«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕКТЕПКЕ – ОҚУЛЫҚПЕН!” АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі барлық өңірлерде тамыздың 1-і мен 31-і аралығында “Мектепке – оқулықпен!” акциясын жариялады. Жаңа оқу жылында мектепке баратын оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етуді көздеген акция үш кезеңге бөлінген. Олар: “Кітап қорын тексер!” (1-7 тамыз аралығында), “Мектеп оқулығы” (10-18 тамыз) және “Сыйлыққа – оқулық!” (18 тамыздан 1 қыркүйекке дейін) деп аталады.

“Акцияның бірінші кезеңінің аты айтып тұрғандай, ол бойынша өңіріміздің барлық білім беру бөлімдері кітап қорын тексеріп, қарамағындағы әр мектептің оқулықпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізуде. Аталмыш тексеру барысында оқулық жетпей жатқан жағдай анықталса, мектептер арасында оқу әдебиеттерімен алмасу, яғни бірінде бар оқулықты екіншісіне беруге мүмкіндік жасалады”, – дейді облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Әсем Ахметова.  

Тамыздың 18-інен басталатын “Сыйлыққа – оқулық!” кезеңінің тәрбиелік мәні зор. Ол мектеп түлектерінің өздерінің өткен жылы қолданған кітаптарын ұқыптап ұстап, өзінен кейінгі оқулық қажет іні-қарындастарына сыйлауы арқылы шәкірттер арасында қайырымдылық сияқты ізгі қасиетті қалыптастыруды мақсат етеді. Бұл кезеңде мектеп кітапханашылары өзінің жас көмекшілерімен бірге оқулықтардың сақталуын тексереді, қажет болса қалыпқа келтіреді.

Сондай-ақ, аталмыш кезеңге мектепке жанашыр меценаттар, демеушілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім ошақтарының алдыңғы жылдардағы түлектері қатыса алады. Олар білім ордаларындағы кітапханаларға тарих, мәдениет туралы кітаптар, пәндер бойынша энциклопедия, анықтамалықтар, мектеп бағдарламасына сәйкес қазақ, орыс тілдеріндегі көркем әдебиеттер сыйлауына болады. Әсем Ахметованың айтуынша, 3-кезеңнің ең белсенді қатысушылары “Кітапхана достарының интернет-кітабына” енгізіліп, мектеп пен білім беру бөлімдерінің сайттарына орналастырылады.

Сонымен қатар, әрбір бірінші сынып оқушысына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан “Менің Отаным – Қазақстан” атты кітабы сыйға тартылмақ. Білім күні Елбасының атынан табысталатын бұл кітапқа мектеп табалдырығын тұңғыш аттағалы отырған 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандық ие болады.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp