«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИАСАУАТТЫЛЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

Ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуына байланысты медиасауаттылық бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. “Оқушылар сарайында” мектеп оқушылары арасында “Медиабілім беру және медиасауаттылық” тақырыбында тренинг өткізіп, ақпарат тарату мәселесін талқыладық. 

Ақпарат толқыны тулаған бүгінгі заманда жалған сөз, қате ойдың шырмауында қалып, өзін де, өзгені де адастырмау үшін хабар таңдауға, таратуға сауатты болу керек. Медиасауатты адам қабылдаған ақпаратынан сапалы контент құрып, оны әртүрлі формада таратып, қоғамдық диалог жүргізе алады. Сондықтан өскелең ұрпақтың медиасауаттылығын арттыру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. 

АҚШ-тың көрнекті ойшылы әрі жазушысы Эмерсон Ральф Уолдон: “Өркениеттің шынайы көрсеткіші байлық пен білім деңгейінде, қалалардың көлемінде, өнімнің көптігінде емес, ел тәрбиелеген адамның бейнесінде”, – деген екен. Аға буын өкілдері бүгінгі ұрпаққа мәдениетті, ұстамды, өрелі тәрбие беруге атсалысуы қажет. Кез келген адам қоғамдық ортамен тығыз байланыста өмір сүреді. Ал бүгінгі қоғам үшін, оның ішінде жастар арасында интернет пен әлеуметтік желі үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қолынан ұялы телефоны түспейтін ұлқыздардың мінезқұлығына көптеген ата-аналардың көңілі толмайды. Бұған қоғамдық дерт ретінде қарайтынымыз шындық. Өйткені “өзіне қажеті жоқ ақпаратты бойына сіңіріп алмайды ма?” деген қорқынышқа бой алдыратынымыз анық. Осындай тығырықтан шығудың жолын ұсыну мақсатында заманауи технологияны қалай тиімді пайдалануға болатыны жөнінде ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беруді көздедік.
Тақырыптың өзі еркін ойлау, сыни көзқарас білдіруге негізделгендіктен, оқушылар шараға қызығушылық танытып, белсене қатысты. Ойын, сауал, жаттығу, сұхбат жүргізу арқылы аудиторияның белсенділігін арттырдық. Екі сағатқа созылған кездесуіміз қас-қағымда өте шықты.
Бүгінде медиасауаттылық тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оқу құралын әзірлеп жатырмыз. Оқу құралы АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен, Орталық Азияның “MediaCAMP” (2019) бағдарламасы аясында жарияланбақ. Осындай іргелі ұйымдардың осы тақырыпқа мән беруінің өзіндік сыры бар. “Медиабілім” түсінігі алғаш рет ЮНЕСКО құжаттарында 1973 жылы көрініс тапқан. Халықаралық ұйым медиабілім берудің маңыздылығын сол кезеңнен бері әлемдік деңгейдегі басқосуларда көтеріп жүр. Қазіргі уақытта Қазақстандағы “Internews” ұйымының аймақтық эксперті Гүлнәр Асанбаеваның жетекшілігімен сапалы әрі ауқымды тренингтер, курстар, вебинарлар ұйымдастырылуда. Бірте-бірте бұл өзекті тақырып оқу орындарында білім алушылар үшін жеке пән болып енгізілетіні сөзсіз. “Медиасауаттылық” пәні өте қажет. Қоғамға зиян келтіретін жалған, дәйексіз, тексерілмеген ақпараттардың көлемі жыл санап артуда. Ақпараттық орта мұқият болуды, одан әрі дамуды, жетілуді талап етеді.

Айсұлу ШАЙКЕНОВА,
М. Қозыбаев атындағы СҚМУдің “Журналистика” кафедрасының меңгерушісі, доцент.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp