Туған өлке! Туған топырақ! Туған жер! Атамекен! Бұл атаулардың бәрі – кез келген адам үшін көңілге жылу ұялататын, ананың ыстық алақанындай, қамқор әкенің мейірім-махаббатындай жанға шуақ, көңілге шаттық сыйлар құнды, қасиетті атаулар.
Кіндік қаным тамып, туған жерім – Сыр даласы текті атағын аталы Алаш емес, алты құрлыққа танытқан айбынды мекен. Ұлы тумалардың көшін жалғап, алтын құрсағы талай алыптарды дүниеге әкелген ардақты мекен Сыр елінде жауырынын қалқан етіп, кеудесін оққа тосқан аты аңызға айналған – Бұқарбай батыр, қазақ поэзиясының талантты перзенті – Әбділда Тәжібаев, жыр сүлейі – Тұрмағамбет, күй алыбы – Қорқыт, қазақтың бұл-бұл құсы – Мәдина Ералиева туған.
Текті топырақтан тексіз ұрпақ шығуы мүмкін емес. Киелі мекеннің суын ішіп, бар болмысын бойына сіңірген әр ұрпақ ертеңгі ел қамқоры, ұлт мақтанышы. Сыр өлкесі табиғи құндылыққа өте бай өлке. Бауырын кеңге салған Сыр өлкесінің төсінде айбыны асқақ Қаратау, оның етегінде сұлулығы мен сәні жарасқан мың жылдық тарихы бар, алып шаһар алты Алаштың анасы, ақ күріштің отаны – Қызылорда тұр. Одан тау баурайына қарай сәл қапталдасаң Жаңақорғанның әсем көрінісі көз тартады. Кең шаһардан шыға берісте бейне бір аспан көкжиегімен тұстасып жатқандай мөлдіреп Сырдария ағып жатыр. Жіпке тізгендей қылып айта берсем, Сыр даласының кереметі таңды-таңға жалғаған, таңдайы тақылдаған, көмейлі жыршының жырынан да ұзақ болары сөзсіз. Мен үшін туған өлкем – таусылмас тарих, тұнған тағылым.
Қазақтың ізгілікке бай тарихын терең тану үшін бар өлкенің тарихын білу артық етпес. Ендеше білім іздеп, алыстан ат арытып келген Солтүстік Қазақстан облысы туралы не білемін? Бұл өлкеден шыққан қандай атақты адамдар бар? “Қай елдің суын ішсең, сол елдің сойылын соғасың”, – дейді дана халқымыз. Ендеше, өзімді біліммен сусындатып, өмірлік таусылмас азық берген өңірімнің тарихы кез келген көкірегі ояу жанды толғандырмауы мүмкін емес.
Солтүстік өңір топырағының төл перзенттері, қазақ даласына аты жайылған, ұлт мақтаныштары жетерлік. Атап айтар болсам: халық батыры Қожаберген жырау, Батыр Баян, Алаш қозғалысының қайраткері, публицист, ақын Мағжан Жұмабаев, жазушылар – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов секілді алыптардың бәрі осы өлкенің ұрпағы емес пе?!
Бүгінгі таңда мен “Серпін – 2050” бағдарламасымен Есіл ауданындағы Покровка ауылында білім алудамын. Мен ауылдық жерде орналасқан осы оқу орнында оқып жатқаныма қуанамын, әрі бұл өңірді мақтан тұтамын. Табиғат анасы сұлу болса, оның құшағында өскен баласының дарынды болуы да табиғи құбылыс. Топырағы асыл бұл дарқан мекеннің ұрпақтары да терең ойлы.
Есіл ауданы – сұлулығына сымбаты сай келген жұмақ мекен ғой. “Табиғаттың осындай да кереметі болады екен-ау?!” – деп таңданбасқа лажың жоқ. Ашық дала төсіне біткен бұл жазық аймақтың жаратылысы тіптен ерекше. Тізіле біткен әсем шыршалар, аққайыңдар көз тартады. Бұл жердің тағы бір тамаша дүниесі – Тораңғұл, Сарыкөл, Қамысты, тағы басқа тұнық көлдері. Талайларды асқақ армандарға құлаш серметкен бұл текті мекен менің де армандарымды аяқасты етпейтініне көзім анық жетеді. Мұндай тамаша өлкені көзім көріп, топырағын басқан мен сірә да шексіз бақытты адам екенмін!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл менің аяулы Отаным! Қазақы қаймағы бұзылмаған бұл екі өңірдің табиғатының тылсымдығы, халқының тектілігі, ұрпағының ұлағаттылығы бәрі-бәрі біздің тұтас еліміздің көркем келбетін анық көрсетеді. Қазақ дейтін халықтың даналығын білгісі келген адам – біздің тарихымызға үңілсін, ал даламыздың дарқандығын білгісі келгендер топырағымызға табан тіресін. Міне, менің мақтан етер шұрайлы, шуақты мекенім! Өз жерім, өз жұртым, алтын бесігім!
Гүлжайна СӘРСЕНБЕК,
Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылығы колледжінің студенті.
 
								