Облыс орталығында жүзден астам құрылысшы табанақы, маңдай терлерін даулап, талай емен есіктің табалдырығын тоздырып жүр. Әділдік іздеген жандардың бармаған жері, баспаған тауы қалмады десе де болады.
Көпқабатты тұрғын үй салумен айналысып, кейін түрлі себептермен жұмысын тоқтатқан “Казградстрой” компаниясының жұмысшылары алдындағы берешегі 80 млн. теңгеге жуық. Зейнетақы жарналарын аударамыз деген уәделері де сұйылып, сан соқтырып кеткен. Кезінде шаһарда сәулеті келіскен 10-12 қабатты тұрғын үйлер салумен атағы шыққан компанияны не түлен түрткенін кім білсін, тұтас ұжымды тақырға отырғызған әрекетін көпшілік түсіне алмай дал. Осы мекемеде құрылысшы болып істеген Сергей Вдовиченконың 1,5 млн. теңге алашағы бар. Қолына көк тиын тимеген Елена Мягких болса, компанияның банкротқа ұшырауының астарында әлдебір қитұрқы амал-айла жатыр деп есептейді.
Еңбек инспекциясының мамандары тексеріс жүргізіп, қордаланған жалақы берешегін қайтару туралы нұсқама бергенімен, шешім орындалмаған күйі қалған. Қазіргі таңда 11 млн. теңгеден астам қарыз ғана өндірілді. Серіктестің меншігінде 6 жер учаскесі мен 4 пәтер бар екені анықталды. “Жер телімдері екі рет аукционға қойылғанымен, сатылмады. Ал баспаналар бойынша сотқа шағым түсірілді”, – дейді аймақтық сот орындаушылар палатасы төрағасының орынбасары Арман Құсанов.
Қалалық әкімдік екі жер учаскесін сатып алып, жұмысшылардың еңбекақы берешегін өтемек болғанымен, ол әрекетінен түк шықпағанға ұқсайды. Себебі, серіктестік директоры тәуелсіз бағалаушылар ұсынған бағаға келіспеген. Енді бұл жерлерді мәжбүрлі түрде сатып алу ойластырылған. Алайда, бұған қарсы серіктестік басшысының айтар өз уәжі бар. “Қалалық әкімдік жер учаскелерін өте арзанға бағалап отыр. Нарықтағы құны әлдеқайда қымбат. Құрылыс бөлімін сотқа беріп, 218 млн. теңге өндіріп алуды талап етпекпін. Өйткені, техникаларымызды басқа фирмалар заңсыз иемденіп алған”, – дейді Александр Авдеев.
Банкротқа ұшыраған компания 124 жұмысшының қарызын қашан өтейтіні әзірге белгісіз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.