Түн ішінде әйелін перинаталдық орталыққа апарып тастап, қақаған аязда үйіне жаяу қайтып келе жатқан қала тұрғыны өзін патрульдік полиция көлігі жеткізіп салғанын әлеуметтік желілерде жариялады. “Мұндай мейірімді полицейлер барына риза болдым. Өкінішке қарай, көліктің нөмірін қарап үлгермедім”, – деп жазды ол. Небары үш сағаттың ішінде бұл пост 2 мыңнан астам лайк жинап, оның астына 100-ден астам пікір жазылды.
Есіл ауданында жолда көлігі сынып қалған Николаевка ауылының тұрғыны Шәлен Тұрғынжанға да полицейлер көмекке келді. Кіші лейтенанттар Нұрсұлтан Аушахманов пен Азамат Шүкенов жол жиегіне түсіп кеткен көлікті жолға сүйреп алып шықты. Ағасы қосалқы бөлшек алып келгенше жолаушы патрульдік көлікте күтіп отырды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда тәртіп сақшылары бұрғылау қондырғысы тиелген “МАН” көлігінің жүргізушісіне көмек қолын созды. Дидар Дүйсембеков пен Жанболат Нағыманов сынған көлікті гаражға сүйреп апарды. Жамбыл облысының тұрғындары қазір қажетті қосалқы бөлшектердің жеткізілгенін күтіп отыр. Одан соң сапарларын жалғастырмақ.