«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢЫЗЫ ЗОР БАСТАМА

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – тұрғындардың қалыпты өмірін қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы зор салалардың бірі. Саланың өзіндік мәселелері де жетіп артылады. Әсіресе, тұрғындар тарапынан пәтер иелері кооперативтері атына айтылар сын көп. Ал қаладағы пәтер иелері кооперативі жоқ тұрғын жайлардың мәселесі қалай шешілуде?

Бүгінде Петропавл қаласында 1041 көпқабатты баспана бар. Оның 25 пайызы – пәтер иелері кооперативі жоқ тұрғын жайлар. ПИК-і жоқ тұрғын жайлар бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Тіптен инженерлік-коммуникациялық желілері тозған. Осы орайда тұрғындарға кешенді сервистік қызмет көрсететін басқарушы компания құрылып, пәтер иелері кооперативтеріне енбеген тұрғын жайлар солардың қарамағына өтуде. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандарына жолыққан едік.  

– Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғын жайларға қатысты барлық мәселені қарайды. Сондай-ақ, азаматтардың арыз-шағымдары да бізге келіп түседі. “Голден хаус” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында құрылған сервистік қызмет көрсететін басқарушы компанияның жұмысын да біздер қадағалаймыз. Негізінен мұндай басқарушы компаниялардың пайдасы зор. Өйткені, олар пәтер иелері кооперативіне енбеген тұрғын жайларды өздерінің қарауына алып, барлық жұмысқа жауапты болады, – дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жәнібек Әлкин. Бас маманның айтуынша, мұндай жоба Астана, Алматы қалаларында тиімді жұмыс істеуде.

– Бұл – Петропавл қаласы әкімінің жобасы. Басты мақсатымыз – басқару құрылымы жоқ тұрғын үйлерге кешенді техникалық қызмет көрсету. Сондай-ақ, компания жұмысшылары ағымдағы, күрделі жөндеу жұмыстарын да жүргізеді. Қазіргі таңда қаладағы Маяковский, 93 және Новая, 83 мекенжайындағы тұрғындармен келісімшарт жасасып, жөндеу жұмыстарына кірістік. Алдағы уақытта тағы осындай 8 үймен келісімшарт жасалмақшы, – деді аталмыш басқарушы компания директорының орынбасары Елена Мокей. Оның айтуынша, барлық жұмыс заңға сәйкес реттеледі. Тұрғындар арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жиналыстың қаттамасы толтырылады.

Компания тұрғындардың келісімімен ортақ жалпы келісімшартқа отырады. Көппәтерлі баспананы қалыпқа келтiрмес бұрын үйге жобалық-сметалық құжат жасалады. Тек пәтер иелерінің келісімінен соң ғана басқарушы компания жөндеу жұмыстарын бастауға құқылы. Шарт бойынша пәтер иелері тарифте бекітілгендей, әрбір шаршы метрге 27 теңге төлеуге міндетті. Ал ортамызда коммуналдық төлемдерді төлеуден қашқақтайтындардың да бары жасырын емес. Сондықтан тарифте бекітілген сома дер кезінде төленбей, уақытынан бір-екі ай асып кетсе, пәтер иесі жауапқа тартылады. Егер олар бас тартқан жағдайда іс сотқа жіберіледі.

Пәтер иелері үшін бұл компанияның пайдасы қандай? Осы орайда қала тұрғыны Алма Иманбаева көңілде күдік барын айтады. Ақшаны төлеп, үйіп-төккен уәде орындалмаса, өкініштісі сол, – дейді ол. Тарифте бекітілген қаражат мөлшеріне орай тұрғындар тарапынан түрлі пікірлер айтылуда. Бірақ қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары көп жағдайда тұрғындардың жаңалыққа күдікпен қарайтынын айтып, тарифте бекітілгендей шаршы метріне төленетін 27 теңге пәтер иелеріне салмақ салмайтынын, базалық анықтама өзгермейтінін жеткізді. Компания өкiлдерi сендiргендей, тұрғындар жөндеу жұмыстарына қаржыны көп төлеп, шығындалмайды. “Голден хаус” басқарушы компаниясында арнайы мамандар бригадасы бар. Қай уақытта болсын, қандай жағдай орын алса да мамандар көмекке келеді. Яғни, пәтер иелері күн-түн демей қажет болған жағдайда басқарушы компаниясына телефон соғып, өздерінің өтініштерін жеткізе алады. Мұнда апаттық бригада тәулік бойы қызмет көрсетеді.

Бүгiнде аталмыш мекемеде сантехник, электрик сынды кәсiби-техникалық бiлiмi бар 35 бiлiктi маман жұмыс істеуде. Олар тұрғын жайлардың кіреберістерін жуып-жинаумен, аула маңдарын тазалаумен және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізумен айналысады. Алдағы уақытта бұл компания иесіз қалған екі жүзден астам көппәтерлі тұрғын жайды қарауына алып, күтім жасамақ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

  “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp