«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМ МЕКЕНІ

Халқымыз қашанда перзент сүюді ең үлкен бақытқа балап, ұрпақ тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлген. Сондықтан әрбір ата-ана “Бала – бауыр етің” деп, сәбиіне бар жақсысы мен асылын беруге ұмтылған. Алайда, өмірде жақсылықпен қатар өкінішті сәттердің қатар жүретіні белгілі. Жетімін жылатпаған қазақ бүгінгі күні бұл қасиетінен айырылып, перзенттерін балалар үйіне өткізе бастады. Бүгінде мемлекет тарапынан қамкөңіл болғандарға жан-жақты қамқорлық көрсетілуде. Айыртау ауданындағы балалар үйінде ата-анасынан айырылып, қиын жағдайға тап болған 74 бала тәрбиеленуде. 

Үстіміздегі жылдың мамыр айы­нан бастап біздің мекеменің атауы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы деп өзгертілді. 2015 жылы республикалық “Бөбек” балалар қоры өкіл­дерінің бастамасымен орталық тәрбиеленушілерінің атына депо­зит ашылып, оған түскен қаржы олардың білім алуына жұмсалуда. Бүгінде балалар үйінің түлектері В.Кулешов, К.Денисова мен Е.Ян­димирова депозит қаржысының көмегімен оқу орындарында тегін білім алуда. Сондай-ақ, “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-да 182 баланың атына есепшот ашылған. Үлкен өмірге қадам басқан үш түлек пәтер кілті­не ие болып, жұрт қатарлы еңбек етуде. Мемлекеттік тұрғын үй қорында пәтер кезегіне тұрған 18 жасөспірімге де баспана берілді. Орталық тәрбиеленушілері тегін тамақпен, баспанамен, әлеуметтік көмектер пакетімен қамтамасыз етілген. 

