
Мағжан Жұмабаев ауданында Сулышоқ деген ат төбеліндей ғана ауыл бар. Аудан орталығына тиіп тұр, жеңіл көлікпен жарты-ақ сағат жүресің. Қазақтың қай жері болмасын көрікті ғой, бұл ауыл да жан-жағы қайыңды орманмен көмкерілген, кіре берісінде жаз бойы қаңқылдаған қаз бен кербез аққу қонған айдын көлі бар. Осы ауылдың тумасы шаруашылықты қолына алып, елдің іргесін сөкпей, ұстап отыр. Ерінбегенге жұмыс та тауып береді. Тек бір кездері жастардың аңсары қалаға ауып, тоз-тозы шығып, тұрғындары тарап, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған еді. Қазір жағдай біршама жақсарды, 35 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Оңтүстік өңірлерден көшіп келгендер мен келемін дегендерге арналып 10 үй салынуда. Тағы бір жақсы жаңалық – ауылда бала саны көбейді. Осыдан 4 жыл бұрын ауылдағы мектепке баратын оқушылардың саны 10-ға да толмайтын еді, ал қазір 50-ден асты. Тіпті 1990-шы жылы тұрғызылған ғимарат тарлық ете бастаған.
“Бэби-бумның” сыры неде дейсіз ғой? Асықпаңыз, бәрін басынан бастайын. Кішкентай ғана ауылдағы демографияның күрт көтерілуіне тікелей себепші 2017 жылы Жетісудан көшіп келген ерлі-зайыпты Асхат пен Гүлнұр. 7 баласы бар отбасының келуі ауылдағы қарадомалақтардың қарасын молайтқаны анық. Бұл әулеттің көшіне ілесіп, тағы бірнеше отбасы осы ауылға табан тіреді. Гүлнұр Ахаева оқушылары толар-толмас мектептің тізгінін қолына алып, директорлық қызмет атқара бастаған. Алайда “Білім ордасы жабылады” деген хабар тұрғындарға ауыр тиді. Ең алдымен, қарадомалақтардың болашағы үшін оңтүстіктен көшіп келген отбасылар да балаларын қайда апарып оқытарларын білмей дал болды. Қыстың көзі қырауда көшіп келіп, осы жерге қоныстанамыз, өркен жаямыз деген армандарына балта шабылғандай еді.
“2002 жылы тұңғышымды босанғанда перзентханада 5-6 тастанды бала жатты. Жаным ашып, жүрегім езілгені соншалық әлгі балалардың бәрін алып кеткім келді. Бірақ жолдасым жүрексінді. Содан бері 17 жыл өтті. Сәті енді келген сияқты. Жолдасым – өте балажан адам. “7 бала сыйған үйге 15-і де сияды” деді. Бірден құжаттарды жинап, жетім балаларды қамқорлыққа алу туралы өтінішімді бердім”, – дейді Гүлнұр Ахаева.
Балаларды асырап алуға қойылатын талап бар. Ата-анасы деп емес, қабылдаушы деген мәртебе береді. Мәртебе өз алдына, ең бастысы, жетімектерге деген мейірім мен махаббатты айтсаңызшы. Балалар интернатта ас-судан тарықпаса да, ата-ананың ыстық құшағын ештеңе айырбастай алмасы анық. Асхат пен Гүлнұрдың арманы да осы, тағдыр телкісіне ұшыраған жетімектерді өз панасына алып, әкенің тәрбиесін, ананың жылуын сыйлау. Баланы бағудан бұрын, соған тәуекел ету қиын.
“Қызылжар өңіріне өмір сүреміз, балаларды жеткіземіз деп келдік. Келгесін мектептің жайы анау, жабылды да қалды. Ауылды құтқарудың, мектепті ашудың жолы арманымызға тікелей байланысты болып шықты. Мүмкін, Құдай өзі жетелеп әкелген шығар. Бұл балаларымыздың несібесі осы Сулышоқтан, біздің шаңырағымыздан бұйырып тұр екен. Ендеше, неге тартынуымыз керек дедік те, құжаттарды жинауға кірістік. Аудандық білім бөлімі көмектесті, барлық құжаттарымызды өткізіп, 2018 жылы 4 баланы асырап алдық”, – дейді ерлі-зайыпты.
Бас-аяғы екі жылдың ішінде Асхат пен Гүлнұр 8 баланы бауырына басты. Алғашқы төртеуін Ақтау мен Атыраудан әкелді. Мына қызықты қарасаңызшы, ағайынды Шыңғыс пен Айбек жастарына байланысты бірі – Айыртаудағы интернатқа, екіншісі – Петропавлдағы бөбектер үйіне түседі. Екі бауырды бір-бірінен ажыратпайын деп, екеуін де асырап алып отыр. Иван мен Алешаны да 2 жасында бауырына салыпты. Қазір үлкендерін үй шаруасына үйретіп, өздеріне қолғабыс қылып отыр. Ең бастысы, балалардың оқу үлгерімдері жақсы, мұғалімдер де олардың сабаққа деген ынталарына риза. Бұл – үйдегі үлкендерінің кішілерге деген қамқорлығының жемісі болса керек.
“Он бес баланы тәрбиелеу оңай да емес, қиын да емес. Балалар бір-біріне көмектеседі, сабағын істеседі, малға қарасады, әкелеріне қолқанат. Өзіміздің қалыптасып қалған күнделікті жұмысымыз бар. Әркім өз міндетін біледі”, – дейді көпбалалы ана. Қазір Гүлнұр директорлықтан бас тартып, қатардағы мұғалім болып қызмет атқарып жүр. Өйткені басшы болудың машақаты көп, ал бала болғасын ауырмай тұрмайды. Ондай кезде ананың жылы сөзі мен ыстық алақанының өзі ем. Бастысы, өзі үлгі болып, ұл-қыздарын еңбекке баулымақ. Жуырда тігін машинкасын сатып алып, қыздарын іс тігуге үйретуге кіріскен. Ұлдар жағы Асхаттың соңында. Отын тасып, мал жайлап, суға барып, әрқайсысы шамасы келгенше қолқанат болып жүр.
Отағасы Асхат мектепте күзетші болып еңбек етеді, бұған қоса жергілікті шаруашылықта да қосымша жұмыс істейді. Көктем мен күзде егін сеуіп, оны орып нәпақасын айырады. Ең бастысы, “бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады” деген халық даналығын естен шығарған емес. Екеуінің айлығы мен мемлекет төлейтін мардымсыз жәрдемақыға күн көру мүмкін емес. Осы тұста жергілікті кәсіпкер Қайрат Жәнібековтің қолдауы зор екенін айта кеткен жөн. Жомарт жан бұл отбасыға екі бірдей үй сыйлап, таршылық көрмеуін қадағалап отыр.
Айтпақшы, үйдің тұңғышы биыл әскер қатарына алынып, борышын өтеуде, одан кейінгі ұл аудан орталығында 10-ыншы сыныпта оқып жүр. Қалған он үш баланың қаздың балапандарындай тізіліп кетіп бара жатқанын көрудің өзі бір ғанибет дейді көршілері. Ересектері мектепке, кішілері шағын орталыққа барады. Бір қиыны, ғимарат тар. Сабақ тек 4 кабинетте ғана жүргізіледі, тағы 1 бөлмені мектеп жасына дейінгі бөбектерге берген. Он балаға арналған аядай ғана жерде он алты бүлдіршін тәрбиеленуде. Осылайша, төрт жыл бұрын бала толтыра алмай жабылған мектепке, енді оқушылар сыймай жатыр. Бұл берекелі ауылға оңтүстік өңірлерден көшіп келуге ниет білдіргендер көп көрінеді. Ауыл тұрғындары осы қарқынмен өсе беретін болса, болашақта мектеп салуға тура келуі мүмкін. Көпшіліктің тілегі де осы.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”.