«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИАИНДУСТРИЯДАҒЫ ЖАҢА БЕТБҰРЫС

Қазіргі заманғы медиа саласының маңызды мәселелерін талқылаған “Astana Media Week” форумы өткен аптадағы айшықты оқиғалардың бірі болды. Сарапшылар форумды Орталық Азия аумағындағы айтулы шара қатарына жатқызды. Қаламгерлер қауымының алқалы жиыны технологиялық медиакластер және салалық бизнес-орталық мүмкіндіктерін біріктіріп отырған “Қазмедиа” орталығында ұйымдастырылуы да форумның жоғары деңгейде өтуіне ықпал еткені даусыз.

Медиаиндустрия саласының 2 мыңнан астам маманы, оның ішінде отандық және шетелдік топменеджерлер, продакшн-компаниялардың өкілдері бар, үш күн бойы тәжірибе, пікір алмасып, қол жеткен табыстарының сырымен бөлісті, жаңа жобалардың тұсаукесерлерін жасады. Цифрлық технологиялар, интернет, әлеуметтік желілер, дәстүрлі БАҚ-тардың трансформациялануы, халыққа сапалы контент ұсыну сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Форумды ашқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұқаралық коммуникациялар саласының қоғамдық дамудың маңызды бір бөлігіне айналып отырғанын атап көрсетті. Бүгінгі таңда елімізде 2547 газет-журнал шығады, 115 телеарна, 65 радио хабар таратады, 196 ақпарат агенттігі жұмыс істейді. Министр осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған ауқымды шара еліміздегі ғана емес, аймақтағы медианарықты қалыптастыруға және одан әрі дамытуға серпін беретініне және журналистер қауымының дәстүрлі диалог алаңына айналатынына сенім білдірді.

– Елордамыздың төрінде шетелдік әріптестеріміз де өз ойларын ортаға салады, өйткені, бұл шараның басты мақсаты – отандық медианарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Жылдан-жылға осы апталыққа қатысуға ықылас білдірген елдер санының артуы – озық тәжірибелермен танысып, шығармашылық шеберлікті шыңдап, жаңа технологияларды ел игілігіне жаратуға берілген үлкен мүмкіндік, – деп бағалады Дәурен Абаев.

Форум аясында “Контент-Маркет” көрмесі жұмыс істеді. Оған қатысқан 15 телерадиокомпания, 50 продакшн-студия және продюсерлік орталықтар телерадиобағдарламаларын, интернет-жобаларын таныстыру, бір-бірімен көзбе-көз сөйлесу, өз өнімдеріне тапсырыс алу мүмкіндіктеріне ие болды. Осылайша, бұл шара медиа-контентке тапсырыс берушілер мен медиа-өнім ұсынушылардың келіссөздер алаңына, әсіресе, продакшн-студияларға өз өнімдерін өткізудің тиімді орнына айналды деуге негіз бар. Мәселен, Қазақстанның медиакеңістігінде өз орнын тауып үлгерген құрылымдардың бірі – “MG Production” кинокомпаниясы алдағы жылы Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романының желісімен телесериал шығаруға әзірлік жасап жатыр екен. Компанияның бас продюсері Ернар Мәліковтың айтуынша, 10 серия жоспарланған, жақында компания өкілдері өңірлерге шығып, басты кейпкерлер – Ербол мен Меңтайдың рөлдеріне лайықты актерлерді іздемекші.

“BOSS PRODUCTION” компаниясы “Күлегеш” сияқты балаларға арналған телебағдарламаларымен танымал болса, әлеуметтік роликтерімен, әзіл-сықақ шоуларымен өз аудиториясын жинап отырған “Медиа магнат групп” компаниясы 12 сериялы “Киелі Түркістан” жобасын жүзеге асырмақшы. Белгілі тележурналист Алексанр Аксютиц жаңаша ойлайтын, өз хоббиін ақша табудың бір жолына айналдыра білетін талантты қыз-жігіттердің бастарын қосып, “Salem Social Media” компаниясын құрған екен. Олар әлеуметтік желілерде сапалы интернет-сериалдар, скетчтер сияқты креативті видеоконтенттерімен таныла бастаған. Әсіресе, қазақ тіліндегі өнімдері жоғары сұранысқа ие көрінеді. Шара барысында қазіргі заманғы телерадиожабдықтарын жеткізумен айналысатын “ДНК-ТВ”, “Тракт-Азия” компаниялары да өз өнімдерінің мүмкіндіктерімен таныстырды.

Форумның алғашқы күні өткен “MediaTalks” конференциясына белгілі продюсерлер, журналистер, жазушылар, актерлер шақырылып, алдағы 10, 20, 30 жылда ақпараттық салада қандай мамандықтар керексіз болып қалады, қандай жаңа мамандықтар пайда болады, еңбек нарығындағы өзгерістерге қалай дайындалу керек деген сауалдар төңірегінде ой бөлісті.

Бүгінгі күн технологиялар жетілген сайын дәстүрлі мамандықтардың да өзгеше сипатқа ие болып отырғанын көрсетеді. Медиаменеджер Евгений Кочетовтың ойынша, цифрлық технологиялар мен жаһандану жағдайында ұлттық ерекшелігін сақтаумен қатар білімге, білуге ұмтылатын, тәртіптілікті басты назарда ұстайтын елдердің болашағы зор. Қазақстанды алдағы уақытта “мұнай нөсері” күтіп тұр деген болжамымен форумға қатысушыларды қуантып тастаған белгілі экономист Рақым Ошақбаев ішкі тұтастықты сақтай отырып, жаңа жағдайларға барынша бейімделгіш, икемді болудың маңыздылығына баса мән берді. Белгілі медиаменеджерлердің бірі, “Нұр медиа” холдингінің бас директоры Ләззат Танысбай цифрлық технологиялар телеөнім өндірісін жеңілдетіп, қазірдің өзінде телевизия саласындағы студия операторы, мұрағат қызметкері сияқты бірқатар дәстүрлі мамандықтардың жойылуына әкеліп соқтырғанына назар аударса, фантаст-жазушы, журналист Азамат Байғалиев табысты болғысы келген адам IT-саласынан табылудың амалын жасауы керек деген ойымен бөлісті. Кинорежиссер Ақан Сатаевтың “Томирис” фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын бақытты болу үшін үш нәрсе керек дейді. Мамандығы бойынша коуч-кәсіптік бағдарлаушы Альмира алдымен әр адам армандай білуі керек, екіншіден, кез келген адамның туа біткен таланты болады, өзіңді зерттеу арқылы басқалардан артықшылығыңды анықтап алып, үшіншіден, батыл әрекет ету керек деп есептейді.

“Astana Media Week” жиынының келесі күні “Өңірлік БАҚ форумы” айдарымен панельдік сессиялар, интерактивті талқылаулар, шеберлік сағаттары түрінде ұйымдастырылып, цифрландыру, жедел ақпарат тарату көздерінің көбеюі жағдайында мерзімді басылымдардың дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. “Медианың сандық трансформациясы: нарық, өндіріс және контент дистрибуциясы” тақырыбындағы панельдік сессияны ашқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік мүддені қолдап, қоғамдық көзқарас қалыптастырудағы, елдің медиакеңістігін дамытудағы аймақтық БАҚ-тың рөлін жоғары бағалап: “Қазіргі күні өңірлік БАҚ алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық, рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру. Аймақтық БАҚ-тың тағы бір міндеті – ел тұрғындарының медиасауатын арттырып, медиамәдениетін қалыптастыру”, – деді.

Ақпаратты жедел тарату, тартымдылық жағынан газет-журналдарға қарағанда біршама алда тұрған телевизияның өзі де қазір интернетпен, әлеуметтік желілермен бәсекеге түскен заман туды. “TNS Central Asia” компаниясының бас директоры Татьяна Старцева ел тұрғындарының телебағдарламаларды қай жерден көруді таңдауына қатысты қызғылықты статистикалық зерттеулермен таныстырды. Қазір қазақстандық аудиторияның 56 пайызын 5-34 жас аралығындағылар құрайды екен, ал осы жастағылардың 46 пайызы телехабарларды үйдегі “көк жәшік” арқылы тамашаласа, 26 пайызы ТV өнімдерін интернеттен қарайды. 35-54 жас аралығындағылардың дәстүрлі теледидар көру көрсеткіші – 71 пайыз, ал 55 жастан әрі қарай – 90 пайыз. Яғни, қалыптасып келе жатқан жағдай дәстүрлі телевизия саласының көштен қалып қоймау жағын ойлауын талап етеді. Сөйтіп, сайт жұмысын жетілдіру, әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру қажеттілігі туып отыр. Бүгінгі күні елімізде 9 млн. интернет пайдаланушы бар. Егер телевизияның жағдайы осындай болса, мерзімді басылымдардың жағдайы қалай болмақ?! Бұл ретте кейбір сарапшылар газет-журналдардың күні бітуге таяу десе, екіншілері жаңа жағдайға бейімделе алған басылымдар әрі қарай дами береді деген пікірде. “Айқын” газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп Қазақстан оқу мәдениеті қалыптасқан ел деп есептейді, сондықтан осы құндылықты сақтау маңызды, ол үшін әрбір ата-ана балаларына “Балдырған”, “Ұлан” сияқты газет-журналдарды жаздырып алып, кішкентайынан оқу мәдениетін қалыптастыруы қажет. Өйткені, данышпан Дидроның сөзімен айтқанда “оқуды қойған адам ойлауды да қояды”. Нұртөре Жүсіп қазіргі қазақ тілінің қайнары – қазақ тілді БАҚ деген пікірін алға тартты. Интернеттің тілі шұбар, сондықтан мемлекеттік тілдің сақтаушысы – дәстүрлі БАҚ. Жаңа медиа ақпарат тарату жағынан ұшқырлығымен, ұтқырлығымен тартымды. Ал елімізді цифрландыру бағдарламасы бойынша 2022 жылға қарай барлық елді мекендер интернетті еркін пайдалана алатын болады. Осындай жағдайда газет-журналдардың жедел ақпарат тарату жөнінен бәсекеге төтеп бере алмауы заңды құбылыс болмақ, яғни талдау, ағартушылық, танымдық функциялар күшейе түсуі тиіс. Нұртөре Жүсіптің пікірінше, дәстүрлі және жаңа медиа құстың қос қанаты сияқты бірін-бірі толықтырып отыруы керек. Бұл ретте газеттердің сайттарын тартымды ету мәселесі де алдыңғы орынға шығады. Бүгінгі күні елімізде 10 мыңнан астам сайт тіркелсе, соның 10 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Ал “Nur.kz” порталының бас директоры Қуат Бахридиновтың айтуынша, қазір, әсіресе, қазақтілді контентке сұраныс өсіп келеді, бүгінгі күні порталды пайдаланушылардың 4 миллионы қазақтілді екен. Өңірлік БАҚ-тар альянсының президенті Ержан Сейітқазинов аймақтардағы ақпарат құралдарының нашар қаржыландырылатынына назар аударды. Оның мәліметінше, елімізде тіркелген БАҚ-тың 77 пайызы өңірлерде орналасқан, ал өткен жылы 53 млрд. теңге көлеміндегі мемлекеттік тапсырыстың 80 пайызы республикалық БАҚ-қа беріліпті. Жергілікті БАҚ қаржыны, негізінен, облыстық атқарушы органдардан алады, сондықтан ұлттық қаржыландыруды көбейтудің маңызы зор. Екіншіден, Ержан Сейітқазинов аймақтарда сапалы жергілікті контент өндіру үшін субсидия бөлу мүмкіндігін де қарастыру қажет деп есептейді. Оның пікірінше, өңірлердегі ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан мақсатты түрде қаржылай қолдау көрсетудің ұлттық ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне де қатысы бар. Бұл, әсіресе, Ресеймен шектесетін өңірлер үшін маңызды. Өйткені, шетелдік басылымдармен сапалы контент қана бәсекелесе алады. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов: “Цифрландыру – дүниежүзілік құбылыс, қазір әлемдік деңгейдегі аса ірі газет-журналдар да өз стратегиясын өзгерту үстінде. Мәселен, Ұлыбританияда 2005-2018 жылдар аралығында 200 газет жабылған. АҚШ-та да сондай көрсеткіш. Ақпараттық құралдар цифрлық жарнамаға ауысу арқылы қаржы табуда. Мұндай мысалдар біздің елде де бар. Мәселен, алғашында қағаз түрінде шыққан “Крыша”, “Колеса” газеттері толық интернетке ауысып, әрі қарай дамуда. “Жас алаш” газеті де бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе бастады. “Егемен Қазақстан” газеті төте жазу, латын әліпбиіне көшу негізінде Иран, Қытай және басқа елдерден де өз оқырмандарын табуда”, – деді. Комитет төрағасы газет сайттарын пайдалану тұрғысында журналистік шеберлікке қатысты бір мәселе бойынша да өз ойын білдірді. Мамандардың зерттеулерінше, интернетке кірген әрбір пайдаланушы алдымен материалдардың тақырыбына назар аударады, 8 секунд шамасында қызғылықты ақпарат таппаса, шығып кетеді екен. Сондықтан тақырыбы айғайлап тұрмаса, мықты жазылған материал да оқылмай қалуы мүмкін.

