«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМДІ МЕДБИКЕ

Біз – облыс орталығының тұрғындары қаладағы №3 қалалық аурухананың емделушілеріміз. Жасымыздың ұлғайған шағында дендеген дертімізді емдеу үшін ауруханада бір емес, бірнеше мәрте жатып, ем қабылдайтын кезіміз болады. Сондықтан да болар, аурухананың терапия бөлімінің медициналық қызметкерлерін өте жақсы танып, біліп алдық десек, артық айтқанымыз емес.

Ал терапия бөлімшесінің аға медбикесі Гүлнәр Самұратқызы Мұсайынова – ақ халатты абзал жан, аяулы ана, адал да сүйікті жар, қадірлі ене, еңбекқор қызметкер, қарапайым да жанашыр адам. Оның осы салада еңбек етіп келе жатқанына биыл 30 жыл толыпты. Осы еңбек еткен жылдар ішінде дертіне шипа іздеп келуші сан қилы адамдардың түрлі тағдырларына, жан күйзелістеріне, қанатымен су сепкен қарлығаштай өз мейірімімен, ақ көңілімен шуақ шашып, биязы, жұмсақ мінезімен науқастардың көңілдеріне үміт отын жағып, медеу бола білген жан.  

“Аш адам ұрысқақ, ауру адам тырысқақ” демейді ме?! Әрбір науқастың қасқабағына қарап, оның бабын тауып, жағдайын жасай білу, сырқаттың мұң-мұқтажын, жанайқайын тыңдай білу асқан шыдамдылықты, төзімді талап етеді. Осы қасиеттерді бойына жинақтаған Гүлнәр Самұратқызы да қашан көрсең ақжарқын, бір қалыпты, сабырлы қалпынан таймайды. Ол кісінің біреуге дауыс көтеріп, ашуланғанын немесе көңіл күйін сыртқа шығарып, томсырайып жүргенін көрмейсің. Гүлнәр Самұратқызы 2005 жылдан бері бөлімнің аға медбикесі қызметін атқарып жүр. Қарамағындағы қызметкерлерге де үлгі боларлықтай. Олардан да науқастарға мейірімді болуды, тиянақтылықты талап етеді. Сондықтан да болар, бұл бөлімшенің барлық қызметкерлері өте ұйымшыл, сыпайы, мейірбан.

Гүлнәр Самұратқызы – екі ұл тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасының ардақты анасы. Отағасы Есенғали екеуінің өсірген ұлдарының үлкені Азамат үйлі-баранды, ата-анасымен бірге бір шаңырақта тату-тәтті тұрмыс кешіп келеді. Кенже ұлдары Азат – мектеп мақтанышы, биыл 11-сыныпты “Алтын белгімен” аяқтап, Астананың Еуразия Ұлттық университетінің студенті атанды. “Тәрбие басы – тал бесік” дегендей, бұл үйдің отбасылық мұрағаты ұлдарының мақтау-марапаттарына, медальдарына толы. Отбасының тұрмыс-тіршілігімен, қызмет бабын қалтқысыз адал атқарып, қос жауапкершіліктің тізгінін қатар ұстап келе жатқан жаны жайсаң, нәзік жан қашан көрсең де, туған қызымыздай апалап, әжелеп, құрақ ұшып тұрады.

Адал еңбек еш уақыт еленбей қалмайды. Жылдар бойы жасаған еңбегі еленіп, 2011 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен, келесі жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының грамотасымен марапатталған.

Сырқатымыз дендеп, көңіліміз жабырқаулы сәтте ақ көңілдерімен қарсы алатын аурухананың басшылығы мен терапия бөлімшесінің меңгерушісі Зәуреш Рахымберлинаға да алғыс білдіргіміз келеді.

Ермек АХМЕТЖАНОВА,

Фатима ДҮЙСЕНБАЕВА.

 Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp