«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Берік отбасы – мемлекетіміздің бірден-бір ұстанып отырған сындарлы саясаты. Шаңырақтың үйлесімді дамуы, заман талабымен бірге алға қарай қарышты қадам басуы егемен еліміздің іргетасының берік болуына қызмет етеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын халыққа арнайтын Жолдауларында отбасы құндылығын сақтау, бала тәрбиесіне аса мән беру тұрақты сөз болып келеді. Қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайту өзекті мәселе болып тұр. Отбасы – қоғамның негізгі институттарының бірі. Болаттай берік шаңырақтың арқасында мемлекет дамиды. Сол себептен де отбасының қоғамдағы алар орны бөлек. Отбасынан мемлекет бастау алады. Сондықтан да жастарымыз отбасылық өмірге қадам баспай тұрып, оны жан-жақты ойластырып, таразылап алу керек. Медицина жағынан келер болсақ, бүгінгі таңда бұл бағытта да отбасылық өмірге айтарлықтай көп көңіл бөлініп отыр. Отбасын құру, жоспарлауға байланысты жүйелі түрде жұмыс жүзеге асып келеді. Жас ата-анаға, жалпы жастар қауымына отбасын құру туралы мәселеге келгенде әрбір ақжелеңді абзал жан көмек көрсетуге дайын. Себебі, бұл – бәріне ортақ. Білікті дәрігерлердің қабылдауында болудың, уақытымен ем-дом қабылдаудың нәтижесі де оң көрсеткіш береді. Осылайша, отбасын құруға үлкен жауапкершілікпен қарауға үйренеміз. Мәселен, болашақ анаға дәрігерлер тиісті ақпарат беріп, сәбиін аман-есен өмірге әкелуіне дайындайды. Мұндай көмектің жас ата-анаға тигізер пайдасы да зор деп ойлаймын. Себебі, олар отбасы болуды, баланы қалай тәрбиелеп, өсіріп жеткізуді алдын ала жоспарлап, осы маңызды шешімге дайындалады. Дер кезінде дәрігерге көрінудің арқасында түрлі аурулардың алдын алып, сәбиінің дені сау болып тууына мүмкіндік жасайды. Денсаулығы жақсы болып туған бала ата-ананың бақыты, қоғамның байлығы емес пе?! Осы себептен де оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бүгінгі бала – ертеңгі еліміздің азаматы. Олай болса оның денсаулығына көңіл бөлу – әрбір ата-ананың міндеті. Мұндай маңызды қадамның барлығы отбасынан бастау алары сөзсіз. Сондықтан да баршамыз бірігіп, ұрпақ саулығын бүгін ойласақ, болашағымыз жарқын болады.

Жанна МАУЫТОВА,

облыстық перинаталдық

орталықтың бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp