«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКЕНЖАЙЫ ЖОҚ БАЛА

 Қасымның тұрақты мекенжайын сұрай қалсаңыз, одан нақты жауаптың орнына, ақтала жөнелгенін еститін едіңіз. «Ұшарын жел, қонарын сай» біледі дейтін адам осындай-ақ болар. Өзі дүние жиып, бір жерге орнығып тұрып көрмеген адам. Үй алып, өз отауының отын тұтатуды ойламайтын да сияқты. Оның сыртында мінез-құлқының көпке оғаш көрінетін тұстары жетіп артылады.

Әділжан МЕРЕЙҰЛЫ,

43 жаста.

Отыздан асса да үй-күйсіз жүрген Қасымның бұл өмір сал­ты мен сияқты жаңа танысқан адамдарға әуел баста қызық, тіпті таңданарлық болып көрін­генімен, уақыт өте келе онымыз алаңдаушылыққа айнала баста­ды. Бір қарағанда Қасым ел қы­зығардай жақсы-ақ адам. Жұмы­сында жерге қарап көрген емес, табысы да жақсы. Сөйлесе кет­сең жүзінен мейірімнің лебі есіп тұрады. Өзі барынша ашық- жарқын, көпшіл. Алайда бір таңданарлығы, осындай жақсы қасиетіне қарамастан, тұрмыс­тық мәселелерге келгенде мүлде олақ. Қашан көрсең үйден-үйге көшіп, бір жерге тұрақтай алмай жүргені. Бірде жолдасының, бір­де туысқанының үйіне, бірде қо­нақүйге түней салу ол үшін еш қиындық тудырмайды. Жалда­ған пәтерінде де жарты жылдан көп тұрақтаған емес. Тіпті туға­лы осындай өмір сүріп жүрген­дей мұнысын мүлде олқы көр­мейді. Әйтпесе үй алып, шаруа­сын түзеймін десе, қолынан іс келетін, еңбекқор адам ғой. Қа­сымның бұл әдетін отызға келсе де жастық желігін баса алмай жүрген албырттыққа балауға болмас. Ол қызық қуып өмірін өткізерліктей ойын-сауыққа құ­мар кісі емес-ті. Дүние-мүліктен бас тартып, баяғының диуанала­рындай ел кезіп кетерліктей та­қуалығы да жоқ. Қалай бас қа­тырсақ та оның бұл өмірінің сы­рын ұға алмадық. Алғашында Қасымды сері, рыцарьларға те­ңеп әзілдейтінбіз. Бірақ уақыт өте келе оның бұл жүрісінде бір кілтипан бар екенін сезе баста­дық.

Өзіне салсаң, Қасым бір жер­де ұзақ уақыт тұруды түрме аза­бынан кем көрмейді. Көшуге себеп табылса, бар керек-жара­ғы мен киім-кешегін екі үлкен сөмкеге сала салып, жүре береді. Студент кезімізде жатақханадан орын таппай, әркімнің пәтерін жағалап осылай жүгіруші едік. Шамасы бұл Қасымның сол кез­ден қалған әдеті сияқты. Алайда мұның мәні одан да әріде екенін білмеппін.

Қасым бізге өзінің ата-анасы жайлы айта бермейтін. Олар жайлы бар білетініміз — анасы мен әкесінің қазір бірге тұрмай­тыны. Ерлі-зайыптылар дәм- тұздары жараспай ажырасып кеткен. Соған қарамастан Қа­сымды қатты жақсы көретіндері көрініп тұрады. Тіпті кейде бір- бірінен қызғанып та қалатын сияқты. Бұл отбасының мән-жа­йын мен кездейсоқ естідім.

Бізге сырттай жайдары, қа­бағына кірбің ұяламайтын адам­ның балалық шағы сонша қиын болғанын ойлаудың өзі қиын. Әріптесімнің айтуынша, оның ата-анасының асығыс қадам жа­сағаны отбасылық өмірдің ал­ғашқы айларында-ақ белгілі бола бастаған.

Жуырда жұмысқа келген әріптесім Қасымды жақсы бі­летін болып шықты. Әңгімелесе келе сөз ауаны соған қарай ауып, әріптесім оның қиын тағдыры туралы баяндай жөнелді.

Алайда көптен ұялды ма әлде жарасып кетеміз деген үміт бол­ды ма, Балқаш пен Жангүл ажы­расуға бармаған. Сөйтіп жүрген­де дүниеге Қасым келген. Ша­ңырақта тағы бір жан пайда бол­ған екі жас енді ажырасу туралы ойларынан айнып, ата-ана жауапкершілігін арқалапты. Сөйтіп, дүние есігін жаңа ашқан сәби бір-бірінен алыстап бара жатқан адамдарды қайта қосып, шаңырақ қайта қуанышқа ке­нелген. Осылай жыл артынан жыл өтіп, Қасым да мектепке баратын жасқа жетіпті. Осы уа­қыт бойы Балқаш пен Жангүл ұлдары үшін бақытты отбасы бо­лып көрінуге тырысқанымен, өз араларындағы кикілжіңдер әлі де шешілмеген еді. Мұндай жа­сандылыққа адам қашанғы шы­дасын? Қасымның онға қараған шағында анасы мен әкесі ортаға алып, енді бөлек кететіндерін айтқан. Ересектердің кейде бі­реуді сүйіп, кейін одан көңілі суып қалуы мүмкін екенін он жасар бала қайдан ұқсын?

Балқаш пен Жангүл де отба­сыны сақтап қалудың енді еш жолы жоқ екенін білгеннен кейін ажырасу ұзаққа созылған жоқ. Олар ұзақ жылдар бірге тұрғанымен отбасылық өмірдің арты осыған соқтырарын сез­гендей, бәрін салмақты қабыл­дады. Бірлесіп жиған-терген ша­ғын ғана дүние-мүлік ың-шың­сыз бөлінді. Үй, көлік, басқа да дүниелер кімге өтетіні шешіл­генде талас туған жоқ. Алайда мәселе балаға келгенде, екеуі де ешкімді тыңдағысы келмей та­бандап тұрып алды. Онымен қоймай бұл іске екі жақтың үл­кендері араласып, аяғы жанжал­ға айналып кете жаздады. Екі жақ қанша дауласқанымен, сот­қа жүгінуге ар-ұяттары жібер­меді. Ажырасқаннан кейін де Балқаш пен Жангүл алысқа қо­ныс аудармай осы қалада бөлек тұра беретін болғандықтан Қа­сым өскенше ешкіммен қалмай­тын болды. Бала бірталай уақыт әкесімен, кейін тағы сонша уа­қыт анасымен тұратын болды. Бұл Қасымның оқуына да ке­дергі келтірмейтін сияқты көрінді. Ұлдарын соншалық жақсы көріп, қасынан ұзатқысы келмеген екі жан бұдан басқасы­на көнбеді. Ақыры үлкендер осыны ұйғарды.

Қасым өзін ата-анасының қатты жақсы көретінін білетін. Бала жасына қарамай ол да ес­тиярлық танытып, үлкендерді ренжітпеуге тырысатын. Тіпті анасы мен әкесінің ажырасып кеткеніне кейде өзін кінәлі сезі­нетін. Алайда ортадағы дү­ниенің бәрін бөліске салған Бал­қаш пен Жангүл ұлдарының ішінде не болып жатқанын ұғар­лықтай хәлде емес еді.

Осы сәттен бастап Қасым­ның өмір салты түбегейлі өзгер­ген. Ол таңертең әкесінің үйінен шығып, сабағы аяқталған соң анасының үйіне барады. Онда да көп болмай 3-4 күннен кейін қайта әкесінің қасына оралады. Тіпті демалыс уақытында да Қа­сым бір үйде бір жұмадан артық болып көрген емес. Сондықтан оның өзінікі дейтіндей жатын орны да, бөлмесі де жоқ еді. Қа­сым тіпті біреу сұрай қалса өзінің қайда тұратынын айта ал­май қалатын. Қаршадай бала үнемі мектепке ауыр сөмкемен аттанады. Өйткені әкесінің үйі­нен шығарда анасының үйінде керек болып қалуы мүмкін зат­тарын ала шығады. Анасында болғаннан кейін алдағы күндері қажет асай-мүсейін тағы жинас­тыра бастайтын. Мұндай өмір салты оның ата-анасы үшін еш ыңғайсыздық тудырмады. Алай­да бұның бәрі он жасар Қасымға қиын еді. Көп өтпей ол да бұған үйреніп кеткендей болды. Оқу бітіргенше екі үйдің арасында сөмкесін көтеріп шапқылаумен болды. Есейіп, ересек өмірге қа­дам басқан шағында да осы жүрісінен жаңылған жоқ. Үнемі көшіп-қонумен болды.

Сондықтан қазіргі күйі үшін Қасымды кінәлауға болмас еді. Өйткені ол отбасылық өмірдің мейірімін толық сезінген жоқ. Оның тұрақты баспанасы да, жеке бөлмесі де болмады. Ол мектепке бір үйден келсе, шық­қан соң басқа үйге баратын. Бала Қасым тіпті өзінің қайда тұраты­нын да айта алмайтын еді. Өйт­кені ол бұл сұрақтың жауабын білмейтін. Оның бар білгені әкесі мен анасы тұратын үйлер ғана. Оның балалық шағы өзін жақсы көретін ата-ананың қа­сында емес, солардың үйлерінің арасындағы жолда өтіп кетіпті. Ес білгелі көргені осы болған соң Қасым жігіт болған шағында да еш жерге тұрақтай алмапты.

Біз Балқаш пен Жангүл ұлда­рын жақсы көрген соң қастары­нан ұзата алмады дерміз. Алайда шын мәнінде олар Қасымды да шын жақсы көрмеген екен. Өйт­пегенде кішкентай баланы күн сайын сенделтіп қоймас еді. Ба­ланың қажеттілігін, ішкі қорқы­нышы мен ренішін түсініп, өз­дері үшін қаншалықты қиын болса да оның ертеңі үшін тиісті қадамға баратын еді. Түптеп келгенде олар баладан гөрі өз­дерін қаттырақ жақсы көрді. Ба­ласы, өмір сүруге қорыққандық­тан, оның ертеңі үшін жауап­кершілік алуға батылдары жет­пегендіктен екеуіне де оңтайлы әдіс тапқандай болды. Алайда кішкентай Қасымның жан жа­расын ешқайсысы да ұққан жоқ. Оларға салса, ұлды ортадан екіге бөліп алуға бар еді.

Арада жылдар өткеннен кейін осы жай туралы Қасыммен сөйлесудің кезі келді. Бұл оның есейіп, ертеңін ойлап, ақыл тоқ­татқан шағы еді. Қасым бұл жүрісінің жөн емесін түсініп, көп өтпей отбасын құрды. Бүгін­де сүйгенімен бірге кішкентай перзенттерін аялап, бағып-қа­ғып отыр.

«Бала кезімде менің сөмкем­де үнемі тіс щеткасы жүретін. Өйткені сол түні қай үйде қона­тынымды білмейтінмін. Осы бір белгісіздік пен тұрақсыздық менің ашуымды келтіреді. Алай­да қолымнан ештеңе келмейтін. Анам да, әкем де маған барын беруге тырысты. Бірақ маған олардың мені түсінгендері ғана керек еді», – дейді Қасым.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp