
Халқымыз қашанда перзент сүюді ең үлкен бақытқа балап, ұрпақ тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлген. Сондықтан әрбір ата-ана “Бала – бауыр етің” деп, сәбиіне бар жақсысы мен асылын беруге ұмтылған. Алайда, өмірде жақсылықпен қатар өкінішті сәттердің қатар жүретіні белгілі. Жетімін жылатпаған қазақ бүгінгі күні бұл қасиетінен айырылып, перзенттерін балалар үйіне өткізе бастады. Бүгінде мемлекет тарапынан қамкөңіл болғандарға жан-жақты қамқорлық көрсетілуде. Айыртау ауданындағы балалар үйінде ата-анасынан айырылып, қиын жағдайға тап болған 74 бала тәрбиеленуде.
Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап біздің мекеменің атауы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы деп өзгертілді. 2015 жылы республикалық “Бөбек” балалар қоры өкілдерінің бастамасымен орталық тәрбиеленушілерінің атына депозит ашылып, оған түскен қаржы олардың білім алуына жұмсалуда. Бүгінде балалар үйінің түлектері В.Кулешов, К.Денисова мен Е.Яндимирова депозит қаржысының көмегімен оқу орындарында тегін білім алуда. Сондай-ақ, “Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі” АҚ-да 182 баланың атына есепшот ашылған. Үлкен өмірге қадам басқан үш түлек пәтер кілтіне ие болып, жұрт қатарлы еңбек етуде. Мемлекеттік тұрғын үй қорында пәтер кезегіне тұрған 18 жасөспірімге де баспана берілді. Орталық тәрбиеленушілері тегін тамақпен, баспанамен, әлеуметтік көмектер пакетімен қамтамасыз етілген.
Айыртаудағы балалар үйі еліміздің табысты әрі қоғамға еңбегі сіңген беделді азаматтармен жақсы байланыс орнатқан. Мұндай кездесулердің балаларға пайдасы мол болатынын ескеріп, ұжым басшылығы үлгілі отбасыларды мекемеге қонаққа шақыруды игі дәстүрге айналдырған. Біздің шаңыраққа қонаққа келген ғарышкер Талғат Мұсабаев, халық қалаулылары Анатолий Башмаков, Артур Платонов, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Ерік Нұрақаев тағдыр тезіне түскен ұл-қыздарға жылы лебіздерін арнай отырып, ақыл-кеңестерін айтты. Жақсы істердің бел ортасында жүрген агроқұрылым басшылары да интернат тәрбиеленушілерін назардан тыс қалдырған емес. Олар ұзақ жылдар бойы орталыққа демеушілік жасауда. “Гусаковка”, “Кутузовское Алиби”, “Жер-Ана”, “Баянтай” және тағы да басқа серіктестіктер жәутеңдеген жандарға материалдық көмек берумен қатар олардың шетелде білім алуына қолғабыс тигізуде. Соңғы уақытта қайырымды азаматтар қатары арта түсуде. Жиналған қаржы ғимаратты жөндеуге жұмсалып, балаларға компьютер, киім-кешек сатып алынды. Демеушілердің көмегімен балалар үйінде мәдени-спорттық, ойын-сауық шаралары өткізіледі. Үш жүз тәрбиеленушіміз Петропавл, Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларына экскурсияға барып, шығармашылық байқаулар мен спорттық шараларға қатысты. Биыл “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында жасөспірімдерге елордада қызмет ететін азаматтар өз сыйлықтарын жіберді. Осындай жүрегі жомарт жандар тарапынан жасалатын игі істер балалардың өзіне деген сенімін нығайтып, өмірге оң көзқарасын қалыптастырады. Бастысы, баланың жақсылыққа жаны құмартып, айналасындағы адамдардың қолдауын сезіне түскені қуантады. Әрине, ешбір материалдық жағдай ата-ана мейірімі мен жылуын бере алмайды. Десек те, біз балалардың ертеңгі күні лайықты азамат болуы үшін аянып қалмаймыз.
“Өткенді білу – парыз” деген ұранмен балғындар тұрақты түрде облысымыздың тарихи-рухани ордаларына экскурсия жасайды. Жаз айларында Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне, Айғаным қонысына және Ботай қорығына барып қайттық. Бабалар мұрасын зерттеп, жергілікті байқауларда топ жарған Ангелина Кольчугина Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында Мәскеу қаласына жол тартты. Ал республикалық зияткерлік байқауының жеңімпазы Михайл Мальченко Алматы қаласына экскурсиямен барып қайтты. Ангелина мен Михайл сынды білімді және дарынды ұл-қыздарымыз шығармашылық, спорттық және өзге де бағыттағы конкурстарда ауданның атын шығарып жүрді. А.Хожаева, А.Бердникович, В.Некрута, А.Попеску сынды озат оқушылардың есімдері “Қазақстанның болашағы. Еліміздің үздік оқушылары” атты кітапқа енді. Оларды білім нәрімен сусындатқан ұстаздары Е.Қалиев, С.Сүйіндікова, Л.Мұсайыпова арнайы марапатқа ие болды.
2015 жылы орталық жанында хоккей қорапшасы бой көтерді. Ұлдарымыз бүгінде спорттың бұл түрінен айтарлықтай тәжірибе жинақтап, түрлі жарыстарға қатысып жүр. Біздің мектепті үздік тамамдаған Александра Хожаева еркін күрестен спорт шебері атағын иеленді. Ол бүгінде Айыртау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет атқаруда. А.Шамич, М.Бачурина, Н.Спиваков сынды тәрбиеленушілер түрлі спорттық жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізіп, өзгелерге үлгі болуда. Түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша кешенді шаралар жүргізілетінін де айтып өткен жөн.
Балаларды қолдау орталығының қызметкерлері мен тәрбиеленушілері ауданымыздағы қоғамдық-саяси, мәдени шараларға белсене қатысады. Қолданбалы-сәндік өнер тақырыбындағы көрмелерде балалар дайындаған “Бір шаңырақ астында” және “Жаппай еңбек ету қоғамы” композициялары үздік деп танылды.
Интернатта тәрбиеленушілер саулығына баса назар аударылады. Жылына екі рет балалар дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Жүрегінде ақауы бар бір оқушымызға Нұр-Сұлтан қаласында ота жасалса, көру қабілеті нашарлаған тағы бір тәрбиеленушіміз шетелдің үздік дәрігерлерінің қарауында болып, ем қабылдады. 400-ден астам өрен “Бурабай” оқу-сауықтыру орталығында демалып, Щучинск қаласындағы “Балдәурен” оңалту орталығында денсаулықтарын жақсартты.
Жазғы демалыс кезінде орталық жанындағы сауықтыру лагері өз жұмысын бастайды. Оқушыларымыз бос уақыттарын табиғат аясында, яғни Шалқар және Имантау көлдерінде өткізеді. Екінші жыл қатарынан “Сокол” лагерінде де тәрбиеленушілерімізге арналған түрлі шаралар өтті.
Валентина НАЙМАНТАЕВА,
Айыртау аудандық
қиын жағдайға тап болған
балаларды қолдау орталығы
директорының орынбасары.