«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМ ШУАҒЫ

Тағдырдың тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер сияқты өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау – әрбір адамның міндеті. Өңірімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тоғыз медициналық мекеме болса, соның ішінде Айыртау ауданындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жетекші орынға ие.

Табиғаты әсем Саумалкөлдің жағалауында орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығында он сегіз жастан асқан психоневрологиялық ауытқушылығы бар 276 адам бар. Ерлер мен әйелдерге қызмет көрсететін төрт бөлімше жұмыс істейді. Мекемеде медицина қызметкерлері, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, психологтар мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында әрбіреуімен жеке жұмыс жүргізеді. Өйткені, мұндағы тағдырдың ауыр жүгін арқалаған әр адам ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан орталық қызметкерлері қамқорлық көрсетумен қатар, жүрек жылуымен жарымжан адамдардарға қуаныш сыйлауды басты мақсат етеді.

Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әрбірінің өмірі күресу мен күдіктен, қорқыныш пен үрейден, қуаныш пен шаттықтан тұрады. Бірде қуанып, бірде жүздерін мұң торлайтын тағдыры қиын адамдардың өмірге деген құлшынысы ерекше.

Осыдан сегіз жыл бұрын аяқ-қолы жансызданған емделушінің бірі орталыққа келіп, мамандардың көмегіне жүгінген. Науқасты өмірге бейімдеп, үміт отын өшірмеуге тырысқан мекеме қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі өзінің нәтижесін берді. Түрлі жаттығу жұмыстары мен емдік шаралардың арқасында ол жақында қайта жүріп кетті.

Психикалық ауытқуға байланысты сөйлеу мүмкіндігінен айырылған тағы бір науқастың жағдайы жақсарғанын айтып өткен жөн. Мамандардың қамқорлығы мен көмегінің арқасында ол өлең оқып, мерекелік шараларда өнер көрсететіндей дәрежеге жетті. Осындай көңілі даладай кең, пейілі ақ, ізгі ниетті мамандардың көмегінің арқасында мүмкіндігі шектеулі адамдар қамқорлықтан кенде қалып жатқан жоқ. Күн сайынғы тынымсыз еңбекпен олар үлкен жетістіктерге қол жеткізуде.

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қиын сәттерде қайраты мұқалмаған ардагерлері мекеме қызметкерлеріне үлгі боларлықтай. Қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында оларға лайықты құрмет көрсетілуі еселі еңбектің өтеуі десек қателеспейміз. Сондықтан Болат Ахметжанов бастаған ұжымның бірлігі мен берекесіне қызыға да қызғана қарайсың.

– Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қайырымдылық шарасы өтті. Бұл шараға еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер шақырылды. Оларға мекеме қызметкерлері мен емделушілер мерекелік концерт қойып, көңілдерін бір көтеріп тастады. Азық-түлік пакеттерін тарту еттік, – деді мекеме директоры Болат Ахметжанов.

Орталықта вокалдық және би топтары құрылған, қолөнер көрмесі жиі өткізіледі. Жақында Петропавл қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық фестивалінде орталық емделушілері Вадим Плоссков пен Василий Скворцов өнер көрсетіп, өмір сынақтан тұрса да кедергілерге жол жоқ екенін дәлелдеді. Басқа түскен қиындықтарға ешқашан мойымаған емделушілер өмірдің әрбір жарқын сәтін қызықты өткізуге тырысады.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp