Онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, туберкулез аурулары біздің өңірімізде ғана емес, жалпы елімізде кең етек жайып тұр. Оның алдын алу мақсатында медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағанов айтып берді.
– Бүгінгі күні облысымызда 1500-ге жуық дәрігер және 5 мыңға тарта орта білімді денсаулық мамандары тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді, – деп бастады әңгімесін Қабдрахман Еркінұлы – Өңіріміз бойынша 9 облыстық, 2 қалалық, 13 аудандық аурухана мекемесі бар. Амбулаторлық-емханалар саны – 73. Сондай-ақ, 52 фельдшерлік-амбулаторлық және 449 медициналық пункт жұмыс істейді.
Бүгінгі күні онкологиялық, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу органдары ауруларынан, түрлі жарақат алу салдарынан қайтыс болушылар саны артқан. Атап айтар болсақ, былтыр қан айналымы жүйесі ауруынан өмірден өткендердің саны 100 мың адамға шаққанда 283,22-ден 327,33-ке дейін жеткен. Мұның себебі, біздің өңірімізде жастарға қарағанда аға ұрпақ өкілдері басым. Сондай-ақ, скринингтік тексерістің нәтижесі де түрлі ауруларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік тудырған. Науқастардың дені артериалды гипертензия және бас миы тамырларының зақымдануынан өмірімен қош айтысып жатады. Бұл ауру түрлерінің алдын алуда облыстық кардиологиялық орталық дәрігерлеріне арқа сүйеп отырмыз. Жүрегі сыр бергендерге былтыр екі мыңнан астам ота жасалды. Ол жердегі медицина қызметкерлері бірнеше жылдан бері әлемдегі, еліміздегі іргелі денсаулық ұйымдарында біліктіліктерін арттырып жүр. Осындай жоспарлы жұмыстардың арқасында денсаулық сақтау саласындағы түйткілді проблемаларды шешуді көздеп отырмыз.
– Обыр ауруына шалдығушылар саны көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Обыр ауруы жалпы әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Бүгінгі медицинаның обыр ауруын алғашқы сатыда емдейтін мүмкіндігі бар. Облыстық онкологиялық диспансер жыл сайын заманауи медициналық қондырғылармен толығуда. Түрлі ультрадыбыстық-диагностикалық зерттеу жабдықтары жеткілікті. Биылғы жылы да 836 миллион теңге қаржы денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бөлініп отыр. Соның ішінде 357 миллион теңге 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 359 миллион теңге медициналық қондырғылар сатып алуға жұмсалатын болады. Сондай-ақ, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 120 миллион теңгеге қосымша 7 медицина ғимараты жөнделмек. Менің айтайын дегенім, елімізде денсаулық саласындағы қызмет түрлерінің сапасын көтеру үшін барлық жағдай жасалуда. Сондықтан неше түрлі аурулардың қылаң бергеніне қарамастан, заманауи медицина бұл бағыттағы жұмыстарды әлсіретпейді.
Ал онкологиялық аурулар неліктен асқынып тұр деген сауал, шынымен де, әркімді мазалайды. Бірақ бүгінгі күні дәрігерлер бұл сырқат түрлерін де емдеп, жаза алады. Онкологиялық ауруларды 1,2 сатысында анықтау былтыр 0,2 пайызға артты (1034-тен 1053 жағдайға дейін). Ал кеш диагностикалау – 0,4 пайызға, яғни 12,7 пайыздан 12,3 пайызға дейін кеміді.
Өкпе, тері, сүт безі, асқазан обыры дерті асқынып тұрғанын жасыруға болмайды. Бірақ уақтылы дәрігерге көрініп, скринингтік тексерулерден өтіп, денсаулыққа жанашырлық таныту ауру түрлерінің алдын алуға көмектесетінін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Онкоаурумен сырқаттанушылар арасында бес жыл және одан да артық уақыт бойы өмір сүріп жатқандар да бар.
– Қоғамға қаупі зор аурулардың бірі – туберкулез сырқаты. Өңірімізде алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Өткен жылы облысымызда өкпе ауруы бойынша балалар арасындағы өлім-жітім және туберкулездің асқынған түрі тіркелген жоқ. Былтыр 375 мың тұрғын флюорографиялық тексерістен өтсе, 92 600 балаға манту қойылды. Бұрынғыдай емес, өкпе сырқатына шалдығу көрсеткіші 6,7 пайызға азайған. Бұл да дәрігерлердің жылдар бойғы қажырлы жұмысының нәтижесі. Бүгінгі күні туберкулезден емдеудің заманауи зертханалық “HAIN” тест және “БАКТЕК” технологиясы енгізілді. Нақтырақ айтар болсам, өкпе ауруын антибактериалды терапия арқылы емдеу жүргізілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.