«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҢЫЗЫ ЗОР БАСЫЛЫМ

Мен – бүгінгі “Солтүстік Қазақстан” газетінің жасын өкшелеп келе жатқандардың бірімін. Ол менен төрт жылға ғана үлкен. Шындығында, бала-шағам, туған-туыстарым менің тоқсанның төріне келіп, қалқайып отырғаныма разы. Осы жасқа жеткенше өмірдің талай ащы-тұщысын көрдік. Менің балалық шағым заманның ең бір ауыр кезеңі, 30-шы жылдардағы ашаршылықпен тұспа-тұс келді.

“Көп білгеннен сұрама, көп көргеннен сұра” дейді дана халқымыз. Мен де осы ғұмырымда талай оқиғаларды, жайттарды бастан өткердім. Өмірім жеңіл болды дей алмаймын, өйткені, аштықтың кесірінен әкем мен бауырларымнан айрылдым, жастығым соғыстың ызғарымен шарпылды. Бірақ заманның әр қыспағынан ысыла жүріп, ақылға – ақыл, санаға – сана қостым.

Соғыстан оралған соң Петропавл мұғалімдер институтына оқуға түсіп, оны бітіріп, тарих пәнінен сабақ бердім. Осы кезде менің мерзімді басылымдармен, әсіресе, “Ленин туы” газетімен рухани байланысым орнықты. Ал 1954-1985 жылдары қалалық және облыстық партия комитеттерінде қызмет атқарған кезде жергілікті басылым жұмысыма бағыт-бағдар беретін шырақшы болды десем асыра айтқаным емес. Ол жылдары ақпарат құралдарының мүмкіншілігі бүгінгідей кең болмайтын. Ал коммунистік партияның сара жолы газеттің мазмұнымен сабақтасып жатты. Оның беттерінен еңбек адамдары туралы очерктерден оқырмандар заманның кейіпкерін таныды. Осылайша басылым заманның ағымымен қатар жылжып, облыстағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани дамудың әр жылдардағы бет-бейнесіне айналды. Ал егемендік алған жылдары газеттің мақсаты мен мүддесі өзгерсе де, оның халықтық сипаты сол бойында қалды.

Менің жергілікті басылымның әр нөмірін асыға күтіп, жарияланған мақалаларға көз жүгіртіп, оны өмірімнің бір бөлшегі еткеніме 60 жылдан асыпты. Оның не туралы жазып жатқанын білу дағдылы әрекет қана емес, ол өмірімді мағыналы етудің бір жолы болды. Мерзімді басылым беттеріндегі қоғамдық-саяси ақпараттарды оқу өз алдына, ондағы көркем туындылар менің ішкі жан дүниемді байыта түсті. Бұл басылымда еңбек еткен талай қаламы ұшқыр, ойы жүйрік журналистердің жазу стилін танып алдым. Кешегі Уәп Рақымжановтың, Бақыт Мұстафиннің, Амандық Әбжановтың, бүгінгі Болат Қожахметовтың, Жарасбай Сүлейменовтің, Зейнолла Әкімжановтың жазған туындыларын оқып, рухани нәр алдым.

Мерзімді басылым үшін 95 жыл деген аз ғұмыр шығар, бірақ оның әр саны мағыналы, мазмұнды, маңызды екендігі сөзсіз.

Қасым ЖҮНІСОВ,

соғыс ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp