«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҒЫМ КӨП

«AMANAT» партиясының облыстық филиалында депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі жайын талқылады. Басқосуда халық қалаулылары қаланың кейбір ықшамаудандарында қажетті маман, тіпті емхананың өзі болмаған жағдайда халықтың қай жерден қалай көмек ала алатынына жауап іздеді.

Депутат Юлия Пронина халқы тығыз орналасқан шағынаудандарда тұрғындармен кездесу кезінде осындай мәселенің үнемі көтерілетінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, жергілікті тұрғындар мамандардың жетіспеушілігіне, қарапайым қан талдауларын тапсырудың, стоматологиялық қызметтерді алудың немесе рентгенге түсудің мүмкін еместігіне жиі шағымданады. Бұған қарамастан олар ай сайын медициналық сақтандыру қорына аударымдар жасайды. Әсіресе, облыс орталығының Жұмысшы кентіндегі жағдай өте күрделі: 28 мың тұрғыны бар кентке медициналық көмекті тек бір ғана жеке мекеме – «MedicaLine» көрсетеді. Алайда бұл мекеменің қызметіне қатысты шағым көп.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мамадияр Байғұловтың айтуынша, түйткілді мәселенің бір түйіні кадр тапшылығына келіп тіреледі. Соңғы бірнеше жылдан бері өңірге мамандар тарту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оның аясында жас дәрігерлерге 8 млн. теңгеге дейін көтермеақы беріледі. Сонымен қатар емханаларға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Ақхалаттылардың аздығынан кей аудандардағы ауруханаларға «қоса атқару» жүйесі енгізілген.

– Аққайың ауданында невропатолог пен кардиолог жетіспейді. Мәселені шешу мақсатында біз қалада дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс істейтін мамандармен келісімге келдік. Енді олар сенбі күні таңғы 9-дан түскі 12-ге дейін, қажет болған жағдайда кешке дейін ауданға барып қабылдау жүргізеді, – деді Мамадияр Байғұлов.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшина да тұрғындардан медициналық сақтандыруға қатысты шағымдардың жиі түсетінін растады. Тек 2025 жылдың алғашқы үш айында филиалға науқастардан 96, ал 2024 жылы 123 шағым түскен.

– Негізі медициналық ұйымның өзінде қажетті маман немесе құрал болмаса, жеткізуші қосалқы орындаушыны тартуға міндетті. Ол үшін қор базасына енген басқа медициналық ұйыммен келісімшарт жасалып, науқас сол клиникаға жіберілуі тиіс. Ал егер мұндай келісімшарт болмаса, науқасты осы қызмет түрі бойынша қордың басқа жеткізушісіне жіберіп, автоматты түрде келісім жасалуы керек. Аудандарда қызметтердің 60, қалада 50 пайызына дейін қосалқы орындаушы арқылы көрсетуге болады, – деді Айнагүл Дәулетшина.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp