
Жергілікті балуандардың қазақ күресінен спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогында осы күнге дейін бағы жанбай келген еді. Солтүстікқазақстандық балуандар үшін аталмыш кубоктың ақтық кезеңінде топ жару бағынбас белес, алынбас асудай болып көрінетін. Бірақ бағы мен бабы келіссе, жеңіске қол жеткізуге болады екен. Көп ішінен топ жарып жүрген жерлесіміздің бірі – Мейірбек Рахимов бұған көпшіліктің көзін жеткізді.
Бүгіндері облыс орталығындағы қазақ күресі үйірмесіне, жаттығу залына бара қалсаңыз, білекті сыбанып, нағыз жанкештіліктің үлгісін көрсетіп, ұтылса, шынайы өкініп, ұтса, бөркін аспанға атып, қуанатын жас балуандарды көресің. Жастайынан осындай бәсекелерде ысылып, талантымен көзге түскен жас спортшының туған жері – Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылы. Болашақ балуан ауыл мектебінің табалдырығын аттаған сәтте марқұм әкесі Нұғмаш Беккужин баласын қазақ күресі үйірмесіне жаздырыпты. Міне, болашақ спортшы қайсарлық пен табандылық сынды күреске ауадай қажет қасиеттерді бойына ауыл мектебінде сіңіреді.
Мейірбектің күрес әлемінің көгіне қалықтап ұшуына қос бапкері – Болат Нұртазин мен Төлеген Жетпісбаевтың қосқан үлесі мол. Бірі Мейірбекті белі қатпаған кезінен күрес өнеріне баулыса, екіншісі небір дүбірлі додаларға баптады. Тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен жерлесіміз күрестің қыр-сырына қанығады. Жетістік есіл еңбек пен мол тәжірибенің арқасында келетіні белгілі ғой. Жас балуан алғашқы ірі жүлдесіне 2014 жылы қол жеткізеді. Ол Павлодар қаласында өткен “Жас барыс” турнирінде күміс жүлдегер атанды. Кейін жастар арасындағы ел біріншілігінен қола жүлдемен оралды. Жарыс сайын шыңдала түскен Мейірбек 2015 жылы 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы ел біріншілігінде өз салмағында топ жарып, жеңімпаз атанады. Бұл жетістікке тоқмейілсімей, жаттығу залында аянбай тер төгуді тоқтатпаған балуан былтыр Шымкент қаласында өткен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы халықаралық сайыста қола медальға ие болды. Дәл осы жылы Ұлттық спорт түрлерінен Ақтөбе қаласында өткен V фестивальда жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Мейірбек Рахимов – спорт пен білімді қатар алып жүрген жастардың бірі. Ауыл мектебін тамамдағаннан кейін ол Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-ге оқуға түсіп, оны дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша ойдағыдай тамамдады. Бұл күнде ол “Қызылжар арландары” спорт клубының мүшесі. Аталмыш клуб тек былтырдың өзінде республикалық және халықаралық сайыстарда жақсы өнер көрсетіп, 7 алтын, 1 күміс және 6 қола медальға ие болды. Сол жеңістерге жетуде Мейірбек те өзіндік үлесін қоса білді. Атап айтқанда, өткен жылы “Қызылжар” қазақ күресінен кәсіби спорт клубтары арасында тұңғыш рет өткен Қазақстан Республикасының кубогы мен кәсіби спорт клубтары арасында өткен чемпионатта үздік үштікті түйіндесе, Алматы қаласында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының ақтық кезеңінде тарихи жеңіске қол жеткізді.
– Клуб құрамында есімдері спортсүйер қауымға жақсы таныс Мұхит Тұрсынов, Ерсұлтан Мұзапаров, Қуаныш Ысқақов, Айдос Сейпілұлы, Мейіржан Берекетов, Рустам Жұмаев, Алтынбек Аусағитов, Батырхан Қайырбек және Мерей Абдрасулов есімді жергілікті балуандар жаттығады. “Сен тұр, мен атайын” деген сайыпқырандардың шеберліктерін қазақ күресінен облыстың бас бапкері Төлеген Жетпісбаев, тәжірибелі жаттықтырушылар Нұрлан Ерғазинов пен Дамир Бекбосынов шыңдауда. Мен өзімді үлкен спортқа енді ғана қадам бастым деп санаймын, – дейді Мейірбек Рахимов.
Спортшының өмірінде тәлімгерлердің сенімі мен қолдауы өте маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Мейірбек томағасын сыпырып, сайыстарға қосқан алғашқы жаттықтырушысы Болат Нұртазин мен қазіргі бапкері Төлеген Жетпісбаевқа, клуб басшылығына деген алғысы шексіз екенін жеткізді. “Қазақ күресінің қыр-сырын үйреткен осы ағаларым. Олардың жаттығулар кезінде берген ақыл-кеңестері мен сенімдері әрдайым жігерлендіре түседі. Ендігі мақсатым – алдағы уақытта әлем чемпионы атану”, – дейді жерлес балуан.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.