Тәртіп сақшылары ішкі істер органдарынан, зейнет демалысына шыққан аға буын өкілдерін, ардагерлердің жесірлерін, қызмет етіп жүрген аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Облыстық полиция департаменті Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі Варига Әбілмәжінованы құттықтауды да ұмытқан жоқ. Варига Шәймерденқызының жұбайы Насыр Әбілмәжінов – майдангер, соғыстан кейін милиция қатарында қызмет атқарып, Возвышен аудандық ішкі істер бөлімін басқарған. 30 жыл бұрын дүние салған ардагердің әріптестері күні бүгінге дейін оның зайыбына қолдау көрсетіп тұрады. Ведомство бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев бастаған тәртіп сақшылары кейуананы Халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс келген 90 жасқа толу мерейтойымен құттықтау үшін үйіне арнайы барды. Зейнеткерге гүл мен сыйлық табыстаған олар мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Сонымен қатар Петропавл қалалық полиция басқармасында қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген аруларды құттықтауға арналған шара ұйымдастырылды. Қылмыспен күресте, қоғамдық тәртіпті сақтап, тұрғындармен өзара байланысты қамтамасыз етуде ерлермен бірге 209 әйел қызмет етіп келеді. Олардың 131-і – офицер, 12-сі – сержант, 15-і мемлекеттік қызметші болса, 51-і – ерікті құрамның қатарында қоғам тыныштығына өз үлесін қосып жүрген арулар. Басқарма бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов аруларға ақ тілегін арнады.
Мерекелік жиын тәртіп сақшыларының Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ саздыдрама театрының әртістерімен және Ұлттық ұлан әскери институтының шығармашылық ұжымымен бірлесіп әзірлеген концертімен аяқталды.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.
СУРЕТТЕ: М.Төлебаев В.Әбілмәжінованы құттықтауда.