“100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы біртектілік пен бірлік бағытының жүзеге асырылу барысы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен міндеттерін кеңейту бағытында заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін және ҚХА-ны дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын атап айтты. Бүгінгі таңда аталмыш құжаттар негізінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтуды көздейді.
Елбасы Бес институттық реформаны жүзеге асыру қоғамдық келісім мен мемлекетіміздің тұрақты дамуы жағдайында ғана мүмкін екенін атап көрсетті. Осыған орай Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында тұрақтылықты қамтамасыз ететін қоғамдық келісім кеңестері (47 кеңес) құрылды. Достық үйінде үстіміздегі жылдан бастап медиация кабинеті жұмыс істей бастады. Оның басты мақсаты – қоғамдағы этносаралық қарым-қатынастарды реттеп, күрделі мәселелері бойынша кеңес беру. Сәуір айының басында “Нұр Отан” партиясы, облыстық сот пен адвокаттар алқасы, медиация және құқық, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері қоғамдағы құқықтық дау-дамайларды реттеп отыратын бітімгершілік шаралар институтын дамыту жөніндегі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сондай-ақ, қазақстандық біртектілік пен бірлік тұжырымдамасын және “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын түсіндіру бойынша ақпараттық-насихат тобы құрылып, жұмыс істеуде.
“100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Ол білім жүйесінің төрт жылдық даму бағытын айқындап берді, он екі жылдық білім беруге көшу кезең-кезеңмен жүзеге асады. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың айтуынша, алдымыздағы оқу жылында 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндердің барлығы он екі жылдық үлгі бойынша оқи бастайды. Осыған байланысты 1-сыныпқа келетін 8 мыңнан астам бүлдіршінге жаңа бағдарлама бойынша бюджет есебінен оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар сатып алынады. Одан кейінгі 2017-2018 оқу жылында – 2, 5, 7-сыныптар; 2018-2019 оқу жылында – 3, 6, 8, 10-сыныптар; 2019-2020 оқу жылында – 4, 9, 11-сыныптар жаңа үлгіге ауысады. Жаңа мазмұндағы білім беру аясында екі мыңнан астам мұғалім курстық даярлықтан өтеді.
Үстіміздегі жылы облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңір мектептерінің компьютерлік паркін жаңалауға 100 млн. теңгеден астам қаражат бөлген. Сонымен қатар, бюджет қаржысынан 1,3 млрд. теңге – 68 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізуге және 50 млн. теңге ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген.
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің директоры Николай Ухов аталмыш білім ошағында жұмыс істей бастаған ресурстық орталықтың жұмысына тоқталды. Ресурстық орталықта оқушылар мен педагогтер жаңа техникалар мен технологиялардың, құрал-жабдықтардың, өндіріс пен еңбектің озық тәсілдерін меңгеру бойынша біліктіліктерін арттырады. Орталықта жастар дәнекерлеуші, тасқалаушы, слесарь-сантехник, сылақшы, сырлаушы, өңдеуші, тағы басқа да мамандықтар бойынша курстық даярлықтан өтеді.
Бұл Жалпыға ортақ еңбек қоғамы мақсат-мүдделерін ілгерілетуге, индустрияландырудың және “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын білікті жұмысшы мамандық иелерін даярлауға мүмкіндік береді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.