Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бері дамудың даңғыл жолына түсіп көптеген өзгерістер орын алғанына тарих куә. Қай саланы алып қарасақ та, алға жылжу бар. Біздің еліміз әлемге тұрақты әрі беделді мемлекеттердің бірі ретінде танылды. Бірліктің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ілкімді істер қолға алынды. Аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуде біз өзімізді жауапты халықаралық әріптес ретінде дәлелдей алдық.
Еліміздің тұрақты дамуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Елбасының сындарлы саясатын жалғастырып, елімізді одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Елімізді жаңа деңгейге көтеру үшін Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті еселеу маңызды. Жүйелі реформалардың арқасында межелі биікке қол жеткіземіз деп ойлаймын. Еліміздің басты құндылығы – адам және оның өмірі. Сондықтан болашақ ұрпағымыз дамыған, гүлденген елде өмір сүруі үшін Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға әрқайсымыздың атсалысқанымыз жөн.
Қазақстан Президентінің халыққа арнаған Жолдауынан әркім өзіне қажетті негізгі бағытты табады. Президентіміздің “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауы – нақты істердің бағдарламасы. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру медицина саласы қызметкерлеріне де жауапкершілік жүктейтінін айтып өткен жөн.
Бүгінде елімізде жастарды қолдау мақсатында “Дипломмен – ауылға!” атты мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Бағдарламаның мақсаты – ауылдық жерлердің кадрлық әлеуетін қажетті еңбек ресурстарымен нығайту. Әсіресе, әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешенді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Барлық деңгейдегі әкімдер тарапынан жас мамандарға қолдау көрсетіліп жатқаны қуантады. Олар баспанамен қамтамасыз етіліп, бірреттік материалдық көмек алуда. Ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Өйткені, ауылдағы сапалы емдеу шаралары – жеке адамның ғана емес, бүкіл ауылдың физикалық және эмоционалдық жағдайының кепілі. Қасым-Жомарт Тоқаев “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру туралы ұсыныс айтты. Бұл пікір менің де көңілімнен шықты. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған Президентіміз дарынды жастарға үлкен үміт артып отыр.
Қазір біздің ұжымымыз жиырма мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетсе, түрлі аурулар бойынша 7099 адам есепте тұр. Аурулардың алдын алу, өлім-жітім көрсеткішін азайту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылуда. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тұрғындарға амбулаторлық-емханалық, яғни алғашқы медициналық-санитарлық, диагностикалық-кеңес беру, стационарлық және стационар алмастырушы, медициналық қалпына келтіру сияқты бірқатар көмек көрсетіледі. Өткен жылы аудан бойынша он мыңнан астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінді.
Аққайың ауданы бойынша денсаулық сақтау саласында штаттық бірлік 406 адамды құрайды. Соның қырыққа жуығы дәрігер. Биыл хирург, терапевт пен жалпы тәжірибе дәрігері сияқты алты жас маман қатарға қосылды. Соның үшеуі “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан келді. Әр маманға 1,5 миллион теңгеден көтермеақы беріліп, олар баспанамен қамтамасыз етілді.
Жолдауда айтылған медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қатысты тың ойларға да тоқталып өткен жөн. Адам денсаулығы – қоғам байлығы екенін ескеріп, Үкімет әр өңір бойынша медицинадағы нақты деректер топтамасы жөнінде басымдықтар тізімін жасауы тиіс. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл салаға жаңа серпін береді деп сенеміз.
“Мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет”, – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда. Біз межелі биіктен көрініп, еліміздің ертеңі үшін аянып қалмауға тиіспіз.
Мамадияр БАЙҒҰЛОВ,
Аққайың аудандық ауруханасының бас дәрігері.