«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПКЕ — ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК

Елімізде осыдан үш жыл бұрын қамқоршылық кеңестері құрылып, олардың құрамына кәсіпкерлер мен меценаттар да кірген болатын. Олар мектептерде білім беру сапасы мен оқушыларға жасалған жағдайларды бақылайды, жөндеу жұмыстарына, мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен оқулықтар сатып алуға қол ұшын береді. Осыған дейін бұл мәселелер ата-аналардың көмегімен шешіліп, нәтижесінде түрлі келеңсіздіктер туындайтын еді. Оқушылар сарайында облыс мектептеріндегі қамқоршылық кеңестерінің кеңейтілген отырысы өтіп, бірқатар мәселелер талқыланды.

Ата-аналардан заңсыз ақша жинауға тосқауыл қою мақсатында “Мектепке қайырымдылық көмек” смартбанкинг қосымшасы іске қосылды. Шара барысында “Қазақстан халық банкі” АҚ-ның өңірлік филиалы мен облыстық білім басқармасының арасында меморандумға қол қойылды. Енді жеке тұлғалар мектептерге интернет-банкинг арқылы қайырымдылық көмегін көрсете алады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова бұрындары ата-аналар комитеті ақша жинаумен ғана айналысса, енді қамқоршылық кеңестері мектептің оқу-тәрбие жұмыстарына атсалысып отырғанын айтты.
Білім ордаларында көмекші болып жүрген кеңес өкілдері жиында өз жұмыстары жайлы ақпарат берді. Әл-Фараби мектеп-лицейіне демеушілік көмектің арқасында жаңа терезе орнатылыпты. Сондай-ақ, “Қыз Жібек” үйірмесінде ақжаулықты әжелер мен аналар қыздардың тәрбиесіне араласып, оларға салт-дәстүрлерімізді үйретуді қолға алған.
– 2017 жылы құрылған қамқоршылық кеңестің құрамында бүгіндері 15 адам бар. Оның дені – кәсіпкерлер. Біз оқушылармен және олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнаттық. Жәрмеңкелерді жиі ұйымдастырамыз. Жаз мезгілінде балаларды Түркістан облысына экскурсияға апарып, олар еліміздің тарихымен танысты. Біздің басты мақсатымыз – балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, – дейді әл-Фараби мектеп-лицейі қамқоршылық кеңесінің төрағасы Талант Молдабаев.
№4 орта мектептің директоры Ғафура Бөстекова қамқоршылық кеңес жұмысының тиімділігі жайлы айтты.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp