Оқушылардың білімге қолжетімділігін толықтай қамтамасыз ету мақсатында осымен сегізінші мәрте өткізіліп отырған республикалық “Мектепке жол” акциясы басталды. “Болашақты біз бірге жасаймыз!” ұранымен өткізілетін акция қыркүйектің 30-ына дейін жалғасады.
Аталмыш шараның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жаңа оқу жылында түрлі әлеуметтік себептерге байланысты мектепке бара алмауының алдын алу, жаппай білім берумен қамтылмаған балаларды анықтап, қолдау көрсету.
Шараға білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы ұйымдарының өкілдері, ата-аналар, құқық қорғау органдары, тағы басқа да мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар атсалысады.
Науқан барысында баспасөз мәслихаттары өткізіліп, ақпараттық сайттар құрылады, билбордтар ілінеді. Жалпы білім беретін мектептер мен ірі сауда орталықтарында қайырымдылық көмек қосындары ашылады. Оларда жиналған мектеп құрал-жабдықтары мен киімдер, аяқкиімдер қоғамымыздың әлжуаз тобына жататын балаларға таратылады.
Акция кезінде мектепке дайындық барысында қиындық көріп отырған көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары басты назарда болады. “Үлкеннің мыңын қуантқанша, баланың бірін қуант” дегендей, осы санаттағы балалар қоғам мен айналасындағы жандардың жүрек жылуын сезінуі тиіс.
Біздің облыста ондай балаларға өз еріктерімен көмек қолын созатын ірі компаниялар мен тастары өрге домалаған ауқатты бизнесмендер аз емес. Алайда, қоғамымызда аз қамтылған отбасылар саны демеушілерден әлдеқайда көп. Сондықтан облысымыздың мемлекеттік, жекеменшік және қоғамдық ұйымдарының басшыларын, бұл науқанға қатысқысы келетін кез келген тұрғынын көмек қажет балаларға қайырымдылық жасауға шақырамыз.
Ұйымдастыру комитеті.