Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі болып жатқан өзгерістер білім ошақтарын да айналып өтпейтіні анық. Осыған орай Раисовка орта мектебінің педагогикалық ұжымы алда тұрған міндеттерді дұрыс түсініп, ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға талпына түсуде. Мектептің бүгінгі талапқа сай болуы үшін қосымша материалдық көмек қажет екені белгілі. Бұл бағытта, бақытымызға орай, жолымыз болды, “Раисовское” ЖШС мектебімізге ұдайы қолдау көрсетіп, тұрақты әлеуметтік серіктестігімізге айналды. Өзгелердің мәселесін өзінікіндей қабылдайтын ауылдасымыз, “Раисовское” ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, ауданымыздың құрметті азаматы Владимир Коваленконың қайырымдылығында шек жоқ. Мектеп проблемасын шешуге әрдайым дайын тұрады. Мәселен, білім ошағындағы жөндеу жұмыстарының барлығы осы азаматтың көмегімен жүргізілді.
Владимир Михайлович балалардың қолайлы жағдайда білім алғанына үлкен мән береді. Ол жуырда облыс көлемінде өткен “Мектепке жол” акциясынан да шет қалған жоқ. Жыл сайын осы науқан кезінде аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке қажетті заттарды сатып әперіп, киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. 1 қыркүйек күні 1-сынып оқушылары да депутаттың қолынан осындай сыйлыққа ие болды. Балалар жазғы уақытта да депутат назарында, халық қалаулысы белсенді ұл-қыздардың сауықтыру лагерьлерінде демалуларына зор көңіл бөледі, сонымен қатар үздік оқушылардың Астана, Петропавл қалаларына, Шалқар көліне сапарға шығуларына жағдай жасайды. Құрметті азаматымыз бір жыл бойына барлық балабақша тәрбиеленушілерін, мектеп оқушыларын, педагогикалық ұжым мен техникалық қызметкерлерді тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Мектепке жаңа қазандық сатып әперіп, білім ошағының жанынан жылыжай ашты. Бос уақытта балалар да, ұстаздар да осы жерге келіп еңбектенеді. Жаңа жыл, Наурыз, Халықаралық әйелдер күні, 9 мамыр, Қарттар күні мерекелерінде үздік оқушыларға, түлектерге ақшалай көмек көрсету де игі дәстүрге айналды. Сондай-ақ, Владимир Коваленко мұғалімдер күні мерекесін де назардан тыс қалдырмайды. Жыл сайын біз ардагер ұстаздармен бірге түрлі сыйлықтарға ие болып, қуанып қаламыз.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, асыл азаматтың мейірімді жан екендігі өзге салаларда да көрініс табуда. Владимир Михайлович – ауданымыздағы саламатты өмір салтын ұстанатын белсенділердің бірі. Ол жастар мен ауыл тұрғындарының спортқа деген ынта-ықыласын арттыру мақсатында барлық жағдайды жасап берді, яғни стадионның, хоккей қорабының, бокс залының тұрғызылуына жәрдемдесті. Үздік спортшыларымыз оның қаржылай қолдауының арқасында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.
Осындай игі істерді жасап, бізге қамқорлық танытқан Владимир Михайловичке зор алғысымызды білдіреміз. Осындай жанашырлық нағыз ер адамның бойынан ғана кездесетіні анық.
Раисовка орта мектебінің ұжымы.