, жадына тоқыған басшы халықтың құрметіне бөленетініне еш шүбә жоқ. Халық қызметшісі болып оның талай шәкірті абыройлы еңбек етуде. Кезінде оларға да осы түсінігін терең ұғындыруға тырысқан. Өзінің қазыналы ғұмырында ащы мен тұщыны бірдей татқан ағамыз бойындағы асыл қасиеттердің арқасында қашан да жеңіс тұғырынан көріне білді.
– Тәуелсіз мемлекетіміз – баршамыздың мақтанышымыз. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемдегі озық 30 мемлекет қатарына қарымды қадамдар жасауда. Біздің ауданның даму үдерісінің өзіне көз салып, көңіл тоқтатсақ, өткен жылдармен салыстырғанда, едәуір ілгерілеушілікті көреміз. Болашақты жарқын етуге жұмыла кіріскен халқыма ризамын, – дейді Ғұмар Әшенов.
Болат ӘМРИН,
журналист.
Ақжар ауданы.