Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен құқықтық дауларды шешу үшін татуластыру рәсімдері институтын дамыту жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өңір басшысы атап өткендей, қазіргі таңда Елбасының тапсырмасымен тараптарды татуластыру арқылы соттағы дауларды азайту мақсатында медиация институттарын дамыту көзделіп отыр. Сондықтан сот органдары да татуластыру рәсімдері мен дауды шешудің балама түрлерін қолдануда. Осы мақсатты жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 200-ден астам іс медиация тәртібімен шешілген. Бүгінгі күні облыстық сот төрағасының бастамасымен шалғайдағы әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз тұрғындарды қолдау мақсатында жергілікті әкімдікте арнайы кабинет, ал Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанынан медиация орталығы ашылған.
Алдағы уақытта да қоғамда қолайлы құқықтық орта қалыптастыру, дауларды сотқа жеткізбей шешу арқылы істерді және сотталушылардың санын азайту көзделіп отыр. Ал бұған заң саласының мамандары медиация институтын жетілдіру арқылы қол жеткізуге болатынын айтуда. Азаматтық істер бойынша облыстық сот алқасының төрағасы Бақыт Қасейінов, “Содружество” медиация және құқық орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Галина Пехотина, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Сергей Сизинцев өз баяндамаларында медиацияның бүгінгі қоғам үшін тиімділігіне тоқталды.
Меморандумға облыстық соттың судьясы Сәкен Тілегенов, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырлы Едіресов, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов және бірқатар қоғамдық институттардың өкілдері қол қойды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.