М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде үстіміздегі оқу жылында ашылған жоғары медицина мектебінде жергілікті жастармен қатар шетелдік студенттер де білім алуда. Аталмыш мектептің директоры Әсет Ізденовтің айтуынша, 1 қарашаға дейін жалпы медицина мамандығы бойынша 108 студент білім алып келген. Жақында олардың қатары үндістандық 46 жаспен толықты.
– Студенттерге жергілікті емдеу мекемелерінде еңбек етіп жүрген медицина ғылымдарының кандидаттары, Иордания елінен арнайы шақыртылған ғалым дәріс береді. Сондай-ақ, алдағы уақытта АҚШ-тан медициналық биофизика пәні-нің маманы келеді деп күтілуде. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Университетке “Физиология, анатомия және морфология”, “Гистология және жасушалы биология” зертханалары мен 3D симуляторлар сатып алынады. Бұл мақсатқа оқу орнының бюджетінен 100 млн. теңге қарастырылған, – деді Әсет Ізденов.
Жоғары медицина мектебі Қарағанды медициналық университетінің оқыту тәжірибесін негізге алмақ. Мамандар Батыс Қазақстан медицина университетінен арнайы мамандықтар бойынша қажетті 100 кітап алдыртқан. Алдағы уақытта Үндістаннан тағы жүз шақты студент келмек. Шетелдік студенттердің біржылдық оқу ақысы – 850 мың теңге. Бұл қаражат басқа мамандықтардың оқу құнынан 30 пайызға жоғары болса да, үнділіктердің қалтасына салмақ түсірмейді. Өйткені, Үндістандағы медициналық білімнің бағасы әлдеқайда қымбат екен. Сонымен қатар онда жоғары оқу орындары да тапшы.
Университетімізге арман қуып келген жастардың бірі – Аамир Кхан. Ол – Раджастхан штатының Джайпур қаласының тұрғыны. Кішкентай кезінен ақ халат киюді армандаған. Аамирдың Қазақстанға оқуға барамын деген бастамасын ата-анасы қолдаған. Шетелдік студент интернатураны өз елінде өтуді көздеп отыр.
Үндістандық студенттер ет жемейтіндіктен, оларға арнайы ас мәзірі жасалған. Сондай-ақ, университеттің жайлы жатақханасын, бассейнін және кітапханасын пайдалана алады. Оларға университетте сапалы білім алумен қатар ғылыми және шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға барынша жағдай жасалуда.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.