Біздің өңірімізде әншілік өнерді жанына серік етіп, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп жүрген жастар аз емес. Таудай талабымен, табиғи дарынымен, ізденімпаздық қасиетімен танылып келе жатқан өнерпаздың бірі – Медет Ибатуллаев. Жақында әншімен кездесіп, шығармашылық жолы, алдағы жоспарлары жайлы сұхбаттасқан едік.
– Өнер жолын екінің бірі таңдай бермейтіні рас. Сіз әншілікке қалай келдіңіз?
– Иә, киелі сахнада жүрген әр адамның өнерге келуі түрліше. Бірі әке-шешесіне еліктесе, енді бірі әйгілі өнер жұлдыздарына ұқсағысы келеді. Менің де ата-анам өнерден қаражаяу емес. Бала күнімнен олардың дәстүрлі туындыларды, заманауи әндерді тамылжыта орындағанын естіп өстім.
Үйімізге қонақ келе қалса, олардың көңілін аулау үшін кішігірім кеш ұйымдастырып, жарыса ән айта кететінбіз. Ата-анамның өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында менің де әнге деген құштарлығым ерте оянды. Бұл қабілетімді байқаған ұстаздарым мені мектептегі түрлі іс-шараларға қатыстырып, өнерімнің өрлей түсуіне жол ашты. Ауылдағы Мәдениет үйінің сахнасында өткен түрлі кештерде, мерейлі мерекелерде “Ана туралы жыр”, “Ақ сиса”, “Домбырасыз ән қайда?” сынды әндерді айтып, тыңдарман қауымның қошеметіне бөленгенім әлі есімде. Кейін мектепті тамамдап, мамандық таңдау сәті келгенде, бірден кәсіби әнші болуға бекіндім. Сөйтіп, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің музыка кафедрасына оқуға түстім. Осылайша, қызығы мен шыжығы мол өнер саласының қыр-сырын меңгеруге бел будым.
– Өнерпаз түрлі байқауларда шыңдалатыны белгілі. Сіз бұл орайда қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыз?
– Мектеп қабырғасында жүргенімде аудандық, облыстық “Жігіт сұлтаны”, “Есіл жұлдыздары” сынды байқауларға жиі қатысып, бақ сынадым. Жоғары оқу орнында оқи жүріп, “Жас қанат” облыстық ән байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынға ие болдым. Бұл жетістігім менің өнерге деген құлшынысымды одан сайын арттыра түсті. Сахна адамын түрлі дәрежедегі байқаулар ғана емес, ізденіс, еңбек өсіреді. Сондықтан да көп ізденуге, сал-серілердің шығармашылығымен танысуға ерекше назар аударамын. Эстрададан басқа дәстүрлі ән, опера өнерінің шығу тарихын оқығанды ұнатамын.
“Жас қанат” конкурсынан кейін араға біраз уақыт салып, “Шабыт” халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысып, лауреат атандым. Бұдан соң Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық байқауға қатысып, жүлделі орыннан көріндім. Ел алдына шығып, өнер көрсету маған үлкен қуаныш сыйлайды.
– Өрендерді өнерге баулып жүргеніңізден де хабардармыз. Сол жайлы айтып берсеңіз.
– Өнер иесі маған қай жерден ұсыныс түсер екен немесе менің дарынымды кім байқар екен деп шектеліп қалмауы керек. Өзін әр салада сынап, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Менің өмірлік ұстанымым осындай. Өзімнен кіші балаларға білгенімді үйрету мақсатында биылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушыларға вокал пәнінен сабақ берудемін. Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды қазақ ән өнері көгінде шоқжұлдыздай жарқыраған тұлғалардың өмір жолдарын, артына қалдырған мұраларын бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңіру, менің ойымша, киелі сахнаны серік еткен әрбір адамның міндеті болу керек.
Студент кезімде қалалық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет атқардым. Бұған қоса облыстық филармонияда жеке орындаушы ретінде өнер көрсетемін. Тәжірибе жинақтап алған соң, өзім жеке жоба ашу жайын ойластыра бастадым. Мұхит Ахметов, Нариман Жолдасбек есімді өнерлі жастардың басын қосып, “Меломикс” тобын құрдым. Бүгінгі таңда топ облыс көлеміндегі мәдени іс-шараларға белсене қатысуда, өңіріміздің, республикамыздың үздік өнер ұжымдары қатарынан көріну жолында аянбай тер төгудеміз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен
Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.