«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕБІНІҢ МЕРЕЙІ

Дарынды, талапты жастар – өркениетті елдер көшіне ілескен егемен еліміздің жарқын болашағы. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Бізге керегі – шын дарындар. Нарық қолаяғымызды қалай қыспасын, мемлекет өзінің талантты ұлдары мен қыздарын, тарланбоз жүйріктерін қолдауға, қорғауға міндетті”, – деген батыл да шынайы сөздерінен аңғаруға болады.

Әрбір білім беретін ұжым өзінің іргелі істерін, жемісті жұмысын білім айдынынан түлеп ұшқан түлектердің жетістігімен өлшейді. Адамзатты таным бесігіндей әлдилеген мектептің киелі табалдырығын аттап, өн бойына ақыл-парасаттың ұшқынын лаулатқан жас ізденімпаздардың ертеңіне сәтті сапар тілеп, әрбір жетістігіне риясыз қуанып тұратын да – сол алтын ұя.  

Айыртау ауданындағы Бірлестік орта мектебі де талай таланттыларды қанаттандырып, олардың өмір соқпағында, жаһандық қауымдастықта көш ілгері, білім-білігімен бәсекеге қабілетті болуын көздеп келеді. Ұжымның бұл әрекеттері жеміссіз емес. Оны тағылымды тарихы бар білім ошағында мақтаныштарымыз: Гүлзада Әленова мен Мейрамбек Оразғалиевтің ұстаздар қауымымен, жоғары сынып оқушыларымен кездесуінен анық аңғардық. Екеуі де – мектебіміздің 2009 жылғы түлектері. “Болашақ” бағдарламасының 2014 жылғы стипендиаты Гүлзада – бүгінде Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің магистранты. Ал Мейрамбек Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы Әскери институтының 3-курс курсанты.

Шара барысында сөз алған мектеп директоры Әнуарбек Махметов өзі басқарып отырған ұжымның алдын көріп, биік белестерді бағындырып отырған қос түлектің жетістіктері ұжым еңбегінің бір көрінісі екендігін айтып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Бірі – Жер шарының өзге құрлығында, екіншісі елінің патриоты болуда елеулі жетістіктерге жету көкірек кернейтін мақтаныш екендігін тілге тиек етті.

Кездесу барысында Гүлзада әлемнің ең үздік жүз жоғары оқу орнының қатарындағы университет өмірімен таныстырып, Америкадағы аты аңызға айналған ғимараттарды аралауда алған әсерімен бөлісті. “Болашақ” бағдарламасына құжат тапсыру мәселесін де егжей-тегжейлі айтты. Мейрамбек те өз кезегінде әскери қатаң тәртіп адамды шыдамдылыққа, өжеттілікке үйрететінін жеткізіп, әскери саланың қыр-сырын, оқу үдерісіндегі ерекшеліктер жөнінде біршама мағлұмат берді.

Баршын СЕЙІТОВА,

Бірлестік орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp