
“Менің қамқорлығымдағы сәбидің есімі Мөлдір. Жасы – бесте. Церебралды сал ауруына шалдыққан. Бала өздігінен жүріп-тұра алмайды. Тұрақты күтімді қажет етеді. Үйге келген соң кішкентай қызға қандай көмек бере аламын деп көп ойланамын. Шынымды айтсам, оның төсек тартып жатқанын көру мен үшін оңай болған жоқ. Төрт қабырғаға қамалған сәбиіне көмек қолын соза алмау әке-шешені де әбден қажытқан сияқты. Олардың мұңға толы жанарлары әлсін-әлсін көз алдыма елестей берді. Әлеуметтік қызметкер болған соң, аяушылық білдіруден гөрі балғынға жүрек жылуымды төгіп, көмектесу маңызды”.
Бұл шағын жазба петропавлдық Альвина Жәмбетованың күнделігінен алынған. Ол 2010 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үй жайында әлеуметтік көмек көрсету бөлімінде жұмыс істеп келеді. Альвина он жылға жуық уақыт бойы ауыр сырқатқа шалдыққан балалардың өзге бүлдіршіндердей жетіліп өсуіне барынша жағдай жасаудан жалыққан емес.
Альвина Хавалиқызы бір жұмыс күнінің ішінде мүмкіндігі шектеулі 1-7 жас аралығындағы бес бірдей баланы оқытып, серуенге шығарып, тамақтандыруы тиіс. Бұдан басқа науқастарды дене шынықтыру шараларымен қамтуы қажет. Төсек тартқан сәбилердің тазалығы мен күтімі де осы маманның мойнында. Әлеуметтік қызметкердің қамқорлығындағы балалардың арасында церебралды сал ауруына, аутизмге, Даун синдромына шалдыққандар саны басым. Альвина бастапқыда сырқат балалармен жұмыс істеудің оңайға соқпағанын айтады. Бірақ бойындағы күш-жігерінің, өзгеге деген жанашырлығының арқасында сенімсіздікті артқа тастап, балаларға көмекке келуді басты мақсат тұтыпты. Әлеуметтік қызметкер болу үшін әуелі темірдей төзім керек дейді ол. Он жылға жуық уақыт ішінде бірнеше тәрбиеленушісінің оқып, санап үйренгені, көптеген ата-аналардың қиын жағдайдан арылғаны әлеуметтік қызметкердің өз жұмысына деген жауапкершілігін арттыра түскендей.
Маманның қамқорлығында болғандардың бірі – Мәуленовтер отбасы. Бұл отбасының Даун синдромына шалдыққан Назгүл есімді қыздары әлеуметтік қызметкердің көмегімен көп нәрсені үйренген. Сәбидің жағдайы алғашқыда тіпті нашар болатын. Әкесі болса, басына түскен ауыртпалыққа шыдай алмай, отбасын тастап кеткен. Бұл жағдай жаны қиналған сәбидің анасын да әбден күйзелтіпті. Осы сәтте тағдыр тәлкегіне түскен жандарға алғашқылардың бірі болып Альвина көмекке келген. Назгүлге жан-жақты күтім көрсетіп, оның туғандарына да психологиялық көмек беруге тырысады. Тек бірнеше айдан кейін ғана нәзік жанның бұл еңбегі өз жемісін бере бастайды. Қыздың анасы бір кездері өмірден түңілгенін ұмытып, ауруынан айығады. “Көмекке зәру жандарды мейіріміңе бөлеудің өзі бір бақыт емес пе?! Олардың бал-бұл жайнаған жүздерін көргенде, тіпті қуанасың. Мұндай сезім көмекке мұқтаж жандарға деген жанашырлығыңды одан сайын арттыра түседі екен”, – дейді Альвина. Ол бір кездері қамқорлығында болған барлық балалармен бүгінге дейін байланысын үзген емес.
Кең жүректі маман жұмыс барысында жүйке жүйесі сыр берген сырқаттарға да көмек көрсетеді. Бірнеше жылдан бері әлеуметтік қызметті пайдаланып келе жатқан Петропавл қаласының 80 жастағы тұрғыны Клара Советқызы білікті маманның жұмысына дән риза. “Ол келгелі менің өмірім жақсы жаққа өзгерді. Денсаулығым айтарлықтай жақсарып, ауру дегеннің не екенін ұмыттым. Аз уақыттың ішінде Альвина қызым маған сырлас құрбымдай болып кетті”, – дейді ол.
Әлеуметтік қызметкер негізгі жұмысынан қолы қалт етсе, балаларды түрлі байқауларға қатыстырады. Өрендердің қабілеттерін дамыту бағытында Петропавл қалалық үйде қызмет көрсету бөлімінің ғимаратында барлық жағдай жасалған. Мұндағы балалардың бірі жақсы сурет салса, бірі ән шырқай алады. Енді бірі компьютердің тілін жақсы меңгерген. Ғимаратқа кірген кезде қабырғаларға ілінген суреттер әсемдігімен бірден көзге түсті. Балалардың түрлі тақырыпта әзірлеген өзге де еңбектері олардың бос уақыттарының зая кетпейтіндігін аңғартады. Ал ұстаздар өнер додаларында жеңіске жеткен балалардың салған суреттерін төрдегі құрмет тақтасына ілуді жөн санапты.
Сондай-ақ, бөлім қызметкерлеріне арналған лебіздер де жүректі тебірентпей қоймайды. Солардың ішінде Альвина Жәмбетованың адал еңбегіне қатысты айтылған жылы пікірлер аз емес. “Жақсылық жасау – жер басып жүрген әрбір пенденің парызы. Адамның өзгеге жасаған әрбір ізгілікті ісі түптің түбінде бәрібір өзіне қайтатыны өмірдің өзгермес заңдылығы. Жақынына жәрдемдесу, қиналғанға көмектесу – адамның жүрегін жібітетін, мейірімге мұқтаждардың жан дүниесін нұрландыратын сауапты іс емес пе? Біз әрқайсымыз соған ұмтыла білуіміз керек”, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: А. Жәмбетова мен
А. Сейітзадина жұмыс үстінде.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.