«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПТЕГІ АС МӘЗІРІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Денсаулық сақтау мамандары соңғы жылдары мектеп жасындағы балалар арасында ас қорыту жүйесі ауруларының көбейгеніне назар аудартуда. Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан жастайынан созылмалы дертке шалдыққандар саны үш есеге артса, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни, әрбір бесінші жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып жүр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деннің саулығы адамның физикалық, әлеуметтік, рухани жағдайының үйлесімділігіне де байланысты екендігін айтады. Ендеше, дұрыс тамақтану да денсаулықтың кепілі болмақ. Әсіресе, ерте жастан дұрыс тамақтану аса маңызды. Балаларының дұрыс тамақтануын жіті назарда ұстайтын ата-ананың өзі оларды ұдайы бақылап отыра алмасы анық. Сондықтан мектепте де пайдалы тамақ ішсе екен дейді.

Жуырда еліміздің мектептерінің ас мәзірінен құрамында бояғыштар мен консерванттар, дәмдегіштер бар шұжық өнімдері алынып тасталды.

Сөйтіп, балалар сүйсіне жейтін шұжықтар паштет, гамбургер, кремді кондитерлік бұйымдар, шоколад, кәмпиттер, газдалған сусындар сияқты елуден астам санитарлық нормаларға сәйкес білім ошақтарында сатылуға рұқсат етілмейтін азық-түліктердің қатарын толықтырды. Бұл елімізде мектеп жасындағы балалардың дене бітімі мен ақыл-өрісінің дамуы, ауруларға қарсы тұруы үшін негізгі қоректік заттарды күнделікті тұтынуына жағдай жасау мәселелерінің жиі көтерілуінің арқасында қол жеткізілген нәтижелердің бірі. Бұдан басқа Қазақ тағамтану академиясының ұсынысымен барлық тамақтар суға немесе буға пісірілуі керек. Ал қуырылған тағамдар тамақтану стандартынан алынып тасталды. Биылдан бастап ел мектептерінің бірыңғай тағам рационына сүзбе, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен бал қосу ұсынылып отыр. Тағы бір өзгеріс – жуырда ата-аналарға балаларының қандай азық-түлікпен тамақтанатынын білу үшін асханаларға кіріп тұруына рұқсат берілетін болды.

Петропавл қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында 35 мектеп асханасы бар. Олар жылына екі рет санитарлық-эпидемиологиялық тексерістен өткізіледі.

– Соңғы екі жылда барлық мектептерде ерекше тәртіптегі тексерістер жүргізіліп, нәтижесінде асхана қызметкерлерінің медициналық байқау қағаздары, өндірістік бағдарламаның болмауы, ілеспе құжаты жоқ тағамдарды пайдаланғаны және санитарлық ережелерді бұзғаны үшін жауапты тұлғалар атына әкімшілік құқық бұзушылық туралы жиырма шақты хаттама толтырылып, нұсқамалар берілді, – дейді басқарманың бөлім басшысы Марина Дәулетбаева.

Мұндай жоспарлы тексерістерден бөлек, оқушылардың тамақтану орындары күн сайын мектепішілік бақылаудан өтеді. Мектеп асханаларында оқушыларға ыстық тамақты ұйымдастыру ережелеріне сәйкес білім беру мекемесінің медициналық қызметкері мен бракераждық комиссия асхананың әр күнгі тамағын тексеріп, сапасын қадағалап отыруға міндетті. Алайда, мұндай шаралардың өзі де ата-аналардың мектеп тағамының сапалы екеніне көз жеткізуі үшін жеткіліксіз болып отыр. Мектептерде тамақтануды ұйымдастырушылардың жұмысына жиі шағымданушы ата-аналар аспаздар-дың көпшілігі жалпыға ортақ талаптарды орындауға құлықсыз екенін, оқушылардың мектеп тамағын сүйсіне жемейтінін, ыстық тамақ ақшасын төлесе де, балалардың үйлеріне қарны ашып қайтатын жайттардың орын алатынын айтады.

Оқушылардың тамақтану стандарттарын жетілдіруді бақылау және жастар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру жұмысын үйлестіру міндеттерін мойнына алған “Нұр Отан” партиясы өткен жылы “Мектеп асханалары” жобасын қолға алған. Жуырда осы жоба аясында партияның облыстық филиалы жергілікті қоғамдық ұйымдар мен білім басқармасы өкілдерімен бірлесіп, өңіріміздің жалпы білім беру мекемелеріндегі оқушылардың тамақтану жағдайын бақылауға кірісті.

Мониторингтік топ ат басын тіреген алғашқы білім ордасы – облыс орталығындағы бірінші гимназия тамақтану стандарттарына енгізілген талаптарды жауапкершілікпен қабылдағаны байқалады. Гимназия шәкірттеріне тамақтандыру саласында тәжірибесі мол “Волкова” жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсетеді. Шағын ғана асхана бір үзілісте 60 шақты баланы қабылдай алады. Ата-аналар балаларының мектептегі ыстық тамағына 200 теңгедей ақша төлейді. Қалған тағамдарды балалар өз қалауларынша сатып алады екен. Гимназия директоры Людмила Чебакованың айтуынша, осы күнге дейін ата-аналардан тағам сапасына қатысты шағым түспеген.

Партия өкілдері асхананың құжаттамалары мен ас мәзірінің рәсімделуіне, тамақтану орнындағы ыңғайлылық жағдайына көңіл бөлді. Түскі астан дәм татып көрген облыстық мәслихаттың депутаты Владимир Притчин тауық еті қосылған палаудың да, шайдың да балалар көңілінен шықпауы мүмкін еместігін айтты.

Аспаз Светлана Волкова балаларға шұжықтың берілмейтінін айтса да, бұл тағам қабырғада ілулі тұрған ас мәзірінен алынбапты. Су ішетін бір рет пайдаланатын стақандардың жоқтығы да бақылаушылар назарын аудартты.

Тексерушілер “Дарын” мектеп-лицейінің асханасына бірден бірнеше ескерту жасады. Мұндағы буфет сөресіне мектепте сатуға тыйым салынған вафлилар қойылған. Ал таза ауызсу мүлдем жоқ. Мониторингтік топ ас мәзіріне директор қол қоймағанын, бракераждық бақылау журналдары мен шағымдар кітабының ұқыпсыз жүргізілгенін де ескертті.

– Біз балалардың тамақтануын ұйымдастырушы кәсіпкерлерді жазалауды емес, оқушылардың денсаулығын сақтауға септесетін пайдалы тағамдарды ұсынып, белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуін қадағалап, ұсыныстар мен кеңес беруді көздейміз, – дейді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов.

“Нұротандықтар” мониторинг жұмысын бір жыл бойы жүргізіп, өңіріміздегі 500-ге жуық мектептегі оқушылардың тамақтануындағы негізгі мәселелермен танысуды көздеп отыр.

– Мектептерде балалардың ауқаттануын қадағалайтын арнайы диетолог маманның болуы көп жағдайды шешер еді. Бізде тамақтану мәдениеті кемшіндеу. Аурулардың дені де осы себептен пайда болады. Буфеттердегі ұннан жасалған тағамдарды азайтып, орнына пайдасы анағұрлым көп жеміс-жидектер қосылса дейміз, – дейді партия мүшесі Ғафура Бөстекова.

Оқушылардың тамақтану мәселесі сайып келгенде мектеп асханаларын жалға алып, жұмыс істеуші кәсіпкерлердің жағдайы мен кәсібилігіне байланысты екенін мойындауымыз керек. Бірақ кәсіпкерлер үшін мектеп асханасын қысқа мерзімге жалға алып, жұмыс істеудің де қиындығы шаш етектен. Өйткені, бір жыл бойы жанын салып жұмыс істеген аспаз “келесі жылы тендерден өте алам ба?” деген мазалы оймен жүреді.

Бүгінгі таңда мектептердің тамақтану қызметін мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы тиімді ұйымдастыру, асхананы жалға алу мерзімін үш жылдан он жылға дейін ұзарту мәселелері қаралуда. Бұлай болған жағдайда кәсіпкерлер асхананы жаңғыртуға ден қояр еді. Өйткені, білім басқармасы мектеп асханаларын негізгі құралдармен жабдықтаса да, кей жағдайда жетіспей жатады. Көбі күрделі жөндеуді талап етеді. Жыл ішінде тапқан табыспен мұндай қажеттіліктердің орнын толтыру мүмкін емес.

Соңғы кездері елімізде балалардың тамақтану орындарын жаңғырту мақсатында бірыңғай стандарт бойынша тағам әзірлейтін комбинаттар ашу туралы ұсыныстар айтылуда. Көрші Ресей елінің кей өңірлерінде қолданысқа еніп үлгерген бұл әдісті біздің кәсіпкерлер қолдамайтын көрінеді.

– Даярланған ас пен сатып әкелінген астың айырмашылығы жер мен көктей. Оның үстіне дұрыс тамақтану мәселесіне көңіл бөлініп жатқанда, комбинатқа көшу жөнсіздеу болар. Мектеп асханаларын тәжірибе алаңына айналдырғанша, бастауыш сыныптардың тегін тамақтану мәселесін неге қайтадан көтермеске? Өкінішке қарай, арамызда аз қамтылған отбасылар бар. Ол былай тұрсын, балаларын тегін тамақтандыруға қажетті құжаттарды жинап беруге де қауқарсыз жандар кездеседі, – дейді петропавлдық жеке кәсіпкер Ольга Клишина.

Бүгіндері облысымыз бойынша тегін тамақтанып жүрген балалар саны 11 мыңнан асады. Облыстық білім басқармасының кәмелеттік жасқа толмаған, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Айгүл Оспанованың айтуынша, бұл оқушылардың 9 мыңға жуығы жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен ауқаттанса, қалған екі мыңнан астам баланы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер, сондай-ақ, мектеп асханалары тегін тамақтандырады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp