Өңірдің білім мекемелері лаңкестік әрекеттерге қаншалықты дайын? Жасыратыны жоқ, мектептердің көбінде қоңырау соғатын және кіріп-шыққан адамдардың аты-жөнін жазып алатын зейнеттегі апайлардан басқа күзетшіні байқамайсың. Ол кісілердің бар міндеті үзілісте асыр салып ойнайтын бастауыштың балаларына “Жүгірмеңдер!” деп айғайлаумен ғана шектелетін сыңайлы. Мамырдың 11-і күні Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы гимназияда болған қайғылы оқиға кезінде де есік күзеткен әйел еш қауқар көрсете алмаған. Суық қару асынған жасөспірім 2 мұғалім мен 7 оқушыны жер жастандырып, 23 адамды жарақаттаған. Жантүршігерлік оқиғаға байланысты көрші елге көңіл айтқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті орындарға мектептерде сақтық шараларын барынша күшейтуді тапсырған болатын.
Қазақстан жұртшылығы 2016 жылы ақтөбеліктердің тыныштығын бұзып, бірнеше тұрғынды мерт еткен террорлық актіні де ұмыта қойған жоқ. Бұл – ешкім күтпеген жағдай еді. “Жау жоқ деме – жар астында” демекші, түрлі саяси-әлеуметтік себептерге байланысты қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық әрекеттер кез келген уақытта қауға тиген от сияқты тұтанып сала беретінін естен шығармаған абзал. Лаңкестердің өз дегендеріне жету үшін небір озбыр әрекеттерге баратынын төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп жатқан оқиғалар анық аңғартады. Осы саланы індете зерттеп жүрген мамандар террорды (латын тілінен аударғанда қорқыныш, үрей деген мағынаны білдіреді) көп объектілі қылмыстың түріне жатқызғанымен, жастар жағы жарылыс жасау, өрт қою, атыс қаруларын қолдану сияқты ауыр зардаптар тудыратын, адам денсаулығына зор қауіп төндіретін, мүліктік орасан зардап әкелетін салдарларын жете сезіне бермейді. Сондықтан террорлық актіні жасау қаупі төнген кезде оған қарсы іс-қимылдар мен қорғанысты жедел түрде үйлестірудің қарапайым шарттарын әркімнің білгені жөн. “Сақтықта қорлық жоқ” деп бекер айтылмаған. Бірқатар қала мектептерін аралап, мұғалімдермен, оқушылармен, тұрғындармен сөйлесу барысында бұл жөнінде түсініктерінің аздығын, теориялық даярлықтарының төмендігін былай қойғанда, жеме-жемге келгенде нақты шешім қабылдауға қауқарсыз екеніне көз жеткіздік. Мектептердегі күзетшілерден (дені зейнеткер әйелдер) терроризмнен қорғанудың әзірлік үлгілерін көрсетуді өтінгенімізде көздерімен жер шұқыды. Бетін аулақ қылсын, “бес қаруын асынған” зұлым ниетті адам келсе, ғимаратқа еш кедергісіз еніп кетері сөзсіз. Өйткені қарт күзетші оған ешқандай қарсылық көрсете алмасы анық.
Кей білім ұйымдарында террористік актілердің алдын алу, сақтандыру жөніндегі ата-аналар мен оқушыларға арналған, терроризмнің түрлері, оның зардаптары жайлы жазылған жаднамаларды да кездестіре алмадық. “Экстремизм, терроризм тақырыбын балалардың санасына ыңғайлап түсіндірген дұрыс. Мәселен, “жиhадты” жоғары сынып оқушысы қабылдауы, ал төменгі сыныптағылар түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан сынып сағаттары, лекциялар жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылуы керек”, – деген жалпы талапқа алып-қосарымыз жоқ.
Облыс аумағында жұмыс істейтін 567 мектеп пен балабақшада 92 мыңнан астам оқушы бар. Оларға білім және тәрбие берумен 11796 мұғалім және 2919 тәрбиеші шұғылданады. Осынша адамның тағдыры қаскөйлерден қаншалықты дәрежеде қорғалған, қауіпсіздік талаптары қалай ұйымдастырылған? Бұл сауалымызға облыстық терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Жарасбаев былай деп жауап берді:
– Біз өз жұмысымызда “Террористік тұрғыдан осал обьектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы” Үкіметтің 2015 жылғы 3 сәуірдегі және 2021 жылғы 6 мамырдағы шешімдерін басшылыққа аламыз. Қазіргі уақытта мектептердегі бейнебақылау камераларының жалпы саны – 9107, балабақшаларға 4620-сы орнатылған. Дабыл жүйелерін орнату ісін күзет агенттіктері “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңнама негізінде жасалған шарттарға сәйкес жүргізеді. Бақылау-өткізу пункттері барлық білім беру объектілерінде орнатылған. Олар мамандандырылған күзет ұйымдары қызметкерлерінің көмегімен іске асырылды. Қазіргі уақытта терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарының өзгеруіне орай білім беру ұйымдарындағы ұжымды, оқушыларды және келушілерді хабардар ету құралдарымен, сондай-ақ тексеру, дабыл беру жабдықтарымен (дабыл түймелері) және қолжетімді басқару-бақылау жүйесімен қосымша жарақтандыру жалғасуда.
Облыстағы білім беру нысандарындағы қауіпсіздік талаптары қайта қарауды, әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Дабыл түймелерінің бар-жоғы 35 мектеп пен 15 балабақшада ғана қойылғаны, небәрі 33 мектеп пен 11 балабақшаның күзет агенттіктері арқылы қорғалатыны еш сын көтермейді. Кіруді бақылау және басқару жүйесі 22 мектеп пен 1 балабақшада ғана бар. Сондай-ақ терроризмге қарсы іс-шаралар барлық сыныптарда оқу жоспарына сәйкес өткізіледі делінгенімен, нұсқаулық міндеттемелер көбіне қағаз жүзінде қалып қояды. Ақпараттық-насихаттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, өзге де жұмыстарды кешенді түрде жүргізу жайында да олқылықтар жоқ емес.
– Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазан қаласында болған жағдайға байланысты арнайы кеңес өткізіп, қайғылы оқиғалардан сабақ алып, қорытынды шығару қажеттігін атап көрсетті. Осыған орай облыстық білім басқармасы тарапынан оқушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданады. Бұл мақсатқа бюджеттен 65 млн. теңге қарастырылып, қосымша дабыл түймелері, “дауысты” күзет хабарламалары орнатылады. Бейнебақылау камералары орталықтандырылған полиция пунктіне қосылады, – деді хабарласқанымызда өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақасов.
Биылғы оқу жылы да аяқталды. Коронавирустық пандемияға байланысты алғашқы екі тоқсан онлайн өтсе, соңғы бөлігінде оқушылар мектептерге барды. Үш ай демалыс та зымырап өте шығады. Сондықтан осы уақытта білім ордаларындағы қауіпсіздік мәселесін біржақты етіп алған дұрыс. Қарулы күзет қойылса да артық болмас еді. Мектеп басшылары тек білім басқармаларының қолдауына ғана сүйеніп отырмай, оқушылардың еш алаңсыз оқуы үшін ішкі мүмкіндіктерді де талмай іздестіргендері жөн. Каникул кезінде ұйымдастырылатын жазғы мектептердің оқу бағдарламасында тәрбие мәселесі де қамтылып, мектеп психологтары мен учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтуге көңіл аударылса, құба құп болар еді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.