Қалалық Мәдениет үйінде бастау алған “Қазақ халқына мың алғыс” мерекелік шаралар легі демалыс күндері де жалғасын тапты. Жастардың бойына адамгершілік, қайырымдылық, Отан-ға деген сүйіспеншілікті сіңіретін мереке өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына арнаған шынайы ризашылығына толы болды.
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Бір ел – бір тағдыр” көрмесін тамаша-лауға жиналған қауым жазықсыз жер аударылғандардың ауыр тағдырынан, қиын-қыстау замандағы қасіреттен сыр шертетін кітаптарды оқып, тың деректерге қанықты.
Жерлестеріміз ізгі қасиет – қайырымдылық жасауды бұл күні де ұмытпады. Көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың балаларына қолдау көрсету мақсатында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының бастамасымен қолға алынған “Біз біргеміз” акциясын қолдаушылар аз болмады. Облыстық мәслихат, “Nur Otan” партиясының өңірлік филиалы мен “Jas Otan” жастар қанатының өкілдері, сонымен қатар кәсіпкерлер қайырымдылыққа белсене қатысты. Мейірімді жандар ат басын тіреген алғашқы шаңырақ – Михайловтар отбасын ассамблея мүшелері үнемі назарда ұстайды. Өткен жылы “Ассамблея” корпоративтік қоры мен мейірімді жандардың көмегімен отбасының баспана мәселесі шешімін тапқан еді. Бүгінде қос бүлдіршіннің біреуі балабақ-шада, екіншісі мектепте білім алып жүрсе, аналары тұрақты жұмысқа орналасқан. Шуақты мерекеге орай оларға азық-түлік, облыс орталығындағы тігін фабрикасы берген сыртқы киім, “Өзінше” оқыту орталығына сертификат, тағы басқа сыйлықтар табысталды.

Осыған дейін “Сомониен Север” тәжіктер қауымы” қоғамдық бірлестігі “Мектепке жол” акциясының аясында Александр Марченконың екі баласын толық киіндіріп, сөмке сатып әперген болатын. Жалғызбасты әке осы күні де өздерін назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсеткен қайырымды жандарға ризашылығын білдірді.
Жастар сарайында “Мята” агенттігінің жетекшісі, онкологиялық ауруға шалдыққан Екатерина Башкатованы қолдауға бағытталған қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Залға кіреберісте тіл үйірер тәттілер мен өнер туындылары сатылды. Облыстың шығармашылық ұжымдары белсене қатысқан шараның қорытындысында жиналған үш миллион теңге Екатерина Башкатованың еміне жұмсалмақ.
Осындай ізгі шаралардың арқасында аталған мереке біздің қоғамдағы татулық пен келісімді, достықты одан әрі нығайтып, мейірімді жандардың қатарын арттырады деген сенімдеміз.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.