“Astana Media Week” шарасының үшінші күні “Astana Digital Forum” айдарымен өтіп, осы сала мамандары, сарапшылар, онлайн-кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар қызметкерлері жалпы елімізде цифрландыру бағдарламасының жүзеге асу барысы, экономикамен қатар медиа саласын сандық технологияларға ауыстыру мәселелерін талқылады.

Форумға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова цифрлық революциялар БАҚ-тардың да ауқымды трансформациялануын талап ететінін атап көрсетті. Дәстүрлі массмедиада аудиториямен кері байланыс жоқ, ал жаңа медианы тартымды етіп отырған басты ерекшелік те осы, әлеуметтік желідегі оқырман әрдайым тікелей байланыста. Сондықтан қазіргі заманғы БАҚ оқырманға шынайы ақпаратты жедел жеткізу және аудиториямен кері байланысты ұштастыра отырып, дәстүрлі және жаңа медианың қасиеттерін бойына сіңіруі керек деген пікірде вице-министр.

Медиа саласын цифрландыру бағытында арнайы IT-мамандары жоқ басылымдарға нақты көмек көрсету мақсатында “Баспа ақпарат құралдарын интернетке шығару” жобасы жасалып, “Қазконтент” АҚ-ы өңірлердегі БАҚ-тарға тегін сайттар жасап беру жөнінен қызмет көрсетуде. Өткен жылы өңірлік газеттердің 70 сайты арнайы құрылған “Webpress” сайтының доменіне тіркеліпті, биыл тағы 50 сайтты тіркеу жоспарланған. Қазір газет редакцияларынан өтініштер қабылдануда.

“Astana Media Week” форумы баспасөз қызметтері арасында өткізілген байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасымен жабылды. “Жылдың баспасөз хатшысы” атағына Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек ие болды. Сонымен қатар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, бизнес және квазимемлекеттік сектордың, қоғамдық ұйымның үздік баспасөз қызметі аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

Нәзира ҚҰРМАНКИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp