Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тірегінің бірі. Тазару, өсу, өну, береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.
Қайырымды жандардың зекет парызын өтеуі дұрыс бағытта жүргізілуі үшін 2012 жылы ҚМДБ жанынан «Зекет және қайырымдылық» қоры құрылды. Қордың жұмысын ҚМДБ мен оның құрамындағы қамқоршылық кеңесі қадағалап, реттейді. Жиналған қаржының барлығы арнайы көмек беру алгоритмі арқылы мақсатты түрде мұқтаждарға жеткізіледі және қор қаржылай есебін ресми сайттарда, әлеуметтік желілерде ашық түрде жариялап отырады.
2024 жылы «Зекет және қайырымдылық» қоры республика аумағында «Өмірге үміт сыйла» акциясы бойынша 13 375, «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында 803 отбасына көмек көрсетті. 93 268 отбасы «Тайқазан», 21 977 шаңырақ «Киім-кешек» жобасы аясында көмекпен қамтылды. «Қолдан қолға» акциясы барысында 12 909 отбасына қолдау көрсетілді. «Білім» жобасы аясында 693 шәкірттің оқу ақысы, жол шығыны төленді. «Мешіт пен медресеге» акциясы бойынша 441, сонымен қатар, маусымдық «Мектепке жол» акциясы аясында 25 914 отбасына, «Раббың үшін құрбан шал» жобасы бойынша 136 964 отбасына, «Шарапатты Рамазан» акциясы бойынша 39 494 отбасына көмек берілді.
«Зекет және қайырымдылық» қоры облыстық филиалының ұйымдастыруымен 2024 жылы біздің өңірімізде де жоғарыда аталған жобалар мен акциялар ұйымдастырылып, 109 қайырымдылық шарасы өткізілді. Оның аясында 4166 отбасына 3531320 теңгенің қаржылай көмегі үлестірілді.
Қасиетті Құранның көптеген аятында Алла Тағала зекетті намаз құлшылығымен бірге орындауды бұйырған. Бұл зекеттің қаншалықты маңызды іс екенін көрсетеді. «Бақара» сүресінің 43-аятында: «Намазды толық орындаңдар және зекетті беріңдер», – деп айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зекетті бес парыздың бірі ретінде атап: «Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа Құдай жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.ғ.с.) Оның Елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, рамазан оразасын ұстау, шамасы келген кісіге Алланың үйіне қажылық ету», – деген.
Хакім Абай:
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп мұсылман адамның бес парызды толығымен орындауы керектігін өлең жолдарымен жеткізген.
Қасымхан ИСАЕВ,
қалалық «Қызылжар» мешітінің бас имамы, «Зекет және қайырымдылық» қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі.