Таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарап, жұмысын жан аямай атқаратындар әр салада аз емес. Солардың бірі – Ақжар ауданындағы Ұялы ауылында тұратын медбике Алмагүл Смағұлова.
Медицина маманы – адам денсаулығының сақшысы. Алмагүл Смағұлова бұл істе алда. 1986 жылы Омбы медициналық училищесін тамамдаған медбике 35 жыл осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, тынымсыз еңбек етуде. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандардан көмегін аяған емес. Осы уақыт аралығында кейіпкерімізге бірқатар медициналық ұйымдарда жұмыс істеу бақыты бұйырды. Ал қазір ол өзі туған ауылдағы медициналық қосында патронаждық медбике болып қызмет атқаруда. Сондықтан тәжірибелі маман Алмагүл Смағұлованың әріптестерінен үйренгені де, бүгінгі жастарға үйретері де аз емес.
– Мен әрқашан адамдарға көмектескім келеді. Медицина мамандығын таңдауымның да бір себебі – осы. Жұмыстың оңайы жоқ. Әр саланың қиындығы мен қызығы болады. Ал медицинаның жауапкершілігі зор. Өйткені біз адамдардың өміріне жауап береміз. Сондықтан әр науқастың жарасын емдемес бұрын, жанын түсінуге тырысамыз. Жалпы, қандай қиындықтар кездессе де, бұл саланы таңдағаныма өкінбеймін, – дейді ол.
Ауыл тұрғындарының денсаулығы осындай асыл жандардың еңбегіне тікелей байланысты. Медбикенің мамандығына адалдығы, адамдарға қамқорлығының арқасында Ұялыда ана мен бала өлімі мен тағы басқа оқыс жайттар орын алған емес. Ал ісік және құрт аурулары ерте бастан анықталып, науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетіледі.
Алмагүл Төлегенқызы әріптестеріне ғана емес, ауыл тұрғындарына да үлгі. Өз қызметін абыроймен атқаратын білікті маман жерлестерін саламатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Ол аурудың алдын алу, тұрғындардың денсаулығын нығайту мен сақтаудың басым мәселелері бойынша білімділік, ақпараттық және практикалық дағдылар деңгейін арттыруға үнемі назар аударады. Аяғы ауыр әйелдер де медбикенің ақыл-кеңестеріне үнемі құлақ асады. Кіші медициналық қызметкерге күні-түні көмекке жүгінетіндер көп. Ақ халатты абзал жан алдына келген әр адамға мейіріммен қарайды. Бұл – мамандыққа деген адалдық. Көпжылдық тәжірибесіне тоқмейілсімей, ол үнемі білімін жетілдіріп, кәсіби курстардан өтуді дағдыға айналдырған.
Бүгінде Алмагүл Смағұлова жоғары санатты білікті маман. Негізгі жұмысынан бөлек, қоғамдық шараларға да белсенді қатысып тұрады. Аудандық аурухана басшылығының Алғыс хаттары мен марапаттары – еңбегіне берілген жоғары баға. Ал үйде Алмагүл Төлегенқызы – сүйікті жар, асыл ана. Ұялы ауылының тұрғындары елді мекендерінде мейірімді, жанашыр маманның бар екеніне дән риза.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.