«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПТЕГІ ӘДЕБИ-ЖЫР КЕШІ

Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық, ұжымдық тәрбие жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады.

“Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады”, – деп жерлес академик-жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, ел мен тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңызға ие болып отыр.

Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Мемлекеттік тіл еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, сондықтан оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру – бүгінгі тәрбие беруші мекемелердің, соның ішінде кітапхана ұжымдарының алдында тұрған елеулі міндеттердің бірі. Мемлекеттік тіл арқылы жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, ұлттық діл мен болмыс туралы ақпарат беру мақсатында қалалық №2 кітапхана ұжымы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушыларымен “Тілім – менің әлемім, жан дүнием” атты әдеби-жыр кешін өткізді.

Кеште Қазақстан Республикасының “Тіл туралы” Заңынан үзінділер мен ұлы ақын-жазушылардың тіл туралы нақыл сөздері оқылды. Оқушылар “ана тілі” сөзінің шығу төркініне талдау жасап, оны сыйламайтын, білгісі келмейтіндер туралы ойларын ортаға салды. Ертеде техникалық құралдар, кітап болмаған замандағы қазақтан шыққан шешендердің өткір ойлары халық ауыз әдебиеті арқылы бізге жетіп, бала тілінің дамуына әсер еткені мысал етілді. Бесік жырын тыңдай отырып, ана тілінің әуезділігі, сұлулығы сәби жүрегіне терең бойлаған. Сондықтан кеш барысында халық ауыз әдебиетіне үлкен назар аударылды.

Қазақ халқы ежелден-ақ тіл қадірін біліп, аталы сөзге бағынған. Шешендерден қалған қара сөздің өзінде өлеңге бергісіз үйлескен ырғақ болады. Сөз бен сөз өзара ұйқасып жатады. Қазақта қарақылды қақ жарған Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің сөз үлгілеріне зер салынды. М.Жұмабаев, С.Торайғыров, С.Мәуленов, М.Мақатаев, Ә.Тәжібаев, М.Шаханов, М.Әлімбаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов сияқты белгілі тұлғалардың ана тілі туралы жазған жырлары оқылды.

Тілдің маңызы мен мүмкіндіктерін жан-жақты ашып, жұрттың оған деген сенімін нығайтуда, тілді насихаттауда, үйретуде, зерттеп, жүзеге асырудың озық әдістемесін жасауда кітапханалардың алар орны ерекше. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тілге құрмет – халыққа құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес.

Ләззат ЕРҒОЖИНА,

қалалық №2 кітапхананың меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp