
Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп былтыр “Жас өркен” шағынауданында есігін айқара ашқан үшқабатты жаңа білім ошағына көшкен болатын. Қазір мұнда оқып жатқан бір мыңға жуық шәкіртке 73 ұстаз сабақ береді. Олардың 25-і – педагог-зерттеуші, 11-і – педагог-сарапшы, 8-і педагог-модератор, 14-і жоғары санат иеленген.
– Бұған дейін 200 орынға шақталған нысанда 600-ден астам оқушы 3 ауысымда білім алып, түрлі қолайсыз жағдайлар туындап жататын. Енді мәселе түбегейлі шешіліп, оқушылардың сапалы білім алуына, жаhан жаңалықтарымен танысуына, озық технологияларды меңгеруіне барлық мүмкіндіктер жасалған, – дейді мектеп директоры Сайран Мұстафина.
Мектептің 25 жылдық мерейтойына орай мұражайдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқанымызда оған анық көз жеткіздік. Кең де зәулім мектеп ішінде 23 мың кітап қоры бар кітапхана, шеберхана, әмбебап акт залы, тігін шеберханасы, заманауи зертхана кабинеттері, ойын бөлмелері, асхана орналасқан. Пәндік кабинеттер LED экрандармен, интерактивті тақталармен, лингафондық жабдықтармен, білім алуға қажетті басқа да құралдармен толық қамтамасыз етілген. Футбол, волейбол, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді.
Биыл мектеп қабырғасынан 76 түлек қанат қағады. Ұстаздардың айтуларына қарағанда, олардың ұлттық бірыңғай тестілеуден алған ұпайлары жаман емес. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерген мұражай әсем безендірілуімен қатар аса қымбат жәдігерлердің қойылуымен де көңіл сүйсінтеді. Дауылпаз бабаларымыз – Қожаберген жырауға, Сегіз серіге, ардагер ұстаздарға, дарынды шәкірттерге, тіл жанашырларына арналған стендтер ерекше көз тартады.
Шара барысында мектептің алғашқы басшысы Әдия Ысқақова, “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, жазушы Жарасбай Сүлейменов, осы білім ордасының бой көтеруіне белсене атсалысқан еңбек ардагерлері Шәміл Молдашев, Қошан Қалиев, Балдырған Ілиясов, тағы басқалары жүрек-жарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті. Өткеннен сыр шертіп, қызғылықты естеліктерімен бөлісті.
Сайран Бикенқызы егемендіктің елең-алаң шағында, аумалы-төкпелі қиын кезеңдерде Петропавл қаласында тұңғыш қазақ мектебінің ашылуына зор үлес қосып, өскелең ұрпақтың ұлттық тәлім-тәрбие алуына атсалысқан бір топ тіл жанашырларына Алғыс хат тапсырып, тарту-таралғы жасады.
Қожаберген жыраудың “Елім-ай” дастаны негізінде оқушылар сахналаған тарихи көріністі жиналғандар үлкен ықыласпен тамашалады. Ән-жыр шашулары да көңілден шықты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.