Айыртаудағы балалар үйі елі­міз­дің табысты әрі қоғамға еңбегі сіңген беделді азаматтармен жақсы байланыс орнатқан. Мұндай кездесулердің балаларға пайдасы мол болатынын ескеріп, ұжым бас­шылығы үлгілі отбасыларды мекемеге қонаққа шақыруды игі дәс­түрге айналдырған. Біздің шаңы­раққа қонаққа келген ғарышкер Талғат Мұсабаев, халық қалаулы­лары Анатолий Башмаков, Артур Платонов, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төр­ағасы Ерік Нұрақаев тағдыр тезіне түскен ұл-қыздарға жылы лебізде­рін арнай отырып, ақыл-кеңестерін айтты. Жақсы іс­тердің бел орта­сында жүрген агро­құрылым басшылары да интернат тәрбиеленушілерін назардан тыс қал­дырған емес. Олар ұзақ жылдар бойы орталыққа демеушілік жасауда. “Гусаковка”, “Кутузовское Алиби”, “Жер-Ана”, “Баянтай” және тағы да басқа серіктестіктер жәу­теңде­ген жандарға материалдық көмек берумен қатар олардың шет­елде білім алуына қолғабыс тигі­зуде. Соңғы уақытта қайырымды аза­маттар қатары арта түсуде. Жи­нал­ған қаржы ғимаратты жөндеуге жұмсалып, балаларға компьютер, киім-кешек сатып алынды. Демеу­ші­лердің көмегімен балалар үйін­де мәдени-спорттық, ойын-сауық ша­ралары өткізіледі. Үш жүз тәр­биеленушіміз Петропавл, Көкше­тау, Нұр-Сұлтан қалаларына экс­курсияға барып, шығармашылық байқаулар мен спорттық шара­ларға қатысты. Биыл “Мектепке жол” республикалық акциясы ая­сында жасөспірімдерге елордада қызмет ететін азаматтар өз сыйлық­та­рын жіберді. Осындай жүрегі жо­март жандар тарапынан жасала­тын игі істер балалардың өзіне деген сенімін нығайтып, өмірге оң көзқарасын қалыптастырады. Бас­ты­сы, баланың жақсылыққа жаны құмартып, айналасындағы адам­дар­дың қолдауын сезіне түскені қуантады. Әрине, ешбір материал­дық жағдай ата-ана мейірімі мен жылуын бере алмай­ды. Десек те, біз балалардың ер­теңгі күні лайық­ты азамат болуы үшін аянып қал­май­мыз.
“Өткенді білу – парыз” деген ұранмен балғындар тұрақты түрде облысымыздың тарихи-рухани ор­даларына экскурсия жасайды. Жаз айларында Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориал­дық кешеніне, Айғаным қонысына және Ботай қорығына барып қайт­тық. Бабалар мұ­расын зерттеп, жер­гілікті бай­қау­ларда топ жарған Ангелина Кольчугина Халықара­лық балалар­ды қорғау күні мереке­сі қарсаңын­да Мәскеу қаласына жол тартты. Ал респуб­ликалық зият­керлік байқауының жеңімпазы Михайл Маль­ченко Алматы қала­сына экскур­сиямен барып қайтты. Ангелина мен Михайл сынды бі­лімді және да­рын­ды ұл-қыздарымыз шығарма­шы­лық, спорттық және өзге де ба­ғыттағы конкурс­тар­да ауданның атын шығарып жүрді. А.Хожаева, А.Бердникович, В.Некрута, А.Попеску сынды озат оқушылардың есімдері “Қазақстан­ның болашағы. Еліміздің үздік оқушылары” атты кітапқа енді. Оларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздары Е.Қалиев, С.Сүйінді­кова, Л.Мұсайыпова арнайы мара­патқа ие болды.
2015 жылы орталық жанында хоккей қорапшасы бой көтерді. Ұлда­рымыз бүгінде спорттың бұл түрі­нен айтарлықтай тәжірибе жи­нақ­тап, түрлі жарыстарға қатысып жүр. Біздің мектепті үздік тамамда­ған Александра Хожаева еркін күрестен спорт шебері атағын иелен­ді. Ол бүгінде Айыртау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет атқаруда. А.Шамич, М.Бачурина, Н.Спива­ков сын­ды тәрбиеленушілер түрлі спорт­тық жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізіп, өзгелерге үлгі болуда. Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша кешенді шара­лар жүргі­зілетінін де айтып өткен жөн.
Балаларды қолдау орталығы­ның қызметкерлері мен тәрбиеле­ну­шілері ауданымыздағы қоғам­дық-саяси, мәдени шараларға бел­сене қатысады. Қолданбалы-сәндік өнер тақырыбындағы көр­ме­лерде балалар дайындаған “Бір шаңырақ астында” және “Жаппай еңбек ету қоғамы” композиция­лары үздік деп танылды.
Интернатта тәрбиеленушілер саулығына баса назар аударыла­ды. Жылына екі рет балалар дәрі­герлердің тексеруінен өтеді. Жүре­гінде ақауы бар бір оқушымызға Нұр-Сұлтан қа­ласында ота жасал­са, көру қабі­леті нашарлаған тағы бір тәрбие­ленушіміз шетелдің үздік дәрігер­ле­рінің қарауында болып, ем қабылдады. 400-ден астам өрен “Бу­рабай” оқу-сауықтыру ор­та­лығын­да демалып, Щучинск қа­ла­сын­дағы “Балдәурен” оңалту орта­лы­ғында денсаулықтарын жақсарт­ты.
Жазғы демалыс кезінде орта­лық жанындағы сауықтыру лагері өз жұмысын бастайды. Оқушыла­ры­мыз бос уақыттарын табиғат аясында, яғни Шалқар және Имантау көлдерінде өткізеді. Екінші жыл қатарынан “Сокол” лагерінде де тәрбиеленушілерімізге арналған түрлі шаралар өтті.

 

Валентина НАЙМАНТАЕВА,
Айыртау аудандық
қиын жағдайға тап болған
балаларды қолдау орталығы
директорының орынбасары.
  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp